қыр бар жотасыз,
азамат бар батасыз, аруана бар ботасыз,
қу құлқын бар баяғы, баяғы өмір – опасыз.
Ойраны бар ошақтың, шаңырақ бар тұл қалған,
ақ жаулықты ана бар – бірде дана, бірде аңғал.
Жалбарынсаң жаумайтын
бұлттары бар бұлданған –
енді қашан бұлданып болар екен бұл жалған!
Барсаң – сәлем сол елге,
байғұс құсым – қызғышым,
қайғыңды ермек етерсің, қанатың бар, түзде ұшып.
Заман – арыстан екен,
күшік болсам – нем бар ед, арыстанмен ызғышып!
Қош, қош, қызғыш, мен кеттім, енді есен бол,
енді есен,
жиі қанат қағарсың қауқарыңа сенбесең.
Кіділігім – күшім бе, кісімін бір мен кесел:
Жем бойынан жем ілмен жеті мәрте жеңбесем!
Сағынғанда сол айдын ораларсың көлге сен,
айдын бетін аймалап жылағалы мөлдіреп,
Оралармын мен де елге ата-жауым жеңді деп,
қас жауымнан бір мәулет сұрағалы мөлдіреп.

3
Тағы үдеді ақ боран,
ақ қиыршық қар борап,
жел айналды ық жаққа қоқыстарды қармалап.
Дауыл ұрды ақ түтек,
шаңқылдады жағада
ақ түтекпен алысып жалғыз ұшқан шағала.
Жалғыз еді ақын да:
ақ қылышы – қынапта,
ақ найзасы – тақымда.
Жалғыздарды жалмауға
жатты тағдыр тор жайып
жалғыз еді Ер сол күні,
жалғыз еді Ақ Жайық.
Ердің жүзі қап-қара – түтеп тұрған беті еді,
жердің жүзін ақ боран бітеп тұрған беті еді;
жолшы – жалғыз,
жел қарсы, делиеді етегі.
Дүңк-дүңк етіп қан-тамыр тепкілейді шекені:
“Жер қайысқан қолынан” қайтып шыққан беті еді.
Өрлігі бар бастарды – біреу түбі сатады,
Өтімді деп жатады батырлардың атағы.
Атағы емес ақынның,
ең шатағы, шатағы:
Сол ақынға халықтың жақындығы – батады,
кешірер ед ақынды, батырлығы – батады.
Батыр жалғыз болатын,
ақпандарда ашытқан
мергендердің оғындай ұрушы еді қашықтан,
көрші-күндес көп жұртты көрген емес сөз қылып,
алыс жаққа асығып келеді ақын боз мініп:
толқындардың алдына толқын салып оздырып,
Ақ Жайықтан аңқылдап Атырауға асыққан.
Жайық ақты жарына ақ жалдарын лақтырып,
ақ қар жауды алғашқы,
ақ жел ұрды аптығып.
Ақын жалғыз келеді – көкірегі жатты ұлып...
көлгірсіді дүние – қар астына қақ тұнып –
көлгірсіді әлдекім,
шылауынан алды аттың:
– Хош келдің, – деп, – батырым, –
қатты біреу салмақты үн.
Қасиеті ақынның, одан гөрі дерті еді –
танымайтын айырып жәдігөй мен жалдапты.
Жылу аңсап жанына сәл жабыққан ер еді,
көп досымның бірі-ау деп жылы сәлем береді:
секемсіздік – ерлердің сол баяғы соры да,
түсті қыран топастың торғай аулар торына.
Көсеуде де, ойлайтын, көңіл бар деп көл ғұрлы,
өз көңілі, себебі, көл секілді мөлдір-ді;
кектілерді көргенмен
көрмеп еді көлгірді,
ертегінің еріндей еңсесі бар кісі еді,
найза түсті қолынан,
батыр аттан түседі –
үй иесі емпілдеп есігінен ендірді,
сыртта қалды қол-қару,
бел-қаруын төрге ілді –
тағдыр, өстіп, ерді де емеурінмен көндірді.
Міне алмайды-ау дегенде Ақ боз атқа енді ырғып,
әлгі есіктен алақтап ауру жандай есалаң
қанжарлары қақаған кіріп келді бес адам,
үйдің түкпір-түбінен көлеңкеге ұсаған
қылыштары қылқиып түрегелді үш адам.
Тұлғасы бар жирафтай одан-бұдан құраған
көтеріліп келеді пеш түбінен бір адам.

Тек аулақта жарына ақ жалдарын лақтырып,
жалғыз ағад Ақ Жайық,
ақ жел ұрды аптығып.
Үйде – ақ қылыш шабылды –
үріп кетті ит-пиғыл,
қасіреттің қасқыры әлдеқайда жатты ұлып.
Ақ текемет бетіне қызыл қаннан қақ тұрып,
дір-дір етіп ұйыды;
әй, дәурен-ай, өтпелі
ең болмаса бір баста тұра тұрсаң көп пе еді –
қаруына ұмтылды ер – әттең, қолы жетпеді:
– Ей, қиқым-жұрт,
сендерге қалай қонсын ырыс-бақ,
кек алар ер сен бе едің, көбік-ауыз ұрысқақ,
дұрыс ұста семсерді,
ессіз, аңқау байғұстар,
өлтіре де алмадың тым құрыса дұрыстап!
Бас шабылды енді-енді – басынатын кісі көп,
басынуға батырды асығатын кісі көп:
бес қаруы көкжалдың кетті әркімнің белінде,
тақымында біреудің боз ат кетті кісінеп.
Қалай болды бұл өзі?
Оны ойлаған жан қайда,
қара қайда,
хан қайда – қалды бәрі шалғайда.
Өш алатын бұқпақтап, аша алмайтын қан майдан
заты залым жандарға – зауал деген болмай ма,
заман-әже, қол байла, жақсы ұлыңды желге айда,
тарихта, сен осы... не істеуші едің ондайда?!
Алданды ақын соңғы рет – алдаған өз атағы,
саудагер ғой қашан да сыртқы жаудың қатары,
сатылады ішкі жау, сондықтан да – сатады.
Даналар да сондықтан қапы кетіп жатады,
әр тақымда кісінеп аты кетіп жатады.
Мерт болды өстіп мерейлі ұл,
ездер үшін аз ол да –
әттең, ездің есесін әпермейді ажал да.
Айла өседі, деседі, ұяты жоқ базарда,
сауда өседі, деседі, ел пиғылы азарда.

4
Өлкесінде бір ердің айқасты өстіп көп қылыш,
Желкесінде жыршының, шар болаттар, соқтығыс,
түсінік пен түсінік, сен де соғыс-соқтығыс:
барыстың да бақыты жанашырсыз бола ма –
“арысым-ай!” деді ана аңырап елсіз далада,
қутың қақты қушыкеш бітті, бітті деп, бір іс.
Бірін-бірі құттықтап күлісті кеп қыт-қыттап,
мәз боп жатты бір қорқақ
бір қорқақты құттықтап.
Кенет ақ мұрт бұталар тұнжырап бір қайғы алды,
кенет Жайық-су жылап иірімге айналды.
Ақ жел тынып – самал боп жылға кезді қаңғырып,
шар болаттан ұшқан үн
жаңғырық боп қалды ұлып,
төбелердің арасы – таба алмаған жарасым,
жемірілген жел