Сейсенбі, Сәрсенбі, Бейсенбі, Жұма. Төрт күн,
төрт күн. Құданың құдыреті, айдап кеткен самал да еспей қойды-ау. Боз шаң өзінен-
өзі көтерілді де, ұйып тұрып алды. Шөпке, жерге, шөгіп таусылды ғой ақыры.
Жуып, не айдап әкеткен ештеңе жоқ.
– Шөпті еміп қойды-ау, еміп қойды,– деді Сатым күйзеліп.– Жусан мен
алаботаның өзі пайдасыз.
– Қой қырылатын шығар биыл.
– Әйтеуір қой сорлы-ақ ұшырайды да жатады. Қар жауса – қой, шаң жауса –
қой, қонақ келсе – қой, қасқыр шапса – қой. Бәрі қойдың ажалы!
– Колхоз қойына әлгі ем-суын ішкізеді деседі.
– Бас ауруға да дәрі беретін көрінеді.
– Өй, онысы, өнбейтін шаруа. Әр отарда бес жүзден сегіз жүзге шейін қой бар.
Қайсы біріне дәрі жеткізе алады? Шетінен пысқырық, мұрындарынан желім ағып
жүр. Астаулап құйған судың өзін шыдатпайды. Қой деген жалмауыз мал. Түйе
оның қасында – ораза.
– Бас аурудын дәрісін ішкен адам бүркеніп жатуы керек. Содан терлейді, сосын
жазылады.
– Ол – адамға ғой, қора қойға қандай көрпе жабады?
– Бекең биыл малдан шығын жасамаймыз деп уәде етіпті.
– Пырсылдатылдың уәдесін Құдай-екең тыңдай қойса.
– Шығын болмай тұрмайды ғой. Анау-мынауын төлмен жабатын шығар.
Қалғанын жасыратын әкт бар. Алдаудың әдісі аз емес әйтеуір.
– Егіз түгіл жалқы тумаса... алақанымен жаба ма?
– Жалқы тумағаны несі?
– Мәселен, қой атаулы қырылып бітсе, козыны пырсылдатылдың өзі туа қоймас
енді?!
– Алла сақтасын, оның беті әрмен!– деп, шошына күбірледі Әжекең қабағын
шытып,– жаман сөз айтпайық та!

Ауыл адамдары өстіп сөйлейді. Іштеріне сыймаған біліктерін сөзге
айналдырады, шаруа соғады, ел, колхоз қамын ойлайды. Бұлардан ақыл сұрап
жатқан ешкім жоқ, өздері килігеді, бәрін сырттан пішіп, өздерінше үкім құрады.
Басшы атаулыдан, түсіп қалғандары болмаса, макқтайтындары сирек, көбіне сынға,
қырға алады. Оның үстіне, әдетте, үлкейген кісілерге уәйім үйір болады. Ол уәйімді
ешкім, ештеңе бермесін – бәрі бір, өздері тауып алады, іздеп табады. Әсіресе қыр
қарттары. «Пәлен жылқышының құдығының күнде құлайтыны»,– «Рамазанның
жалғыз інгенінің қайымай қалғаны», «Түгеншенің қызының көп отырғанын»– теріп
уәйім етеді. Уәйім – шалдардың модысы. Уәйімшіл кісіні – есті кісі көреді.
Қартайғанда кімнің есуас болғысы келеді?! Сондықтан құмда сақалдыдан (текеден
басқа) уәйім айтпайтыны кемде-кем. Міне, былықтың көкесі осы арадан шығады.
Өйткені, қарт атаулыда (Текені қоспағанда) сақал бар, көбі уәйім сапырады.
Қайсысы шын уәйімдейді, қайсысы еліктейді – айырып көр! Әжімгерейі қайсы.
Сисенбайы қайсы? Сисекең: «заман бұзылып барады», не, «бүгінгі адам ұсақтап
кетті ғойды» айтқанда көкірегі қарс айырылады. Бірақ, ішінен, табақтағы еттің
майлырақ жерін көздеп отырады.
Бәрібір, қанша әділ болсаң да, жұрттың бәрін түгел зерттеп, әр қайсын өз
орнына қою мүмкін емес. Сөйтіп, пәнде деген – пәнде дейсің де жүре бересің.
Көпшілік соғыс аяқталса, уәйім, қайғы сонымен бірге бітетіндей көретін. Азаматты
топ-тобымен әкетпейді, енді ешкім мүгедек күтпейді, «қара қағаз» оқымайды, ата-
ана ұлының бойы тез өскенінен үрейленбейді. Сондықтан, жетім де, жесір де жоқ.
Қалған қасірет,– қара тамақ па?! Оны көріп алдық! Халық осылай түйген,
әйткенмен, әр күннің өз қуаныш-күйініші өзіне басқа боп шықты. Ақсақалдардың
жорамалына қарағанда, алдағы қыста мал жұтайды. Міне саған мәселе! Әжімгерей
қарт манадан бері айтқан уәйімінің дәмі таңдайын қытықтаса керек, аузын
тамсанып-тамсанып ап, бір жұтынды. Ғұмар қалжыңдағысы кеп бір оқталды да,
артынша, ол ойынан қайтып қалды, себебі, кейінгі әзірде шалдар әзіл көтермейтін
боп кеткен...
Бұлар ет турап, майға бөрттірген, бұл ел үшін жаңа, тары сөгінен істелген орта
табақ тағамды алдарына ала берген, сықырлауық есіктің екі қақпағы екі жаққа
серпіле, жұлына ашылды:
– К-кешіңіз ж-жайық!– Осы сөздерге ілесе Сейсімет кіріп келе жатты. Сүйрете
ұстаған қамшысы табалдырыққа сыр етті. Бір етігінің тұмсығы қос табалдырықтың
бергі, ішкі жағындағысына ілініп, етпетінен түсе жаздады. Бота-тірсектері
шалыныса, шатқаяқтап кеп бір жамбастай құлады. Күн-қағарының айнала
қырпуының матасы қырқылып, қағазы көрініп жүрген, кепкісі жапырая-жапырая
бір құлағын жауып кетіпті. Бет түгі өсіңкі, содан әжім-сайларына көлеңке түскен
тәрізді. Еріні көгіс, аяздан келгендей аузы келіспейді.
– А-Айыстанов ас... іш-іш-пейді. Таңдайы құйғап оти. Сіздейді би ғана көйіп
кетейін деп... Күшшүк! Бағы қайтқан кісінің тилігі құйсын. Айыстанов!
– Мынаның,– деді Ғұмар, балдызының жүзіне жатырқай қарап,– мынаның
Құдай тас төбесінен ұрған екен. Жатқызып құтылайық. Ас ішіп жарытпас.–
Әжекең Сейсіметтің көзіне көзі түсіп, шошып кетті. Ананың қос жанары ақ айран,
шел қаптағандай, қарашығы жоқ.
– Қарағым-ай, қарағаның қандай жаман еді!– деп тіркенді кемпір. Ғұмар қарқ-
қарқ күлді:
– Шеше, шошымаңыз, бұған ата-бабасының әруағы қонғалы тұр.
– А-аа? Не дейді? Алла сақтай гөр, қарағым.
– Көптен буылып жүр еді, әруақ қону қайдан оңай болсын.
– Мекалай досым іш биат деп сыйлы күйешкімен би құйды. Айыстанов тайтып
келіп жібейді.
– Әруақ