"Бастау" атты жас ақындар топтамасы хақында
Сыртында жаңа есім, жаңа фамилиясы бар қолжазба папкасын алдыңа алғанда әрдайым елеңдеп қаласың. Бір жағынан үміттенесің, бір жағынан... әлденендей бір нашар туындыға тап болып, соның авторын, өзіңе әлгі бейтаныс, қалыс бір ағайыныңды өкпелетіп алам-ау деп қорқасың. Әйткенмен, бір жолға болса да, сол қолжазбаның тағдырын өзіңе сеніп тапсырғаннан кейін жалтақтау ұят, тәуекелге бел байлайсың. Міне, біздің қолымызда тағы бір топ жаңа есім, жаңа фамилия жазылған папкалар топтамасы түсті. Енді сол жастардың әрқайсысына, қысқаша болса да, жеке-жеке тоқталып көрелік:
Қонысбай Әбілев. Оспанхан, Қажытай, Көпендерден кейін әзіл, сықақ өлкесіне ешкім із сала қоймаған секілді еді, сала қалса – тақасыз етік тәрізді, пәлендей батпайтұғын. Қонысбай бүгінгі күннің платформасын киіп келген екен. Ә дегеннен-ақ, алдағы уақытта аз жазсын, көп жазсын, жақсы жазсын, жаман жазсын – бәрібір, осы жанрдың өз адамы екенін байқалып қалды.
«Бір асты бір ас сақтайды, пальтоны плащ сақтайды» деген, халық мәтелінің (алдыңғы жолы) негізінен құрылған екі жолдың өзі-ақ автордың талантты жас екенін дәлелдеп тұр.
Шағын жинаққа қырықтан астам шығарма енген. Әрине, соның бәрінің «төрт аяғы тең жорға» деуден аулақпыз. Мәселен, «Мәлімсіз мінез» атты сықақтың түпкі ойына түсіну қиын. Сол сықылды, «Дүмше», «Мұң», «Мықтылығы соншалық», «Қанағатшыл құрылысшы» деген дүниелерді жинақтан алып тастау мақұл. «Мамандықтың» «Әрине мұндай мамандық – тек қана жамандық»– деп бітуі шығарманы тым арзандатып, уытын жойып тұр.
Нұртас Исабаев. Өлеңді екпіндетіп, қыздырып жазуға тырысады екен. Нені айтса да образға орап, от кигізіп айтуға құмар.
Қарсы ал, дала, жаңбырлы ақша бұлттарды,
Тамшыладың, жапырақтың өлеңін...
Әсіресе: Ақбота боздап түсімде,
Жүр екен іздеп анасын
Ақ түтек боран ішінде (43-бет)
деген жолдары жас ақынның келешегінен үлкен үміт күттіреді.
Образбен, теңеу, метафорамен сөйлеу – ақындық қасиет. Бірақ осы қасиеттердің бәрі дәлдікті керек етеді. Маяковский: «Очки – велосипед» дейді. Бұл теңеу дәлдігімен әсерлі. Көзге бірден шалынады. Олай болмағанда теңеу үшін теңеудің түкке керегі жоқ.
Сигар тартып ертемен –
Заводтардың тұрбасы,
Қыз-аспанның еркелеп
Тартқылады сырғасын, – сықылды жолдардағы «заводтың тұрбасы аспанның сырғасын тартқылап тұр» деген ұғым – ешбір ұғымға симайды. Немесе:
Шығамын – сағаттың тіліндей
Уақыттан ілгері аттады – дегенді де түсіну қиын. Әрине, мұның бәрі жас көңілдің албырттығынан, нені болсын өзімше айтам, күшті айтам деген пиғылдан туған жайлар. Қандай пиғылдан туса да, кемшіліктің аты – кемшілік. Кемшілікті, адамның еті өліп, бойына сіңіріп алмай тұрғанда, жою абзал.
Есенғали Раушанов. Бұл – өз үнін, поэтикалық формасын тапқан, шын мәнінде дап-дайын тұрған өнер иесі екен. Жырлары нәзік, сыршыл, шыншыл. Тілі қандай!
Желін-қап тартқан інгендер
Ботасын іздеп боздайтын.
