Ақын аға, мен сені ойлайтынмын «тұйық» деп,
Тұйықтықпен кеудеңе құпия сыр түйіп көп.
Тамырыңды тереңге жайып кеткен екенсің,
Емендейін таралып, өсу үшін биіктеп...

Тамырларың тас мүжіп, бұтаң өзін танытты,
Сағынышты күнменен, топырағың жаныпты.
Қоңыр үнмен сызылтып, «Қорлан» әнін Естайдың,
Жымиғаның құпия, көз алдымда қалыпты...

Бүкіл әлем күлердей, көрінетін сен күлсең,
Қанатымен қыранның қиядан бұлт серпуші ең.
Бір қолыңда қаламың, бір қолыңда домбыраң,
Домбырамен жыр жазып, қаламмен күй шертуші ең...

Пісіп, түсіп үзілген, қызыл алма Күн деген,
Үнсіз елес, түнім көп, кірпігімді ілмеген.
Алпысыншы жылдары өз аузыңнан ең алғаш,
Ұлы Мағжан ақынның атын естіп, білген ем.

Арнасын жеп ағады, толқын тасып, тербеліп,
(Біреу кетсе, біреуге қалатындай жер кеңіп)
Өзгертетін о бастан, заман емес, заманды,
Заманды адам билейді, уақытты бет перде ғып...

Жайлап сені жалғыздық... өзіңе-өзің түрме едің,
Демің мезгіл желі боп, ойдан шоқты үрледің.
Қуат алып жылудан, «Балаусадан» – балауса
«Кішкентайың» күмбірлеп, көкірегімде тұр менің.

Арман болып шақырдың, бұлт ішінен ашып Күн,
Күнмен өлшеп арасын, жақынменен қашықтың.
Ауыр-ауыр жүк салған ауырды ма жүрегің,
Жүрегіне жол тартып, «тілсіз тілмен» Нәсіптің.

Топырағым көңілден жанып жатқан от көмір,
От көмір боп, өзгеріп, ыстық-суық өтті өмір.
Әттең! Туған еліңнің азаттығын көрсең ғой,
Қошалақтың баласы, қоңыр ойлы, қоп-қоңыр...

Біздің ғана маңдайға жазылмаған азап-мұң,
Тамырына жалғанған, бұтағым бар, азатпын.
Тәуелсіздік азғана топқа туған Күн емес,
Арман Күні ол аласыз, өлі-тірі қазақтың!

«Ақшағылдан» адасып, атың сенің өшпесін,
Өмір деген ұқсайды, көшкен ұзақ, көшке шын.
Ақ сарайдай өмірде, жүрмін аға, паналап,
Үңгірге ұқсас, кешегі Диогеннің бөшкесін,
Естелікті-елеспен... тоқып сезім кестесін.

Ой-қиялмен сезімді, аршып таза түлетем,
Бір толқыннан бір толқын туып келді, Кім екен?
Тыныштықбек, Гүлнар боп, Айгул, Сабыр Адай боп,
Жапырақтарың қанатын қақты тулап Жұмекен,
Кезегімен келген бұл, сенің оның Күні екен.

Азаттық ап келеді, Дүниеге әр адам,
Жазылады жүректер енді бітеу жарадан.
Көршің боолған кешегі Мұқағали тауға ұқсап,
Көргісі кеп суретін мұхитқа ойлы қараған...

Адам деген, адамның азғана күн қонағы,
Сыр-сымбатын өзінің жүрекке ойып жонады.
«Бұл дүние мен ол дүние» деп бөлінер екіге,
Ақындардың ру-жүзі екеу ғана болады...

Жапырақтың кірпігін аңдушы едің дір еткен,
Уақытқа бағынбай, өтіп жатқан ұры өктем.
Ойлар, ойлар, ойлардың көтере алмай салмағын,
Бұлтқа тиген жасындай кеттің жанып жүректен.


«Жұмбақ ақын» Жұмекен, тереңдікті жыр еткен...
Көкжиектен шыққан күн, жерге батар, байып бір,
Көктәңірге жалынам, деп «дертімнен» айықтыр.
Жер астында тыншыған тамырларың бүлкілдеп,
Бұтақтарың аспанға алақанын жайып тұр...
Көкжиектен шыққан күн көкке өрлейді байып бір...