ЖЫР КҮМБЕЗІ
Өлең деген сұлу сөз тұр екен бір,
Дауылың да тасытпас күш екен дүр.
Туғанына алпыс жыл толғанында,
Әр жүректе жаңғырды Жұмекен-жыр.
Жұмекенмен бұлттанды жыр аспаны,
Он екі жыл фәниден қыр асқалы.
«Тілге сараң, ойға бай» депті Мұқаң,
Кез-келгенге жұмбақ жыр сыр ашпады.
Ерте кетті өмірден жұмбақталып,
Түйдек-түйдек санадан жыр ақтарып.
Қаңқу сөзден жүрегі жарылды ма?
Жату үшін мәңгіге жырақ барып.
Өзі айтқан: «Сары құм күн қызылда,
Тепең көкпен жетем деп бір қызына».
Куә болған алғашқы махаббатқа,
Еске алып тұр ақынын Дыңғызылда.
Перзентім деп жоқтайды Қошалақта,
Баламаған жайсаңын осал баққа.
Жерлестері шүкір ғой құрдастары,
Өлең-жырын айтатын қосып жатқа.
Көрмеген көз тіріде кеш налып құр,
Сусындаса кәусардан тек қанып тұр.
Қайта келмес философ Жұмекенді,
Баршамыз боп тойлайық еске алып бір.