Түтіндік салған түндерде
Түйекеш бір сыр қозғайтын.
Қамшысын бүктеп қолға ұстап,
Маған бір қарап, оған бір,
Шылымын жиі сорғыштап,
Сөйлейтін сонда ағаң бұл.
Жағымсыз даусы барқырап,
Тұратын атып далбаңдай,
Жараспаушы еді нән тұмақ
Ботаға жазы салғандай.
Немесе:
Құла тай үзіп шылбырын
Құдағи сасып жүгірді.
Құнан боп қапты-ау «құрғырың»–
Құданың ауылы «бүлінді».
Бүлігін сосын өршітіп,
Үйірге қарай ұмтылды.
Керзі етікпенен жер шұқып,
Ер жетіп қалған ұл тұрды.
Осы өлең былай аяқталады:
Тұманды сайға ап барып
Тұсауын құнан жоғалтты.
Іздеген болдық – таппадық,
Таптадық жасыл қолатты.
Тұңғиық көзді тұнық қыз
Отыр ғой, міне, өмір-ау,
Тұсауды іздеп жүріп біз
Тұсалып қалған едік-ау.
Әдемі-ақ қой, әдемі-ақ. Кез келген өлеңді үзінді ғып алсақ болардай. Кез келген бетті, кез келген шумақты көшіре бергің келеді. Тұнып тұрған сезім, әсер. Міне, нағыз жас адамның жырлары! Мұндай ақындарға айырықша қарау – баспа қызметкерлерінің алдағы уақыттағы міндеті болуға тиіс.
Әбубәкір Қайранов. Асып-тасып сөйлеуге талаптанады. Тәуір шыққан жолдар, жеке шумақтар бар. Бірақ көп-көп өлеңдері әлі піспей жатқан сияқты. Өз бетімен тапқаннан гөрі еліктеу-солықтауы басым. Мұқағалиға еліктейді.
Таң келгенше аспанның көгін бояп (?)
Көз ілмей-ақ қояйын, көз ілмей-ақ.
Жазылатын бір жыр бар жүрегімде
Жабық жатқан жасырын көзірдей-ақ. (?)
Өзімді аяп қайтемін, сөзімді аяп,
Көз ілмей-ақ қояйын, көз ілмей-ақ.
Бір жақсы жыр жаз деп тұр жаутаң қағып
Жұмылмаған Абайдың көзіндей-ақ (?)
Өлеңнің ырғағында, оның құйылып, не төгіліп тұрғанында мәселе шамалы. Ырғақ мазмұнмен жымдасқанда ғана (мұны поэтикалық логика деп те атайды) жыр өз орнын табады. Әр сөз тіркестегі (жолдағы) өз орнына ие болады. Бұл – ескі, бірақ құнын жоймайтын қағида. Орнын таппаған сөз – арнасы жоқ су сықылды, бұта қуып қаңғып кетеді. Жас ақында осындай, төгілемін деп шашылып қалу көп. Содан келіп көп сөзділік туады. Бұл ақынға, әсіресе, жаңа бастаған ақынға деген оқушы сенімін әлсіретеді.
Ордаш Кендірбаев. Өлеңнің техникасын жақсы біледі. Елу бет өлеңнен әлсіз ұйқасқан екі жол табу қиын. Жап-жатық, жақсы оқылады, тіл сүрінбейді. Мазмұн-мағына да ешқандай дау туғызбайды, сондықтан жолдардың (сөздердің) астын сызып жату – артық жұмыс, өйткені, бәрі орнында, мінсіз. Барлық мін, біздіңше, мазмұн саяздығында; баяндаудың көп, бейнелеудің аздығында:
Өмірден өз жолымды таңдап алам,
Таңдап алам. Тағы алға – БАМ-ға барам.
Кезінде «ит жеккен» деп имендірген
Өңірден кен қотарып, мал да бағам.
Дұрыс-ақ қой. Тек осы шумақта көңілдің шын күйі, көкірек сөзі жоқ, әншейін тіл ұшынан айтыла салған, шын да емес, жалған да емес, соған да өзіндік «мен-сені» беймәлім, кәдуілгі сырты жылтыр ғана дүние. Міне, қазіргі ақын үшін ғана еме, ақынтану, өлеңтану ілімі үшін де қиын хал осы – жалаң техницизм...
