Әдебиет өз азығын өмірден, болмыстан алады, содан табады, бірақ ...
Әдебиет өз азығын өмірден, болмыстан алады, содан табады, бірақ, пісіп-түскен дайын күйінде емес, бұрыш-қыры, олқы-ортасы мол, ешқандай жүйе-жүлгеге түспеген шикізат күйінде алады. Қанша бай болғанымен, көркем туынды үшін дап-дайын сюжет-оқиға, не бір характерді өмірдің өзі де бере бермейді. Қандай материалды болмасын автор өз елегінен өткізіп қана қоймай, өз идеясы, өз мақсатына қарай бұрып, белгілі бір жүйеге, бағытқа салғанда барып әдебиетке айналады. (Бұл қағида – сыншы-әдебиетшілердің бәріне дерлік ұнайды, өйткені, атамзаманнан бар, әлдеқашан аксиомаға айналып кеткен қағида). Әйткенмен өңдеу-сырлаудың, бұру-бағыттаудың шегі бар екенін де әркім мойындайды. Ал, осы өңдеу-сырлау, бұру-бағыттау деген не? Бұған бір сөзбен жауап беру қиын, дегенмен, біздің ойымызша, әйтеуір өтірік айту емес. Өтірікті үлде мен бүлдеге қанша орап, алаөкпе сөздермен қанша қыздырып, қызылдандырғаныңмен, бәрібір, өтірік. Өзің өмір сүріп отырған ортадан, өзіңнің бүгініңнен өтіріктің көмегінсіз көркем шығарма тудырудың қиындығы – көпке мәлім. Күні бүгін тәуір аталып жүрген шығармалар, түгел дерлік, өткен өміріміз, тарихқа айналып үлгірген тақырыптарға жазылғаны мәлім. Біздің қай тақырыпқа болмасын, шығарма түзгенде сондай туындылардан басқа үлгі, өнеге тұтар ештеңеміз жоқ. Болса – ол өмірдің, болмыстың өзі ғана.
Жолымбол да, Идаят та кітаптан, кітаптың әсерінен туып, кітапқа кірген кейіпкерлер емес, сол болмыс-тұрмыстың тікелей өзінен шыққан жандар. Демек, бұлардың іс-қимыл, ой-түйсіктері де бүгінгі уақытқа, айнала-ортаға барынша жақын; автордың көздеген мақсаты да осы жақындық. Сөз саптауынан қарағанда, мұны рецензент те жоққа шығармайтын тәрізді. Сөйте тұра ол «характерлер сомдалмады» деген жайдақ кінәні кез келген сөйлеміне тықпалай береді. Сомдау – ірілеу, көрнекілендіру деген сөз ғой, әйтепесе, сыншы «Даңқ пен дақпыртқа» өткен ғасырлардағы рыцарьлық романдар өлшемін ұсынып отырмағанына сенем. Енді осы арада жалпы характер деген ұғым туралы бірер сөз: біз анық ес білген, (қырқыншы жылдардың аяғына таман) соғыстан кейінгі жылдар адамдары бір түрлі қызық еді. Біреу әпер-бақан ұр да жық, басқарма, бригадир, не сыздауықтай тырсылдаған өкіл-төре, т.б. аңғал, аңқау, арамза, өсекші, қу-жылпос. Тұрмыс қарабайыр, оқу-білім аз болған сайын адам рухын тану, мінездің ой-қырын ашу жеңілге түседі. Қазіргі, сырт қарағанда көз сүрінтер белгісі жоқ жып-жылтыр, сыпайы, мәдениетті замандастардың мінез-құлықтары бүтіндей іштеріне түсіп кеткен тәрізді. (Жарқыновтың сыртқа теуіп тұрған мінез-құлқы көрінбейді ғой). Кімнің не жан екенін бірден тап басып, тани қою өте қиын. Ол үшін ұзақ-ұзақ байқау, зерттеу қажет. Шығарма табиғатына бұ да әсер етпей қоймайды. Бір сөзбен, орта, тіршіліктің күрделілене түсуі оны бейнелеу өнеріне де жаңа мәнер, тәсіл, құрал іздетуі – заңды құбылыс. Мен қара сөзбен жазылған кітаптарымда (әсіресе «Даңқ пен дақпыртта») осы, өзімше, адам санасына әсер еткен дәуір, уақыт белгісін тек өз құралыммен көрсетуге тырыстым. Атап айтқанда, бұ кітапта ашық айқас жоқ, бірінен-бірі туындап, иір-қиыр дамып жатқан оқиға-сюжет жоқ. Есесіне, деталь бар. Деталь көп. Оқиға-сюжет ойлап таба алмағандықтан, не бұрынғы, классикалық романдардың моделін білмегендіктен емес, қайта солардан, мүмкіндігінше қашқандықтан, көп жүкті детальға арқалатуға