ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ӘНҰРАНЫ ТУРАЛЫ СӨЗ
Марат Азбанбаев
2005-2006 жж. Күлтөбенің басында күнде жиын. Теледидарда қазақ әдебиетінде кім не берді, кім қалмақ деген салмақты сауалдың төңірегінде пікір-сайыс өтуде. Бірі аталса, бірі еске алынбады. Шындығында, қазақ әдебиеті тарихында барлық көркем дүние сақталуы орынды. Бардың аты бар, оны ешкім жоққа шығара алмас. Алайда сол бардың ішінде үлгі, өнеге тұтарлығы қайсы, қалам шеберлігі мен өмір шындығы бір қабысып, ұрпақтан ұрпаққа ауысып, халық жадында, жан-жүрегінде орын алар шығарманы анықтап, атауға негіз болатын қасиет не деген өзінен-өзі сұранып тұрған, көңілде сайрап жатқан сауалға берілетін жауап белгілі еді.
Ол, әрине, Рух.
Тәуелсіздік таңы атқалы әдеби-саяси талас-тартыс ортасына қазақ халқы бойындағы осы қасиет бар көркем шығарманың бірі Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» өлеңі деген ой қосқан болатын. Ұлт пікірі оң болып, бақ жанып, бәйгені шаппай бер дегендерді жерге қарата, қазақ рухын асқақтата бұл дүние Қазақ елінің мемлекеттік гимніне айналды.
Неліктен?
Оның тарихи, этно-саяси, құқықтық, философиялық бірнеше себеп-негіздері баршылық. Мемлекеттік рәміз ретінде Гимн, әрине, ғылыми тұрғыдан әлі де зерттеле жатар, ал біз әзірше өзіміздің ойтолғаумызды ұсынып көрелік.
Адамзат тарихында гимн баяғыдан белгілі, қазақ ұлтының арғы ата-бабалары да елдік белгісін анықтар ән-ұрандарын дүниеге келтірсе, қазіргі Қазақ елі өзіндік тарихи даму сатысына сай әлемдік бәсекеге төтеп берерлік ұлт үшін осы гимнді лайықты санады. Өмір сүру жанталасында, мүдделер тайталасында мықтылық, мықты қазақ керек. Сұрапыл заманда сұраныс мықты қазаққа түсіп тұр. Жай қазақ емес, мықты қазақ: бірлікті, білімді, білікті, намысшыл, аршыл, табанды, талапты, талантты, әлді, мәнді, сәнді, әділ, бай, тілі, діні, дені сау, бірін-бірі дос көретін ұлтжанды қазақ.
Арман да осы, мұра да осы.
Мықтылық жөнінде бабаларымыз не деп еді, соған құлақ салып көрелікші.
«Қозы Көрпеш һәм Баян сұлудың» Жанақ ақынның айтуынан Шоқан жазып алған нұсқада:
«Тазша бала болар ма мұндай мықты,
Алпыс құлды бір өзі басып жықты.
... Боран болып түгел мал ықты дейді,
Өз ісіне Қозыекем мықты дейді».
Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны:
«Ай, тақсыр-ау, ай, тақсыр,
Боз орданы тіктім деп,
Боз ағашты жықтым деп,
«Ханым, ханым» дегенге,
Көтере берме бұтыңды,
Көптіре берме ұртыңды.
Күндердің күні болғанда,
Өзіңнен мықты жолықса,
Ту сыртыңнан жармай алар өтіңді».
Міне, ар-намысын қашырмаған, әлеуметтік әділдік үшін бас кесерін жасырмаған Махамбет сөзі.
«Әуелгі қазақ деген жұрт» атты жырында Дулат Бабатайұлы қазаққа қарата айтқаны:
«Күнбатысқа көз салмай,
Күншығысты еске алмай,
Бізді алатын жау жоқ деп,
Бізден мықты дәу жоқ деп,
Алды-артыңды байқамай,
Маған не бар дескенсің».
Дәп қазір, біздің заманда ел басшысының арқасында жан-жақты барлайтын, алыс-жақын демей-ақ, татулықты таңдайтын, алды-артын байқайтын мықты саясат сахнаға шықты.
