К.Ахметованың "Бұлақтағы жұлдыздары" туралы

Күләш Ахметова – лирик ақын. Лирика, лирик дегенде біраз жұрт махаббатты, табиғатты, не бір әдемілікті тамылжыта жырлайтын жыршы, жыр деп түсінетін тәрізді. Бұл қате түсінік. Лириканың барлық тақырыпта жазылатыны, немесе барлық тақырыпты лирик ақын жырлай алатыны хақ. Мәселе – көңілдің күйінде. Басқаша айтқанда, лириканың – лирика болуы үшін жыр объектісі қыз ба, жапырақ па, әлде реактивті самолет пе – бәрібір, тек ақынның көңіл күйі айқын сезілуі керек. Көңіл күйді авторлық позициямен шатыстыруға болмайды. Көңіл күй, (настроения мағынасындағы) лириканың түп қазығы, біздіңше, осы. Күләш өлеңдерінің дені дерлік осы көңіл күйін білдіреді.

Қол бұлғайды мың үміт, мың сан арман,
Құралатын сияқты жыл солардан.
Жұлдыз біткен қонғанда жылтыр қарға,
Жылдың исі шығады шыршалардан.

Расында жаңа жауған қар астында тұрған шыршадан жылдың исі шықса – шығатын болар. Өзіміз сезіп көрмегенімізбен, әлгі шумақтың шындығына күмән айта алмаймыз. Өйткені мұнда деталь, образ, теңеу жоқ. Есесіне ақынның көңіл күйі бар. Көңіл күй – нені сезгісі, нені көргісі келсе – соны табады. Жоқты – көреді, барды – ұстайды.

Ой, қиялға осылай берілемін,
Әсем екен, қарасам, төңірегім.

Бұл да әлгі өлеңде. «Бұлақтағы жұлдыздар» атты жинақтың беташар өлеңдері қыс, қыстың сұлулығы туралы. Бірақ сурет емес, көңіл күй. Көруден гөрі сезіну басым.

Тіршіліктің аязы бар, оты бар,
Түк түсінбей түрленеді тотылар.
Қирап жатқан жоқ па екен деп қорқам мен
Әр адамның ішінде бір Отырар (16-б.)

Қолжазбаның 19-бетінде «Лениншіл жастың» 10 000-санының шығуына арналған өлең бар. Өлең тым ұзақ көрінеді. Жоқ, жол саны онша емес. Өлеңді ұзақ қып көрсетіп тұрған жол-шумақтардың болбыр, бостығы; ойдың, сезімнің жұтаңдығы; ұйқасып қана тұрған қара сөздердің молдығы.

Ой мен ой, тап пен таптың күресінде
Өмірге келдің.
Елдің жүр есінде.
«Лениншіл жасым» менің,
Содан бері
Күрес пен жеңіс – сенің үлесіңде.
Әр бетің толы өмірге, толы сынға,
Жазасың жастық мұрат, борышын да.
Майданға тілшілерің түгел кетіп,
Мұңайдың сен де Ұлы Отан соғысында.

Осылай кете береді, кете береді. Жол, шумақ болбыр болғанымен әйтеуір бір жерінде әлдене татымды ой, не бір соны сыр бар шығар деп қаншама үміттенгеніңмен, ештеңе таба алмайсың. «Жүректен жүректерге жете бер осылай, «Лениншіл жасым» менің» деген секілді тым қарадүрсін ойлармен аяқталады. Бұл, әрине, ақын үшін арзандау түйін. Түйінге шейін де түк айтпаса – ондай өлеңдерді қабылдау да оңай емес тәрізді.

Өсуде бүгін өркендеп үлкен қалалар,
Далаға біздің береді ғажап сән олар.
Селолар-дағы көркейді,
Енді сол жайлы
Сөйлеңіздерші, бүгінгі батыр аналар.
«Батыр аналарға» (22-бет) деген өлең туралы да осыны айтуға болады. Өлеңдей нендей болмасын, әйтеуір, бір қасиет болуы керек қой. Не соны ой, не образ, не бір жүрекжарды шыншылдық, жанға тиер уыт, не бір характер (детальдар арқылы) айтпаған жерде көркем сөз (әсіресе өлең) – көркем сөз болудан қалады. Бұл – ескі шындық. Бірақ қазіргі көп өлеңдерді оқығанда, неге екені белгісіз, осы аксиоманы қайталағың келе береді. Қысқасы, бұ сын-ды дүниелерді алып тастаса болар еді.
Ер адамнан күтеміз ерлік қана,
Қулық деген жетеді өзімізде (21-бет).