ниеттеніп ем. Кейіпкерлердің ішкі дүниесін ашуда да, мен үшін, детальдің ролі үлкен. Ұзақ-ұзақ монолог-баяндаулардан гөрі (әдетте, көп оқушы оқиға мен монологты қуып оқиды) деталь тілі қысқа, ұтымды көрінеді. Өкінішке орай, маған біткен сыншы ондай «ұсақ-түйекке» көңіл аудармайтын боп шықты. Идаят пен Зібайра хақында рецензент: «Екеуінің қалай, неліктен (үйленген жұрт неліктен үйленеді?) үйленуі жайлы автор оқушыға толық мағлұмат бермегендіктен олардың ажырасу процесттері толғандырмайды» (6-бет) деген пікір айтады. Қалай үйленгенінің мәні шамалы, ал, ол екеудің қалай танысқаны кітапта көрсетілген. Идаят темекі алуға киоскіге келеді. «...асфальтқа сыңғырай түскен темір ақшаның үнін құлағы шалып, жерге аяғының астына үңілген: бес тиындық қара бақыр анадай жерде дөңгелеп барады екен» (24-бет). Бұл Зібайраның кошелегінен түскен тиын. Идаят «Орел түсті» деп соны алып береді, екеуі осылай танысады. Бес тиындық қара бақыр! Бұл жанғалы тұрған махаббаттың құны емес пе еді! Осыдан кейін ол екеуінің айрылысуына автордың да жаны ашыған жоқ. Жылап қалып жатқан бала болса – бір сәрі. Семья тұтастығын сақтауға тырыспаған Идаятқа нақ мына тұста кінә арту – әділеттік емес. Сонсоң «Зібайраның арман-мақсаты» деп бастап, рецензент авторға тағы бір ұрсып алады. Оның айқын арман-мақсаты болса, күйеуінен айырылса да, оқуынан айырылмайды ғой. Әйелдік мүддесі жоқ кісіден азаматтық мүдде күту – тағы да бос дәме. Идаяттың рухани дүниесіне тиген залалдың басы сол – Зібайра, ол әлі қоғамдық, әлеуметтік сипат-салмақ алып үлгірмеген тип, сондықтан оны «арғы жағаға (титтей бір ауылдың шеңберіне) итеріп салуды» автор жөн санады; Иә, Зібайра тағдырына жаны аши отыра, ондай адамды, қатары күн сайын көбейіп жатқан адал, түзік жастардың ортасында, бір халықтың тәлім-тәрбиесін жүргізіп отырған ортада – астанада ұстауды қолайсыз есептеді.
Енді Кемел мәселесі. Идаятты «жарға жықты» деу Кемел бейнесіне жабылған жала. Кемел, автордың ойынша, ең таза жігіт, әрі өткір, алғыр жан. Консерваторияға адасып түскенін өзі де мойындайды. Жалпы ол өз бойында бір нәрсеге татитын қабілет бар екеніне сенбейді. Бұған Идаяттың: «сенде жазушылық икем бар» деген сөзіне қайырған сайқымазақ жауаптары куә. Рас, ол өнерді қанша сүйгенімен, өнердің адамы емес. Ал, алдына кімді әкеліп қойсаң да «раз и, два и» деп оқыта беретін доцент-мұғалімге автор ептеген антипатия білдіріп алса – айыпты-ақ болсын! Шынында өнерге, өнер адамдарына тәрбие-тәлім беріп, рас мағынасындағы жақсы, жаңа музыка (мейлі, ән-ақ болсын) тудыруға қолайлы атмосфера жасайтын азаматтар сол доцент пен Жарқынов – олардың тірлігі кітапта суреттелгендегідей, осыдан келіп, өнердің рахатын кім, бейнетін кім көріп жүр? деген сұрақ өзінен-өзі тумай ма? Идаяттарға жасалған қамқорлық жүз сом ақшамен бітті ме? Романдағы жап-жас адамдарға тоғышарлық пиғыл (обывательское настроение) қайдан дарыған? Ақырында, кітаптың өнбойына созылатын пікірлер қайшылығы, түсініктер төбелесін, көзқарастар тартысын сезіне тұра жұрт ашық айтысқа шықпай, (Кемел мен Идаяттың талас-тартысын айтпағанда) құр бір-бірінен теріс айналумен тына беретіні несі? Жай бетжыртыспау, «сен тимесең мен тимеймін, бадырақ көздің» кері ме? Әлде тоқмейілділік пе? Неге бұлай? Бұ сын-ды, тағы басқа көп сұрақтарға автор өз шығармасында жауап бере алмаса, не бермесе – оқушының өзі ойланар, әйтеуір, көптеген сұрақтың қойылғаны рас ...