Шал ақынның айтқаны:
«Жігіттер, жау алмайды ақылдассаң,
Білгішке көп білетін жақындасаң.
Қарап жүрген кісіге адам тимес,
Сабыр қып өз бойыңды мықты ұстасаң».
Елге де, ерге де қатысы бар бірінен-бірі өткен ақыл-кеңестер, айтып кеткен қазақ деген кемеңгер.
Сүйінбайдың «Ту алып, жауға шықсаң сен» атты толғауынан:
«Ей, Сұраншы, Саурық!
Қоқанның қолы мықты деп,
Жатырмысың жабығып?!»
Міне, зар заманда, тар заманда жырау-ақындар ұлттық мақсат-мүдде үшін мықты сөзін қалай-қалай, халықтың намысын қайрай-қайрай қолданған мысалы. Мықтылардың мықтысы болу міндетін қойған ұрпақ алдына дана бабалар. Бір қолында қалам, бір қолында қару, мықты қазақ – Елін қорғап қалған қаһарман қазақтар қалдырған аманат.
Ал ғалым, ойшыл, ақын Абай атамыздың шығармашылығында осы сөз қай ретте қолданылған екен, соны да бір барлап байқайық:
«Ескендір» поэмасында:
«Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсең,
Мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең!.»
«Жиырма төртінші» сөзі: «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды”.
«Жұмбақ»: «Алла мықты жаратқан сегіз батыр».
Абай айтуынша мықтылық Алла берген қасиет, сый. Адамның мықтылығы өз нәпсіңе ие болу, оны жеңе білу. Адам нәпсі алдында қауқарсыз болғандықтан пендешілікке ұрынады.
«Абай жолының» авторы Мұхтар Әуезовтің мықты сөзін күрделі, тұлғалы кейіпкерлеріне қатысты қолданғаны:
«Бірақ Құнанбайдың мықты жері Тобықты іші болса, әлсіз жері де осы Тобықтының ішінде».
«Бөжей – қалың Жігітектің адамы. Бұрын орталарынан Кеңгірбайдай теріс азу, мықты биі шыққан ел...». «Шоқтай жиын-мықты топ...»
Жеке тұлға, шағын топ, тұтас ауыл, мың ру, қалың елге ең басты керегі мықтылық.
Коммунизм-ұжмағын орнатпақ Кеңес үкіметі кезінде өмір сүрген Қасым Аманжолов Мұхтар Әуезовке арналған өлеңінде:
«Мұхтар аға!
Мықты аға едіңіз,
Мықтылықты көзбен көрдік енді біз,
Рахмет сізге, ақындардың ағасы,
Бәйгемізден қасқайып бір келдіңіз!»
Өмір мен өнер бәйгесінде жеңіс әкелген дана халықтың перзентіне, асыл ойлы ағасына қалың қазақ баласының ризашылығын білдірген от жүректі Қасым ақын келешегі керемет болашақ ұрпаққа:
«Туған жерде тік бассаң аяғыңды,
Сен мықтысың, еркіндеп ойна да күл», - деген.
Қасым ақынды Космос ақыны деп атаған Жұмекен Нәжімеденов 1956 жылы Қазақстан алғашқы миллиард астықты бергенде:
«Дән егіп терлеген қазағым мықты ғой, - деп тұңғыш рет мықты сөзін қазағына арнайды. Мықты қазақ. Жұмекеннің өз ұлтына, халқына берген бағасы. Өз халқыңа, ұлтыңа көңілің толып, осы халықтың, ұлттың ұлы екендігіңді сезіну неткен бақыт десеңізші. Қазаққа Құдайым мықтылықты көңіліне құя салып, таза мықты махаббатпен жаратқан. Осы мықтылық сонау байырғы көне заманнан келе жатқан үрдіс, біздің ұлтқа атам заманнан дарыған қасиет. Мықты сөзінің түп-төркіні – біздің ойымызша «мық» сөзі. Қазақ даласында бағзы заманда мық деген халық болған. Сарыарқа төсінде Мық таулары Ұлы таумен қатар көк тіреп тұр. Мық халқынан мықты қазақ өсіп-өніп отыр. Қазақ үшін жусан қасиетті шөп, алыс жолда жүргенге Отан деген ұғыммен пара-пар. Сол жусанның бір түрі мық жусан. «Абай жолы» роман-эпопеясынан: “Шөп атаулыдан да, қой оты – мық жусан мен ұсақ, тырбықай бетеге болмаса, өңге бойшаң, тамыры босаң шөптерді жұлып, ұшырып әкететін әдеті бар. Тегінде Шыңғыстың асыл шөбі – мық жусан. Бұл қойдың ырысы.»
