тыз бір бала. Сүйтіп отырып хатында: біз қай
бір басқа жарыған атаның баласымыз!– деп зар илейді.
– Ха-ха-ха! Үй басына орта есеппен он-ақ бала!
Әр беттен реніш, өкініштің иісі аңқиды. Бұл ғой деп ойлады Идаят,– өкпеңіз,
ақылыңыз қайда екен, соны көрейік!
Бұл Ғинақаңды ағаларының ішіндегі ең орнықтысы, естісі санайтын.
Сондықтан оның аузынан қызу, қызыл сөз күтпейді. Мына хаттың қандай да бір
толқу, қобалжу үстінде жазылғанын алғаш оқығанда-ақ аңғарған. Енді соның
себебін іздестірді. Ақыры тапты: Самолетке алыс жердің өзі сөзге, тілге жақын,
әсіресе қаланың әңгімесі ауылға ауадай және ондай, ауызбен жеткен хабар жел
әкелген түтін исі сықылды, сендіре, сіңе тарайды. Мұндай сөздердің ілкіде кімнің
аузынан шыққаны, қайдан, қалай тарағаны тез ұмытылады, Ал, сөз қалады,
жасайды. Көбіне жаңа, үстеме деректер, детальдар қосылып аңызға айналып кетеді.
Қарлы шыңның самайындағы жыраңқа-жылғаларынан жылап аққан жібек
жыртындысындай кішкене, жылтырақ суды кім елейді! Одан кім қауіптенеді?
Жолына бір кесекті тастай салсаң – саудасы бітпей ме? Бірақ, анау, сай
табанындағы буырыл тасқын ше? О-оо! Онымен ойнауға болмас!
Осылай, астананың жүлге-жүлгесінен білдірмей тараған жымысқы, жаяу өсек
сол бір ақ бас тау әжімінен шұбырған жылаңқы сулардай, жер еңкейген сайын
біріне-бірі қосылып, ұлғая-ұлғая кеп әжептәуір арна салған. Ғинақаң қанша
салмақты, қанша кесек жан болғанымен ол арнаның, ағыстың жолында қайраңның
қара тасы құсап бүйір тосып жатып қала алмады, жаңқаша үйіріліп бірге ақты, оны
әкеткен бұлшық еті білеу толқындардың тегеуріні емес, көбік, кәдімгі судың көбігі.
Қамай кеп, қаумалай көтеріп, қағып түсірді де, өздері шырт-шырт жарылып жоқ
болды... Міне, содан Ғинакаң қатты сенді, құлай иланды. Тіпті байырғы жұмыр
тұлғасы жұқарып, қаңғалақ тартты. Ақыры шыдамады, кінә артып, хат жаздырды.
Жоғарғы жаққа баратын сөзін шетінен сайлап, жасап ұзатты. Жақсы оқитын
балалардың бірі болмаса, өз қолына тәуекел ете алмады. Буындары қатып кеткен.
Әсем әріптермен бейнеленбесе алтын сөзің де – жез. Сонымен...
Сонымен хатқа Ғинақаң Идаят хақында естігенін тізіп-ақ баққан. Оған, ағасына
бәрінен қатты батқаны: Зібайра жайы сияқты. Сөзіне қарағанда, «қаланың бір
шөпбасына еріп», секектеп кеткен інісінің жастығын да кешіретін сыңайы бар. Ал,
келіннің безбүйректігіне төзе алмапты. Келмей жатып өз перзентін өзі құртқан әйел
әйел боп көктетпес! Хаттың ең ашулы, ең қатаң тұсы осы. Бұ қайдан шыққан өнер,
неткен сұмдық?! Бәлкім, Ғинақаң надандығынан ұқпайтын шығар! Хаттың бір
жерінде інісінің композиторлығына тоқтапты: «Төрем, ата-бабаңа дарымаған өнер
саған біте қоймас. Құдай бермегенді қуып қайтесің! Тең-құрбыңмен жамандаспай,
есің барда елің тап! Ол оқу бізге шаруа емес. Әләуләйді кім айтпайды. Есің кіретін
уақыт болды. Шешеңді еңіретпе, налытпа бізді! Естуімше, сен келгің келгенмен,
келін көнбейтін көрінеді. Көнбесе босағамнан әрмен! Өзіме кел! Белінен бесік табы
кетпеген бір қызды алам да берем. Қане, кім бермес екен қызын маған, көріп
алайын! Алтынды қаламасаң басқасын ал!» Содан кейін Ғинақаң ел, халық
алдындағы өз беделін көлденең тарта, қала жұртын айыптайды. Оның ойынша,
сауық кеш, би, киносыз оқу жоқ, ал кино, би нағыз көргенсіз, бейәдеп дүние. Сырт
естуінше, бой жеткен қыздар ішеді, сонсоң еркектермен былқ-сылқ боп билейді.
Кез-келгенмен, сөйтіп, тізе түйістіріп үйренген қыз, кейін ерге тигенде кімді
көгертер?» Осылайша кете береді.
Бірақ Идаят күлмеді. Өйткені, Ғинақаң осынша кінәраттап отырған –
Зібайрамен бұл ажырасып кеткен-ді.
Мезгіл жазғытұрым еді. Ұсақ, шүйке бас құстар әлдеқашан шырылдаған.
Жеміс ағаштарының қайсы-бір жеңіл мінезділері гүл ашып үлгерген-ді.
Садықжанов терезе әйнегінің бетін манадан бері жұмсақ қана сипалап, байқаусыз
түсіріп алған әлденесін іздеген соқырдың саусақтарына ұқсас жіңішке үш бұтаққа
қайта назар аударды: біреуіне бармақтай қоңыр торғай қонды. Бұтадан әлденені
шұқып-шұқып жіберіп, айнала қарады, тағы шоқыды, тағы қарады. Бұтаға
тұмсығы тиген мезетте құйрығы шошаң қағады. Титтей көздері бір нүктеге тоқтай
алмай, дамылсыз жылтылдайды. Ағашқа тиген тұмсықты көріп, құлақ түрген –
ештеңе ести алмады. Жылт-жылт, шұқың-шұқың етеді. Жанына тағы бір торғай
келді; әуелі екеуі бір-біріне ауыздарын тез-тез ашып-жауып бірдеңе деді. Сонсоң
екеуі бір ритммен бұтаны шоқып-шоқып алды. Сонсоң бірі бұтаның жіңішке,
таусылар басына шейін секіріп-секіріп барып артына, серігіне көз салды: «мынадан
ана бұтақ жақсы секілді». Осылай деген болар, олар қанаттарын қылп-қылп қағып,
ұша жөнелді. Бұл терезенің үстіңгі ашылмалы көзін қайырып, әлгі екеуін бақылады.
Жаңағы бастап ұшқан торғай әйнекке жақын үш бұтадан кеткелі қоныс таппай
қойды. Әр ағашқа бір қонып, ұша береді. Құйрық-қанатының оң жағында тырнақ
көбесіндей ағы бар, сонысынан таныды. Серігі, осылай, екі-үш мәрте ұшқанына
ерді де, әрі қарай ілеспеді, басқа бір торғаймен қалды: «сенімен әуейі боп селкілдей
берер жәйім жоқ, чире-чирик-чи» деген тәрізді. Идаят неге екені белгісіз, З