Қыз-ақынның аузымен айтылғанда, бұл жолдар тіпті күшті естіледі. Мұнда ойнақылық, әзілге ұқсас бір нәрсе бар.

Бір ойына бір ойын киліктіріп (?)
Ағайын жүр ақылын иліктіріп (?)
Айтыс-тартыс тағдырмен шаруасы жоқ,
Көктем келді биіктен билік құрып. (43-бет)

Шумақтағы «киліктіріп» – «иліктіріп» ұйқастары өлеңді тым бұлдыратып жіберген. Әрі бұл сөздер жасанды, алыстан сүйреп әкелініп, зорлықпен телінген. Жөндеп жіберу мақұл.
Махаббаттың аты көп қой,
Азап екен бір аты,
Аямай-ақ азаптады ол, қатал екен, сірә, тым.
Қандай жақсы айтылған! Еркін, әрі күшті, әрі шыншыл. Әттең, содан арғы:
Менікі еді қара шашың, кең маңдайың, қолдарың,
Менікі еді көздерің де құшып-сүйіп тұратын (59-бет)
деген жолдар алдыңғыға тең келіңкіремей жатыр. Әрине, басқа бір екі жолдың жанына қойса (орнына) бұл да жанып кетуі хақ.

Мені сүйсең –
Құмартып тәтті ерінге
Басқа жанды сағынып қақ бөлінбе.
Мені сүйсең –
Сүй мынау тіршіліктің
Өлең болып қалатын дәптерімде
Қарапайым, елеусіз сәттерін де.
Мені сүйсең –
Сүй нәзік таң гүлдерін,
Желпи соққан самалдың әрбір лебін,
Шөптерді сүй –
Жасартар шалғын керім.
Күндестік пен бақастық қонбас маған,
Күн нұрына құмарту – бар білгенім! (62-бет)

К.Ахметованың махаббат тақырыбына арнап жазған өлеңдерінің (әрине, осы кітапқа енген) ең ажарлысы осылай басталған өлең тәрізді. Бұл өлеңде қоспа жоқ, барынша таза, төгіліп кеткен шумақтар.
Сен мені сүйген жоқсың, сүйген жоқсың,
Шын сүйсең қалай-дағы көндірер ең! (69-бет)

Бұ да тәуір өлеңдердің бірі. Тек соңғы: «Көндірер ең» деген тіркес – көкірекке күмән қалдырады. Мағынасы екіұштылау. Қалай көндіру, не көндіру?
Әсіресе қыз-ақындар мұндай мүкі тұстарға аса сақ (деликатность) қарауы ләзім.
«Сол үшін өмір сүреміз» атты поэманың алғашқы тарауы ананың балаға, баланың жарға деген махаббаты – диалог сияқты (монолог формасында) болып басталады екен.

Күннің де жүзі қызыл күндегіден,
Иттердің ұлуы көп үргенінен –
секілді әдемі, әсерлі жол баршылық. Бірақ көп тұстар құрғақ баяндау, немесе баяғыдан белгілі жайттарды солғын ғана қайталаумен шектеліп қалады.

Біз жеріне тиіспедік өзгенің,
Бұзған жоқпыз тағдырдың да безбенін (?)
Аламыз біз
болмай қалған тойлар мен
сол тойларда сөйленбеген сөз кегін!

Жап-жақсы, айтары бар жолдардың арасына, «бұзған жоқпыз тағдырдың да безбенін» сықылды мағынасыз жолдың кіріп кетуі – ақынды салақтыққа бастайды.

Ол кезде
Бүгінгідей жабайы адам,
Кезі жоқ қорыққан,
Бұққан,
Жан аяған –
дегенде де сөздер орнымен қаланбағанға ұқсайды. Әсіресе, «Ол кезде бүгінгідей жабайы адам» деген тіркес. Ақынның айтпағы: ол кезде адам бүгінгідей емес деген ұғым. Ал, жоғарыдағы үзіндіде басқашалау әсер етеді. Тіпті «бүгінгіден» болған күннің өзінде, шумақты қайта қарау керек.
Жалпы алғанда К.Ахметованың жинағы жап-жақсы жинақ. Мұндай жинақтарды басу-баспау туралы, әрине әңгіме жоқ. Мұндағы жаман өлеңнің өзі басуға жарайды. Әйткенмен, әлгіндей тұстарды, қайсыбір солғын өлеңдерді алып тастағаннан жинақ ұтылмайды.