Келтірген мысалдардың негізінде біз еліміздің Әнұранында айтылатын мықты сөзінің түп-төркіні тым әріде жатқанын және де оның тарихи сөз екенін айтпақпыз. Тіл барша ғалымдардың анасы. Тіл өнері дүниенің небір құпия сырын ашатын кілт. Тіл – тарих. Тіл – дәлел, айғақ, дерек. Тіл – таным, тағылым. Қазақ ұлты тарихи ұлт екендігін тілімізде сақталған осы сөздің өзі-ақ дәлелдейді. Ерте-ерте ертеден, ерлерден небір егілген, жалындаған жыраудан ақылы асқан ақын-ғалымдарға жетіп құйылған мықты қазақ сөз тіркесі сонымен ежелгі Мық халқының атауынан бастау алады. Мық жусан. Мық тау. Мықты қазақ. Шығыстың соғысы қатты қара желіне жұлынбайтын Мық жусандай, туған жердің төрінде мызғымас, нық жаратылған Мық таулардай табанды мықты қазақ әлемдік бәсекеге төтеп беруі тиіс. Ол үшін намыс керек. Және оны қолдан беруге болмайды. Бұл да тарихи ұғым, қазақтың қанында бар қасиет. Абай өзінің «Отыз тоғызыншы» сөзінде бұрынғы қазақтың ата-бабаларының екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ біз де ел қатарына кірер едік дейді. Сол екі мінездің бірі – намысқойлық.
Мінекейіңіз, елу алдыңғы қатарлы елдердің санатына кіру үшін Абай айтқан, Гимнде бекітілген намыс қажет. Қазақ ұлтына ежелден тән қасиет – Ұлттық намыс. Өзіңді де, еліңді де көтеретін, көркейтетін қасиет.
Ендеше, қанына тартып тартыстан тайынбаған Ар-намыс ұландары, қайдасың? Баласынан бұрын бауырын құтқарған қарындас-апа, бармысың? Алла бізді алқасын, ата-баба аруағы және қолдасын.
Атқа мін! Аттан қазақ!
Осы намыс пен ұлтшылдық деген не, ол гимн жанрында қалай көрініс беретінін Гегель өзінің «Ғылымдар жүйесі. Рух феноменологиясы» атты философиялық-ғылыми еңбегінде өте сәтті, әдемі тұжырымдаған тұсын философ Г.Шпеттің тамаша аудармасынан көреміз, қазақша нұсқасын біздің аудармада ұсынамыз:
«Өз жеке даралығымен рахаттану ғанибетін іздейтін әр тұлға оны отбасында табады. Ал, енді осы сүйсіну басылатын қажеттілік – оның өзін туған халқының азаматы ретіндегі сана-сезімі. Немесе, бұл дегеніңіз жүрек заңын барлық жүректердің заңы деп білу, өздік болмысын мойындалған жалпыға ортақ тәртіп ретінде білу, бұл - құрбан еткенінің жемісінен ләззәттанған ізгілік, ол мақсатын жүзеге асырады, атап айтқанда, мәнді қас шындыққа көтереді, және осы жалпыға бірдей өмір оның рахаты болып табылады.