Идаят, саналы болсын, санасыз түрде болсын, өзін қоршаған орта, біраз құрбы-құрдастар арасынан біраз жайды сезінеді, өзінің әлсіздігін, үлкен өмірге – тартыс, күреске түсуге дайындығы жоқтығы тағы белгілі... Ол соңында ішкілікке салынады. Творчестволық шабытты шақтары, әләулай болса да, бірте-бірте сирей береді, сирей береді. Финалда үміт ұшқыны қайтадан жылтырайды: қатты опық жеп, қайтадан адам болуға бел буады. Бірақ, түзелуге (жас адам ғой) күші жеткен күннің өзінде, жұрттың аузына ілігетін әндерді енді қайтып жаза ала ма, әлде, біреуді ағалап, біреуді жағалап, күн көріс қуып кете ме – белгісіз. Трагедиялық бейне емес пе?!
Сыншы «Даңқ пен дақпырт» авторының «музыкадан хабары бар» кісі екенін жоққа шығармайды. Мен де сыншымның «әдебиеттен хабардар» жан екенін мойындаймын. Бірақ, кітап талдауда негізгі мәселелерді дұрыс түсінбеген. Сол, негізгі (рецензияның қалған тұстарындағы сындар сын көтермейді, өйткені, бұл кітаптың міндетінен тым алыс жатыр) есептелген тұстарға, аздап та болса тоқтап, «өз позициямды» білдіруге тырыстым. Менің кітабымды осы, авторлық – ойлаған мақсат, көздеген идея – тұрғысынан ұғынып, кеңес берер дос болса – рақметтен бөтен айтарым жоқ.
Журнал қызметкері маған өз шығармам төңірегінде бірер ауыз пікір айтуымды ұсынғанда, жасыратыны жоқ, ілкіде қатты тосырқап таң боп қалып ем, себебі, бұндай жай дағдыға сіңбеген, этика шеңберіне сиымсыз, әрі, «өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?» деп Абай шенеген ерсі қылыққа ұрынып қалу қаупі дер «іштен шыққан жыланның ирелеңдеуінің әдемілігінен» де емес, ең басты қолайсыздық, қай-қай автор болмасын, «мінсіз» (бұның өзі – шартты түсіндік) туынды беріп тастадым деп ойламайды, сөйте тұра, сын атаулының бәрін бас шұлғи бермейтін ептеген «өзімшілдігі» болмай тағы тұрмайды. Осыған өз кітабыңды, кімнен де болса жақсы білетінің туралы көңліңе нық орнаған сеніміңді қоссаң – пікір айту, әсіресе, жазып, жариялау – қияметтің қияметі; бұл жұмыстың, ашып айтқанда, абырой әпермейтін тағы бір сипаты – сырт қараған адам: автор қанша дәлелді сөйлесе де, өз шығармасына өзі әділ сөз айтты деп илана қоюы – екі талай. Осының бәріне түйсіне отырып, редакцияның ұсынғанынан бас тартуға, сөйтіп, осы жолдарды жазбай, авторлық этиканы сақтап қалуға болатын еді. Бірақ, «Даңқ пен дақпыртқа» жазылған жоғарыдағы рецензиямен танысқаннан кейін бұл мәселенің (жазу, жазбау мәселесі) тек қана бір автордың, не бір кітаптың мәселесі емес, рецензия авторы келтірген қағидаларда жалпы әдеби, принциптік жағдайлар бар екені сезілді. Гәп бір автор шығармасының жақсы, не жаман аталуында емес, көркем шығармаға деген жалпы көз қарас, таным, талғам, түсінік (немесе түсінбеушілік) төңірегінде болғандықтан... осымен, жалпылама, сыпайыгершілік сөзі тәмам болсын.
