Жарлық шықса жалтақтап хан ордадан,
Қарашаның таңдайы ағармаған.
Ымырт шақта үндемес Жұмекеннің,
Жыр бұлағы бұрқ етті жаңа арнадан.

Тұнығынан сол бұлақ шөл қандырған,
Қарулыға қаламмен майдан құрған.
Бұхараның сенімі сеңдей ағып,
Бауыр қатып, жүректі айналдырған.

Ерге тиіп тағдырдың ірі сыны,
Аударыспақ ойнаған бүгі, шүгі.
Бір домбыра, бір қалам, бір ақын боп,
Бірін-бірі тербеткен күні, түні.

Өлең мұхит, күй мұхит кезек тартып,
Дән түбінде қалады кебек қалқып.
Қиянатшыл қоғамғаижел шайқаған,
Тереңдегі жамбастан, боз өкпе артық.

Талант берген Тәңірім құлы етерде,
Бір шұмағы бір қара құны екен де.
Құран жазу парыз боп Пайғампарға,
Ұран жазу бұйырған Жұмекенге.

Қасіретін білдірмей қайманаға.
Қос ішекке шағынған қайран аға
Тұлпарының дүбірін танымаған
Тас құлақтар қалқайып айдалаға

Зердесіне бұйырған көсіп нұрды
Зейінімен заулатып көсілдірді
Нәзік жанын ақынның айтпай ұғып
Нәркес көзі жәудіреп Нәсіп жүрді

Тірілермен тірімін, тірімін деп
Тамыр тартты, түптеді ұлы міндет
Көкке ұшып кетсе де ғасыр аттап
Күйі шалқып, жатады жыры гүлдеп

Қара еменнің жайқалтып жапырағын,
Рұхтанар, оянар оқыған ұл
Батпан, батпан қазына қазып көрсең,
Жұмекеннің жеті қат топырағын.