Қысқасы, мұндай жырларды басса да, баспаса да болады.
Рахат Наурызбаева. Талабы жақсы. Шынымды, сырымды ақтарып, ағымнан жарылсам екен дейді. Талап – табады да: Рахаттың шынайы сезімнен туған мөп-мөлдір жол, шумақтары да жоқ емес. Кемшілігі: әсіре қызыл сөздерді өте жиі қолданады. Мәселен: сүйіктім, сәулем, жаным, жайсаңым т.б. «Мен сені жақсы көремін, өйткені, сен жақсысың» деген секілді арзан табынушылық – махаббат та, поэзия да болмайды. Ене-келін туралы өлеңдері де бір сарынды, оқушыға тың ештеңе айтпайды, ескі сүрлеумен сыпыртып өте шығады. Сырты жылтыр сүрлем-ұйқастармен сыр ашылмайды, «жеңілдің асты, ауырдың үсті» дегендей, тақырыпты сылап-сыйпап, «Сен де жақсы, мен де жақсы» сықылды пиғылмен шығарып салу – өнері бар адамға лайық емес. Жас ақынға осындай жайларды баса ескерткен жөн.
Қасымхан Бегманов. Өлеңдерінде өзіндік мінез бар. Ақын өзінше түр, форма, өрнек іздейді.
Парктің ортасы,
түн іші.
Орындық үстінде –
бір кісі.
Мұндай формалар мазмұнмен ұштасып жатады. Өлеңдер елпілдеп, екпінді оқылады. Кез келген тақырып жас ақын қаламының ұшында ойға, сезімге оранып шыға келеді.
Мазалауда, қинауда шабыт бүгін,
Алқымымның түймесін ағыт, гүлім.
Тұлпарды әкел, жазира кең даланың
Байқайыншы тағы бір жазықтығын,
сықылды, сырттай қарағанда, кез келген адам ұйқастыра алатындай болып көрінетін тәрізді шумақтың өзінен ақынның қан қызуы сезіліп тұр.
Тұлпарға мінгізсе біреуді бұл өмір,
Біреуді есектен жығады – деген жолдар да еліктеу-солықтаудан тумаған.
Талант – құнарлы топырақ қана. Топырақ өздігінен өнім бермейді, оған дән себу, оны күтіп, баптау керек. Сонда ғана ол ырыс-берекеге айналады. Қасымхан мына жинағымен топырағын танытты. Енді одан қандай өнім алу – өзіне, еңбек, талабына байланысты.
Өзара үндеспей, құйылыспай тұрған қайсыбір тіркестер, сөздер тұсына белгі қойылып отырды.
Шәмшия Жұбатова. Жырлары ұяң, әдепті, барынша мөлдір, өзі түйсінген, жанымен сезген жайларды ғана жазуға талпынады. Келешегінен үміт күтуге болатын жастардың бірі екен.
Мен сенен үйреніп ем асқақтықты,
Сен менен үйрен бірақ кішілікті,–
деген жолдарының шын екеніне қалтқысыз иландырады. Өнердің күшінің өзі осы, сендіру ғой.
Алпысбай Боранбаев. Сықақ жазады екен. Жап-жақсы шыққан дүниелері бар. Әсіресе, қисса үлгісімен жазылған «Ішіпсал батыр» атты сықағы бір шама тегіс шыққан.
Баяғы өткен заманда,
Дін, мұсылман аманда,
«Ақмағанбет» елінде,
«Қырлы стақан» жерінде
Ішіпсал дейтін ер бопты,– дегенде оқушы еріксіз езу тартады. Шығарманың сәтті болып тұрғаны – приемның, форманың дәлдігінде.
Айт, трактор-ау, айт трактор,
Қуатың сексен ат трактор.