Әрине, белгілі бір шығарма туралы не айтам десе, авторға қандай талап-тілектер артам десе – әр оқушының, рецензенттің, сыншының өз еркі. Ал, қай тұрғыдан, нендей мақсат биігінен қарауда, пікір айтудың да өзінше өлшемі, жөн-жосығы болуға тиіс, немесе, автор өз шығармасына арқау етіп отырған болмысты, объектіні жандырақ, тірірек қып көрсету үшін қандай әдіс-тәсілді таңдады, өзіне өзі қойған талабы қайсы, сол дегеніне жете алды ма, жоқ па – тек осы тұрғы, осы талғаммен келгенде ғана сыншы мен шығарма адаспай табысады, тек сонда ғана екеуі бір тілде сөйлей алады.
Әйтпесе, «ол сорок деді, мен қырық дедім, сөйтіп, келісе алмадықтың» кері келмей қоймайтыны даусыз. Алдымен, осы жолдарды жазуға басты себеп болып рецензияға тоқталмас бұрын, соңғы жылдары баспасөз беттерінен жиі көрініп, әсіресе, менің кітаптарыма қатысты көбірек айтылып жүрген «жаман кейіпкерлер», «ұсақ кейіпкерлер» хақында бірер сөз айта кеткен жөн сияқты. Кейіпкерлерің «ұсақ», не «жаман» деп, кітап бетінде әрекет етіп жүрген әдеби бейнелер басындағы барлық кемшілікті мін, тіпті, кінә ғып авторға жабу – түбірімен қате әдіс. Жаманның – жаман, ұсақтың – ұсақ екенін көрсету де – өнер ғой. Ешбір елдің әдебиеті «жаман», «ұсақ» аталған кейіпкерлерді жоққа шығарған емес. Рас, жаманның жамандығын, ұсақтың ұсақтығын көрсетіп бере алмадың деп кінә артса – авторға бас шұлғудан басқа ештеңе қалмас еді.
Сонымен... «Даңқ пен дақпырттан» рецензент тапқан мін-кемшіліктердің басты-бастыларына авторлық, оқушылық (кітап шығып кеткеннен кейін автор да оқушы қатарына енеді екен) тұрғыдан, қысқаша болса да, жауап беруге тура келді. Рецензенттің (сірә, жас әдебиетшілердің бірі болса керек) шығарма талдау тәсіліндегі негізгі жаңсақтықтарының бірі Идаят пен Жарқынов арасынан тартыс іздеп әлекке қалуы дер ек. Өйткені, қоғамдық ара салмақ қатынасы (общественное положение) деген бар ғой. Екі адам тартысу үшін бір-бірімен дәрежелес, тіпті, тым құрыса, жақын, жете-қабыл жатуы керек. Идаят – ән шығарып, ауызға ілінгені болмаса, әлі бала, студент те, Жарқынов – консерваторияға басшылық ететін мекеменің басшысы, талай-талай жиындардың президиумы жатырқамайтын дәрежеге жеткен кісі. Бұл екеуінің ортасына тартыс тамызығын тастап, шала бықсыту – өмір, болмыс шындығын белден басу, сайып келгенде, уақыттан қолдау таппай, әлдеқашан ескіріп, қалып қойған жалған тартысшылдыққа, баяғы бір схемаға ұрындырар еді. Кітаптың алғашқы беттерінен екі адамның төбесі қылт етіп, аман-саулары жараспай қалса – аржағынан қып-қызыл шатақ, дау-дамай күтіп қара тер болу – үйреншікті жай екені рас, бірақ, бұған да сын көзбен қарау ләзім. Қысқасы, енді ойлап көрейікші, қандай рухта болмасын, өзінше жазылып біткен шығармада әйтеуір біреулердің тартысып, сілкілесіп жатуын шарт қып қабылдаған күннің өзінде әлгі екеудің – Идаят пен Жарқыновтың – арасынан қандай тартыс шығуы мүмкін? Шыға қалса оны тартыс атауға келер ме еді? Оның үстіне, жастарын, тәлім-тәрбие, білік-парасатты ысырып қойғанда, арадағы алшақтықты екеуі де сезіп отырған жоқ па? Әйткен жағдайда бұлардікі не қыжыл деген сұрақ тууы – заңды да. Екеуінің арасында әйтеуір бір кикілжіңнің бар екені рас. Ол кикілжің, біріншіден, сол, ара алшақтығының