Гимн өзіндік сана-сезімді ішкі болмысында сақтайды, және де сол уақытта көңіл кеткен жеке даралық жалпылық ретінде де бар болуда, баршада жалындаған сүйсінушілік дегеніңіз ол – Рух тасқыны, ол көптүрлі өзіндік сана-сезімде өзін баршаның тең әрекеті ретінде санайды және қарапайым тіршілік ретінде де, Рух осы баршаның жалпы өзіндік сана-сезімі ретінде дәл сондай тағы да басқалар үшін тіршілік ретінде де және жеке тұлғалардың өзі үшін тіршілігі ретінде де бір тұтас бірлігінде өзінің таза ішкі мәніне ие».
Міне, осы Гегельдің гимннің шынайы ішкі мәнін құрайтын жеке тұлғалық, азаматтық, ұлттық, халықтың сана-сезім бірлігі, олардың өздерін бір тұтас санау, тану, одан туындаған сүйіспеншілік сезімі Рух тасқыны деген анықтамасы біздің ұлттық гимнде толық табылып: «Біздің ел бақытты, біздің ел осындай» деген шаттық, рахаттану, ризашылық, масаттану, мадақтау сезімінде тербетеді. Жаңағы кезінде Гегель айтқан философиялық-ғылыми ойды Жұмекен жиырма жастан асқан сәтінде көркем бейне арқылы қысқа әрі нұсқа күйде бере білген.
Талант!
Сөз жоқ, керемет! Таңданбасқа шара жоқ.
Жұмекен жазған жолдарда Гегельдегі ойлардың бәрі қалай түзу тізіліп, нұрдай құйылып тұр: «Қазақстан менің елім, себебі мен оның азаматымын. Елім үшін құрбан болудан бас тартпаймын. Гүл болып егілу, жыр болып төгілу дегеніңіз бойыңдағы барыңды ел мақсат-мүддесіне жұмсау. Аяулы еліңе аянбай еңбек ету. Құқық пен міндет бірлігі. Мен осы елде, бұл жерде өмір сүруге құқылымын, себебі менің бұл туған жерім, осы елдің азаматымын. Сондықтан да мен өз еліме қызмет етуге міндеттімін. Құдайға құлшылық, халқыма қызмет. Жауапкершіліктің бастауы мына ел алдындағы азаматтық міндетіңді сезіну, соған мойынсұну. Ел азаматының тұлғасы құқық пен міндет бірлігінен тұрады. Отбасы, ошақ қасындағы тапқан жан-ләззәттің ел бақытында баянды болмақ. Жеке тұлғалық адамдық қасиетіңді қазақ елінің азаматымын деген сана-сезіміңнен табасың. Ел бақыты ер бақыты, ар-намыс ер қанаты. Егіл де төгіл, сонда ел де, жер де сенікі. Талант пен талабыңды еліңе тарту етсең ғана туған жерім деуге хақың бар. Тек қана осы жан-тәніңмен берілу, еліңді сезіну, сүю, сүйсіну өміріңе мән-мағына әкелмек. Онсыз өмір өмір емес, құр күйкі тіршілік. Бар махаббат, бар әділдік ел алдындағы, ар алдындағы жауапкершілікте жатыр. Өзіңді өз еліңнің азаматы санау, оған қызмет ету әділдік, әрі бақыт. Әр қазақ қайда жүрсе де қазақ ұлтына, қазақ еліне қызмет етуі тиіс. Мен қазақпын деген жан иесі қазақ намысын жыртуға міндетті. Қазағыма сөз келтірмей өтсем өмірден деген өрлікті ерлікке балау қажет. Өлсең осылай елім деп өл. Өліміңнің өзі өлеңге айналады. «Сен қазақсың, мықты қазақсың, Сенің Қазақстаның бақытты ел, сен бақытты жансың», - деп бесіктен белі шықпай елдік сезімді баулуды үйрену. Біз ежелден еркін елміз, құл болған емеспіз. Еліңе, жеріңе ғашық болу арқылы нағыз махаббат сезіміне бөлену бақытқа ие болу деген сөз.
