ІЗДЕНУ ЖОЛЫНДА
(Ақын ақын туралы)
Қалың орманда жалғыз қалған кісінің жүрісі қызық. Адасқанын сезген сайын берекесі ұшқан жолшы әрі-беріден соң батыс пен шығысты айырудан қалады. Ондай жағдайға душар болған адам үшін жолдағының, маңайындағының бәрі жаңа, бәрі бейтаныс: жолға көлденең түскен бұта да, балақтан ілген әрбір тікен де оған кедергі бола алады. Оның бағытын жер қолайы, табиғи біту ыңғайы белгілейді. Поэтикалық творчество адамының да әуелгі жолы осыған ұқсас. Оның да ізі ирек, оған да көп нәрсе бейтаныс, оның да бағытын көбіне-көп жағдай билейді. Сондай-ақ қайтіп, қалай жол табу - нені аттап, неден айналып өту кісінің кісілігіне, талантына байланысты. Поэзияда да, ғылымдағы сияқты "сайрап жатқан" жол жоқ. Әрине, жол жүрген сайын әр нәрсеге көз үйреніп, әлгіндей ну орманның көп түкпірлерінің көріне бастауы табиғи жай, көркем творчествода мұның атын тәжірибе жинау, машықтану атайды. Айырмасы: орманда бір қалтарыстан жалғыз аяқ жол кезіксе, адам қуанып қалады, өлеңде басқаша: ақын әрбір оңай табылған тіркеске сақтанып қарайды. Өйткені, дәл тіркес өзінікі болмауы мүмкін. Міне, нағыз творчествоның қиындығы ғана емес, құны да осында жатыр.
Бәрі де аян, бәрі аян,
Аян емес сыр бар ма?
Бәрі де аян, бәрі аян
Сырды айтпаған жыр бар ма?
Десе де, бір қатты мұз
Ерімеген сияқты.
Сонда да бір сұлу қыз
Сүйілмеген сияқты.
Соны сүйіп, соны еріту
Маған қалған сияқты.
Бұл - әлгі секілді ну орманға қараңғыда кірген адамның айналадағы біраз нәрсеге: ана түкпір, мына түкпірден, ирелеңдеп қосылған көп-көп жолға, соқпаққа көзі үйренген, талай жағдайға көкірегі көндігіп қалған кісінің сөзі. Бұл өз мақсат, бағытына шығатын ыңғайлы жол тапқан, басқаша айтқанда, өз соқпағын қай ағаштың түбінен қалай бағыттап саларын шамалап алған адамның сыры секілді еді.
Алпысыншы жылдардың басында ақын Сабырхан Асанов жыр-ізденіс, ой-толғаныс орманына осылай кірген. Оның жоғарыда үзінді келтірілген өлеңі бастаған жыр жинағы жарық көргелі де жиырма жылдай уақыт өтіпті. Содан бері ол талай-талай поэзиялық жинақтар берді, поэтикалық талай-талай формалар тапты, батыл-батыл қадамдар жасады. Жолында көлденең жатқанды аттап, көрініп тұрғанды айналып өтіп (аттауға адым жетпейтіні) деген секілді, өз бетінше жүріп отырып, Сабырхан да талай жол алыпты.
Киіп кетіп жатпаса да ой көлденең,
Әліге дейін айыра алмай мен келем.
Ақша бұлттар - менің әппақ жаным ба,
Ақ бұлттардың жанымын ба әлде мен?!
Міне, осы сауал ақын қиялының қозғаушы бір күші. "Анау не нәрсе, өз өміріңнің мәніне, немесе айнала орта деген не, оның маған қатынасы қандай" секілді сауал - ой, сезім биігіне көтерілер әр кісінің алғашқы баспалдағы. Ізденіс атаулы содан басталмақ. Сабырхан жанында адам сүйсінерлік бір мазасыздық, қанағатсыздық бар. Онысы әр кезде әр қалай ашылып жатады.
Тауға тұғыр қоюдың керегі жоқ, таулар өзі-ақ алыстан көрінеді, немесе:
Үлкен де емес, кіші емес,
Әппақ та емес, қара емес,
Өңім де емес, түс емес,
Жоқ емес, иә бар емес, -
Жадымда қалды бір елес.
болмаса:
Отызға жас та келді, сөз де келді-ау,
Құрғыр-ай, тұра тұрмай тез де келді-ау.
Балаша шатпақтатпай шала-шарпы
Ойланып іс қылатын кез де келді-ау.
немесе:
Бір өлең жазғым келеді,
Баламдай бөлеп тербетіп,
Бір өлең жазғым келеді
Ұмытпастай жыр етіп.
Қайда екен шіркін сол өлең?
Тапқан күні-ақ өлер ем.
болмаса:
Өмір жайлы ой басыңа келеді екен,
Ымыртта күн батысқа қарап тұрсаң, -
дегенді де Сабырхан айтыпты. Ал осы сықылды салмақты, ойлы ақынның:
Оңға қара,
Солға қара,
алға қара -
айналаңның бәрі қыз.
Дәл осыны көргің келсе
ЖенПИ жаққа барыңыз, -
тәрізді жалаң өлең жазып кеткені қалай? Несі бар. Жыр ала-құла болса, онсыз да шұбарытқан ұғым-талғам бір түске қайдан келе қойсын. Бұл секілді ақынның алақолдығын "іздену" деген бір ғана сөз ақтап алады. Бірақ, шын нашар жолдарды ештеңе ақтай алмайды.
КазГУ болсын, ЖенПИ болсын,
Қайда болсын, бәрібір.
Жатақхана, жатақхана -
Жастық шақтың пырағы.
немесе:
Кеудесіне тулаған көк теңіз кеп,
Көгал қуған қалды артта өктем із көп (?)…
Сапырып сап-сары ала жапырақты
Күз ішінен (?) мен жүрмін көктем іздеп.
болмаса:
Қусырылып көкжиектің іргесі (?)
Күйіп-жанған елдің жаңа кірді есі.
Таянды да самалдай боп тұрды есіп
Оңтүстіктің әдеттегі бір кеші, -
немесе:
Кеудемнен бір көкжиек ашылып,
Мені тым, тым алыс шақырар.
Төрінен түрлі өрнек шашылып (?)
Төгілер түрлі нұр сатылар (?) -
болмаса:
… Көп толқытқан қарасын көрмек болып,
Сірескен бұлт саңылауын дүрбі етемін -
дегенді де Сабырхан Асанов айтыпты. Келтірілген үзінділерде кездесетін кейбір тіркестерді логикалық-мағыналық жағынан тексеріп көрейікші. Пырақ - пегас - ат, қанатты ат. "Жатақхана - жастық шақтың пырағы" дегеннің ешқандай ұғым бермейтінін дәлелдеу үшін көп біліктің керегі жоқ. Сол сияқты, «өктем із» деген де із болмайды. «Өктем із көп – көктем іздеп» жақсы ұйқасқаннан басқа ештеңе бермейді. «Көкжиектің іргесі» де ұғым боп жарытпайды, өйткені көкжиектің өзі ірге ғой – аспанның іргесі – іргенің ір