Бұл да сондай. Бірақ «Трактордың беташары» сықағында, әлгіндей, тәп-тәуір басталғанымен, көп сөзділік басым. Көп сөзділік жүрген жерде шығарма ұтпайды (әсіресе сықақ). Жас сықақшының туындыларында, кейде, ұйқастың өзі шала-пұла құрылады. Сонсоң, жалпы сөзге, көркем сөзге деген талғам деңгейі көп тұста төмендеп кетеді. «Бір мұғалімнің мойындауы» (нені?) «Көбелек уәде» тәрізді өлеңдер әлгі пікірімізге айғақ бола алады. Осы шығармаларды жинақтан алып тастаса да ештеңе ойсырамас еді.
Әділғазы Қайырбеков.
Жүйрік жылдар зымырап жол тастаған,
Селт етердей сезінем селқос далам.
Бұл жолдардан ешқандай мағына табу мүмкін емес секілді. Селқос дала неменеге селт етеді? Жүйрік жылдардан ба? Әлде солар тастаған жолдан ба? Және жылдар қалай жол тастайды? Ол неғылған жол? Екінші бір өлеңдегі: «Алғы күнге арманың арна салып» дегенді қалай түсінуге болады?
«Жұлдыздардай жыпырлап жеңіс нүкте».
Немесе: «Әппақ жолдар қанатын жазады кең»
«Арман керек құшағын айқара ашқан».
«Сенсіз өткен апталар – алабұрқақ»
Мұндай, мағынасы алыс, не бұлдыр жолдарды, тіркестерді тізе берсек тіпті көп.
Ақымақтың алдында үндемедім,
Бақыттымын дегенді – күндемедім.
Ақылдымын дегенді – аяп тұрдым,
Бақытсызсың дегенде – күлген едім,
Білмеп едім мұндайда кім не дерін. (15-бет)
сықылды әп-әсем шумақтардың арасында жоғарыда келтірілгендей әлтек-тәлтек жолдар кіріп кетіп, мүлде бүлдіріп жібереді. Әсіресе поэтикалық шығарманы авторынан өзге ешкім де редакциялап жақсарта алмайтыны белгілі. Әйткенмен, мағынасыздығымен «мен мұндалап» тұрған жаңағыдай тұстарды авторға жөндеттіру, не сызып тастау редактордың тікелей міндеті еді. Біздіңше, редактор өз борышын өтеуі үшін әлі де уақыт бар...
Бектұрсын Тұрлыбеков. Өзіндік үні, қолтаңбасы бар ақын. Тұрмыстағы кіп-кішкентай құбылыстарға жіті қарау арқылы өзінше пікір, ой тудыруға бейім. Бұл – шын суреткерлерде ғана болатын қасиет.
Біз білмейтін өмірдің көп сұрағы (?)
Өтіріктен кейде шындық туады.
Суайтсың деп қуған сонда кей достар
Бұл күндері, шын сөйлесең, қуады.
Бірінші жол тым жалпылама әрі мағынасы жағынан бұлдырлау болғанымен, қалған үш жолда шындық бар – көңілге қонады. Ал:
Ай ажарын күн ұрлаған,
Адасып жүр түнді іздеп.
Айға бұлақ сыбырлаған
Неге жүрсің күндіз деп –
деген шумақты қанша оқысақ та ештеңе түсіне алмадық. Бұл үзіндінің неге түсініксіз болатынын түсіндіріп жатудың қажеті бола қоймас.
Біз он бір ақынның қолжазбасын қарап шықтық. Мүмкіндігінше, әр ақынға жеке-жеке тоқталып, екі сөз болса да, әр қайсысына арнап айтуды мақсұт тұттық. Әркімнің ең басты деген кемшіліктеріне назар аудардық. Әрине, бұ секілді кішкене рецензияда он бір ақынның барлық өлеңіне талдау жасау мүмкін еместігі өзінен өзі түсінікті. Жалпы алғанда, өлеңдер жаман емес, саяси-азаматтық жағынан ұстамды, бір сыдырғы жатық шыққан дүниелер. Қара қарындашпен сызылып, тұсына белгі қойылған жерлерді редакторлар қайыра бір сүзіп өтер. Оның бәрін (ұсақ-түйекті) тізе беруді артық санадық. Сонымен, «Бастауды» өндіріске беруге болады, бірақ қайсыбір ақындардың шығармаларын әлі де іріктей түсу қажет сияқты.