Махаббат еркіндікте өмір сүргенді қаласа, ғажап поэзия да еркіндікте туады. Еркін елде азат азамат қана азаматтық қоғам құрмақ. Қазақстандық патриотизмде тәрбиеленген азамат пен азаматтық қоғам Қазақстан мемлекетін қорғауға, көркейтуге жанын салады. Елін, жерін сүю, соның мақсат-мүддесіне қызмет ету, ел бақыты үшін өз жауапкершілігін сезіну, мойындау, міндетін бұлжытпай орындау – Қазақстан патриотизмінің негізі. Қазіргі өмір философиясы осы болмақ. Қазақтың ұлттық мінезі өзінің өміршеңдігін тағы да бір дәлелдеу кезеңі туды.
Өзінің біз атаған ғылыми-философиялық еңбегін Шиллердің өлең жолдарымен аяқтаған Гегельді философиядағы ақын десек, Жұмекенді поэзиядағы философ деу орынды. Бұл құр жай, көпірме, дерексіз, дәйексіз сөз емес, өзіңіз жаңағы Гегельдің сөзімен еліміздің гимн сөздерін салыстырып, көңіл, ой көзімен оқып көріңізші. Әсіресе, қайырмасын. Таңғажайып ой мен сезім үндестігі, ақыл, Рух бірлігі. Керемет көркем келісім. Ортақ бір ой. Құқық пен міндет тұтастығы. Махаббат пен жауапкершілік.
Гегельдің бұл философиялық еңбегі (орыс тілінде ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары аударылса да, аударма алғашқы рет 1959 жылы ғана басылып шыққан, ал «Менің Қазақстаным» өлеңі 1956 жылы жазылған,) жай оқудың өзіне ең күрделі әрі қиын шығарма саналатын болса, біздің Жұмекеннің сөздері қандай қарапайым, ұғынықты және де соншалықты ішкі мәні терең ойға бай, көңілде сүйіспеншілік сезімін ұялатар, ұландарды ерлікке, ұрпақтарды бірлікке шақыратын, бір тұтас ерлік идеясы тұнып тұрған, көңіл құтысына құйылған, ел намысын шыңдаған, жаныған, жаныңды жаулаған, сенімге, сезімге, азаматтыққа, жауапкершілікке, Отан үшін, ел үшін, ұлт үшін саналы түрде құрбандыққа баруға баулыған, өзімшіл болмай ұлтшыл, намысшыл болуды, жеке тұлғаның ел бақытын өз бақыты деп сезінуіне, қапысыз қабылдауына жол ашар, жеңістерге бастар идеялық, философиялық, құқықтық, қазақтық ұғымдарға толы. Тек қана тарата, талдай, тани, таңданып, тағылым ала біл. Ой, сезім, ақыл, ғылым, тіл – бәрі бар.
Адамзаттың тарихи көшінде біз халық ретінде сақталып қалуымызға себеп болған осы Құдай берген ұлттық мінез. Ақынжанды, ақкөңіл, ақжарқын, адал, аққу мінез. Сабырлы, саналы, салмақты, салиқалы мінез. Мәрт, маңғаз, мәнді, мықты мінез. Білімді, білікті, бірлікті мінез. Абай бағалаған, дәуір таңдаған тәуір мінез. Қазақтың ұлттық дәстүрлі мінезі.
Гегель де ежелгі дүниенің дана адамдарының өз халқыңның мінезіне сәйкес өмір сүру ақылдылық пен ізгілік деп тануын құптап, қолдаған (Мудрость и добродетель состоят в том, чтобы жить согласно нравам своего народа.). Халық мінезі. Ұлттық мінез. Ел мінезінде еш мін жоқ. Яғни, иманды мінез. Иманды халық. Имандылық мінезге сай болу. Өз халқыңның, өз ұлтыңның деңгейіне көтерілуге шақырады еліміздің гимн авторлары Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Жұмекен Сабырединұлы Нәжімеденов.
Тіл құдіреті деген осы. Жұмекен ақынның жас кезінде жазған өлеңінің тура елу жылдан кейін халықтық ән-ұраннан Ұлттың басшысы Н.Ә. Назарбаевтың қолдауымен мемлекеттік, елдік гимнге айналуының сыры осында.
(«Ана тілі», 2006 жылғы 14 желтоқсан)