өзінен туындайды, себебі, Жарқынов жеке басының мән-маңызын, ірілігін ешқашан есінен шығармайды. Бәлкім, Идаятқа солай көрінетін шығар. Өйтуі де кәдік, әйткенмен, міне, өкшесінен ерген «талапкер-мелодисті» көрген сайын айтатын сөзі, аман-сауы: «Қалай, бауырым, ән көп пе?» Тыңдап көріңізші, пәлендей өрескел ештеңесі аңғарылмағанымен, биіктен естілгені сезіліп тұрған секілді ғой? Қалай болғанда да, Идаятқа ағасының осынысы-ақ ұнамайды. Бұ сын-ды, ұсақ-түйек қарым-қатынастың өзінен мән, не жанашырлық, жақындық, не салқындық астар іздеп, алдындағылардың бетіне жалтақтау – өнер жолына жаңа қадам басқан жастың көбіне дерлік ортақ, түсінікті жай. Ал, Жарқынов болса – кез келген әуесқой мелодистің көкірегіндегі әлгіндей қуысқа назар салып, ойлап жатуға уақыты жоқ. Ойласа бір-ақ жерде (әншінің үйінде қонақта болғаннан кейін) ойлайды, әлсіздікпен ойлайды. Мұнысы жанашырлық та, симфония болашағын қайсыбір түсініктерден қорғау да емес, жай, пендешілік қана. Содан кейін оның Идаят туралы көзқарасы өзгере бастады және дұрыс өзгереді: Идаяттың жанбай жатып сөне бастағаны рас еді. Өнердің жас кадрін сақтап қалу үшін, басшы-азамат не істеді? Ештеңе де. Сөйтіп, сыншы-рецензент «Жарқынов деген кім?» деген сұрақ қояды да, ол сұрағына жауап таба алмаған соң шығарманы баса-көктеп кінәлай жөнелді. Осы арадан келіп, өзі іш тартып, неге екені белгісіз, ақтағысы келіп отырған Жолымболды да жете танымағанын аңғарып алады. Мысалы: «себебі ол дарынсыз жан. Оның туындыларында жұлын жоқ». Демек, сезімнен де, түйсіктен де ада деген сөз. Творчествосында «жұлын болмау» мен креслоға иелік ету – екеуі екі басқа. Жаман композитор қызмет бабында абыройға ие бола алмайды деу – солақай түсінік. Жарқыновта «сезім де, түйсік те кем» дегенді Идаят та ойлаған емес. Мұндай түйінді рецензия авторы басқа жақтан әкелмесе, кітапта ондай қорытынды тудырарлық негіз жоқ. Жарқынов – өнерді емес, өнердегі өзін сүйетін, өнер атымен өрге шыққаннан басқа жамандығы жоқ; ел аузына қалай ілінгені – кітапта дәлелденген, кабинетінде отырып телефон арқылы үш-ақ мәрте сөйлескенде ашылып біткен басы бүтін жан... Бұдан әрі рецензент өз сөзіне өзі есеп беруді мүлде ұмыт етеді: «Бас қаһарманның іс-әрекеті, қоршаған ортамен қарым-қатынасы алдыңғы планға шығады да, автор позициясы сол қаһарман қарекетінің тасасында бүркеулі күйінде қалып қояды» (Машинкаға басылған қолжазбаның 2-ші беті). «Автор шындықты қаз-қалпында бейнелегісі келсе, ешқайсына (кейіпкерлердің шығар) бұрмай, екеуін жекпе-жек қалдырғанда абзал болар еді» (3-ші бет.); «автордың қаһарман әрекетіне тым салқынқандылықпен қарап, олардың дұрыс-бұрыстығына емеурін білдірмеуінде» (5-ші бет.). Осы келтірілген кішкене-кішкене үзінділердің екеуінде авторға «позициясы айқын емес», біреуінде айқын, сондықтан шығармаң ақсап жатыр деген айып тағылады. Мейлі, «дәрігердің қатесін мола жасырады» демекші, біз сыншылардың аз-мұз жаңсақ тұстарын жатырқамауға үйренген жұртпыз ғой, мәселе мұнда ғана емес, осындай мөлтек-рецензиялардың шығарма авторына ешқандай ой сала алмайтындығы, не тым солақай кетіп, көздемеген бағытына итермелейтіні, не шала-шарпы түсінгенінің өзін жөндеп айтып бере алмайтындығы-ақ қынжылтады.