егеніне, түсінбегеніне қуанды. Бұндайда ұқпаған,
аңғармаған жақсы. Кемпір әр ауызға бір қарап күбірлейді.
– Қарағым-ай, не деп отырғаныңды қайдан білейін.
Біз сені азамат болды, ел қатарлы даңқ, дабыры бар, Әжекеңе тартқан ұл,
мырғамға батып жүр десек... сықылды, жанашыр, орынды өкпені жиналғандардың
әрқайсы-ақ көздерімен ұқтырған құсады. Идаяттың ағайынға түсіндіргісі келгені де
дәл осы – шын жағдайдың онша мәз еместігі еді. Енді мына отырғандардың
ақиқатқа көздері анық жеткенін, өзінің бұ жолы да ешкімді алдамағанын медет қып,
жеңілейе күрсінген, артынша, ылғи ақкөңіл, таза қауымның көңілінен шыға алмай,
көпшілікті бүйтіп қаралай жасытып алғанына өкінді. Сонсоң әр жүзге бір аялай,
есіркей назар тастады. Тіпті, оқу қайда қашады, шүкір, әзірге ден сау – бітірем ғой
деп, жеке-жеке арқаларынан қағып жұбатқысы да келді. Ал, жұрт расында да
өнердің қадір-қасиетіне жетіп жарымаса да Садықжановты сыртынан мақтаныш
тұта бастаған-ды. Оның абыройы, болашақта ауданнан алатын орнын сараптады,
сол арқылы әркім өз «жауына» құқ көрсетті. Сөйтіп, әлдекімге пана, қыр, айбар
есептеп жүрген азаматтарының арты белгілі болды.
– Қой, жарайды, үлкен кісі, балаңыз келеді дегесін...
– Құтты болсын айтайық деп.
– Оқуды кім бітірмей жатыр. Сіздің, Әжекеңнің баласы болғасын.
Ағайын осылай, ақыры, бұл үйге кеп ет жеп, арақ ішкендерінің өзін бұл қып,
сата қоштасқан-ды.
Ертеңіне екі-ақ адам кірді. Ал оның ертеңіне, үшінші күні ешкім есік ашқан
жоқ. Келген екеудің бірі – Еділхан, бірі Ғұмар-тын, табалдырықтан алдыңғысы
сыздап, соңғысы соған жалтақтай аттады. Көңіл білдіре, қуаныш бөліскелі соғыпты.
Кемпірлердің әлек-шәлегі шықты.
– А-аа? Сау бол, сау бол, міне, келді, келді,– деп абдырады. Идаяттың қалай,
қандай жағдайда қайтқанына қанық қонақтар хал-жай сұрамады, бір-бір жастықты
қолтықтап, қырдағыша, қисая-қисая салысты.
Шәй үстінде Ғұмар үлкен бір қайғы айтты:
– Біздің ауылдан, сірә, Елаға, сенен өңге бас көтерер жан шықпай тұр ғой,– деп
күрсінді. Анау ыңғайсызданған сыңай танытты: «қой, неге?» Бұлардың әңгімесі де
сол, түндегілер қозғаған тақырып деңгейінен көрінді. «Інішек келді дегесін»,
«Шеше, өзіңді сыйлап», «Қадірлі қарттың шаңырағына тағзым еткелі», «үміт
күтіп, біртүрлі дәреже көріп». Әр шыны шәй, әр түйір тағамды аузына салған
сайын Елағаң өсітті де отырды. Бір жылғы қонаққа жететін «сау болы» мен «көп
жасаны» осы екеуіне, әсіресе, директорға айтып бітіріп, үйінен директор дәм
татқанға мәз кемпірлер қалды. Ғаламат жақсылық, қолдан келмес кісілік еткендей
боп аналар аттанды. Композиторға Еділхан ағасының мұнысы ашықтан-ашық
міндетсінгендік боп танылды. Оның әр сөзді үзіп, бөліп, салмақсып сөйлегеніне
ызаланып, шаққа шыдаған, ақыры, шағып алды:
– Елаға, рақмет, біздің жыртық үйді мүсе тұтып шәй ішкеніңізге. Мына
дастарқаннан директордың өзі дәм татқан деп мақтанып жүретін болдым. – Елағаң
таң ғап біраз сілейді, сосын Ғұмарға қарады, сосын иығын бір қиқаң еткізді де
бұрылып кетті. Ғұмар директордың машинасына отырып жатып артына, бұған
қарата дауыстады:
– Айттым ғой, анау барғанда. Сендерде ұстам, тәртіп жетпейді, әй, жастар,
жастар. Жас дейтін жас та емессіңдер-ау сендер? Әжекең марқұм,– осы арада
Еділханға бұрылып: – Әжекең марқүм, бұлардың жасында үйлі-жанды асыраған,–
деп қосты.
Осы сәттен бастап бір сезім туды, бұрын білінбеген бөтен сезім. Ол қашан да
маңындағылармен, тіпті, тұңғыш кездескен кісімен де тіл табысуға тырысты. Көбіне
таппады, ондай кезде қатты өкінетін, өзін-өзі жерлеп, сөгіп бітіруші еді. Біреуге
артық сөйлеген сөзі, не орынсыз айтқан әзілі үшін апталар бойы азап шегіп жүрді.
Ал мына жолы әлденеге айызы қанып, жасы үлкен, әрі елге сыйлы ағаға, ауыл
дәстүрінен тыс, тіл ұшын қадап алғанына өкінбеді. Қайта әлгісін тым аз, жеңіл
көрді. Бұ мезетте оның ешкімді кешіргісі жоқ-ты. Кешірмесең сені де жұрт
кешірмейді. Жақпайсың, әйтсе жалғызсың. Сонда... Осыншама көп ақылды мен
мықтының қайсысына жорғалап, қайсысынан қорқып үлгіреді? Жо-оқ, жағу да,
қорқу да мұның қолынан келмейді,– бұл Садықжанов қой,– ешкімге пана да
болмақ емес. Көрінгеннен пана, пайда іздейтіндер амандаспай-ақ қойсын! Ағайын,
дос, туыс деген жоқ, керек адам ғана бар. Немен, несімен керек? Бәлкім, өнерімен
шығар? Тапқан екенсің! Өнер – дәреже әперсе ғана өнер. Бірақ... Садықжанов өстіп,
бір ауық қыңыр толғап кетеді. Кіп-кішкентай сәтсіздіктен тек өзі, жеке басы ғана
кінәлі болмашы нәрседен, тағы да менмендігінің арқасында үлкен қате, қырсық
жасап отырғаны миына кірмейді. Жігіттің қайраттылығы осал, әлсіз, минуттардың
ырқына берілмеуде деседі, әкиет – берілу, қалай берілуде де жатқан сияқты. Себебі,
осы бүгін өз көкірегінен музыкадан, шабыттан бөлек бір қуат, от тапты. Ол өзіне
деген құрмет, сенім, тағы да құрмет, тағы да сенім. Ежелгі жасырын көкірегі,
менмендігі жәй дәрменсіздік, тіпті, жасықтық екенін де осы күні сезді...
Ғұмыр бойы бақытсыз өтетін адам болмайды. Әйтсе мен бақыттымын деуден
көп кісінің қаймығатыны несі? Мінің