Замана бұлаңдайды – бұл алдайды,
Далаға жел қуаныш, тұман – қайғы.
Атының басын ұстап бүкіл қазақ
Түсіріп алды бірде Құнанбайды.

Құнанбай кеудесімен жат арманның,
Біреуі ед мал мен Биден бата алғанның.
Ол-дағы әкем еді, менің әкем,
Бәрі де сол буырыл сақалдардың.

4
Жарылды Азғыр жақтан Күй ағынан,
Күй туды туған жердің қияғынан.
Құрекең Жиделіде желіп еді
От шықты “Бозшолақтың” тұяғынан.

Бұл жақта Дәулеткерей, “Қос алқалы”
Бір қызды үй сыртынан тосар тағы.
Баяғы қара шаңырақ қазақ үйдің
“Боз Інген” қайғысымен қоса артады.

Көкжиек таң боп түсін бозартады,
Таңменен қойшы қазақ қозы артады,
Түсірмей барады алып “Саржайлауға”
Тарихтың жүгін буып сөз арқаны...

Бір жақта Махамбет жүр найза ұстаған,
Отпен де, өлеңмен де айныспаған.
Ақыры ол Атырауға батып тынды,
Жүрегін жуамын деп қайғы ыстаған.

Ілініп зорға тұрды байғұс заман,
Қара бұлт қуып жүріп айды ұстаған...
Кер дала көлеңке боп көшіп тұрды,
Желменен кедей ығып, бай қыстаған.

Үзіліп біткеннен соң үн көмейден,
Деді Адам: “Артығы жоқ үндемеуден!”
Сонда да бұл дүниені жылытты Күн, –
Балалап ғасыр-ана жыл көбейген.

Алдады көкжиек боп арман алда,
Арманда барғандар да, бармаған да...
Ой шошып түрегелді түн төсегінен
Сейтектің “Заман-айы” зарлағанда.

Күңіренді бесік тербеп ойшыл ана,
Шаршаған кек қарысып бой сынала.
Көрінді үңірейіп түнгі дала,
Есіктен кіргенінде қойшы бала.

Айтады, айтады ана бесікке бұл
Бесіктен бері өзінің есіткенін.
Шалықтап сәби жатыр...
Бітеп тұрды
Жұлдыздар жыртық үйдің тесіктерін.

Тербейді, тербейді ана бұл бесікті,
Бұл бесік тербелумен күн кешіпті.
Өзі үйде ұлы ананың, қиял-ойы
Даланың бұлттарымен бір көшіпті.

Тербейді, тербейді ана ұл бесігін,
Барында базарының – сүлдесінің.
Асыға күтеді ана, күтеді ол
Өзімен бұл сәбидің тілдесуін.

Күңірену, күрсіну боп салған әні,
Жымиып күлсе сәби – таң қалады.
Тербейді бесікті ана паңдана бір,
Тербетіп отырғандай бар даланы...

Көзіме кеп сүгіретті әкеледі
Бүгінгі о заманғы әкелері.
Сол бесік, қарыншашты қара сәби
Дәл шыным – осы менің әкем еді!

8
Жұлдыздар мұңды аспанға тырмысқан мың
Қадалды кеудесіне Түн-мыстанның.
Бейне бір қылмысындай өткен күннің
Іздерін жел жасырды Шыңғыс ханның.

Тағылық тағылықты жүрді қуып,
Кім екен қойған ана жырды буып?..
Шаңырағы сол күндердің шыр айналды
Ұстамай әр жердегі бір-бір уық.

Сүйеніп ақсақ-өмір балдағына,
Сенбеді өз-өзінің салмағына.
Төмпешік болды адамдар шөге-шөге,
“Бозтөбе” талайлардан қалды адыра.

Жер мен көк бір-бірімен кетті арбасып,
Жанды – мұң, қалыңдатты бетті Ар басып.
Тек қана бір жылт етіп әр төбеден,
Барады күлін тастап оттар қашып.

Кек болып ұшқын түсті әр ашуға,
Жаңамен ұмтылды Ескі жарасуға.
Тек қана әз-әзіл жел жүрді билеп,
Жарық пен қараңғының арасында.

Дәл сонда ұшқынды төгіп-шашып,
Тамшы жас жанарына келіп, қашып.
Отырды қоңыр үйде, отыр біреу,
Малынып қара терге көрік басып.

Дауылдай кетті ышқынып көрік мүлде,
Ұшқындар қанат қақты жел үстінде.
Жеп жатты темір мен от бірін-бірі,
Жалындар жымыңдаса келіп тілге.

Үрлейді, үрлеп қазақ бұл көрікті,
Ғасырға талай-талай жыл беріпті.
Суарып сұр болатты қара терге,
Өзі де іріленіпті, түрленіпті.

Басады ол бұл көрікті, үрлемейді,
Тығындап түйіншек-кек тұр көмейде.
Ақ ұшқын ағып жатса жұлдыз болып,
Көңілін ұста байғұс бір демейді.

Басады ол, (алқынады көрік те үрлеп),
Шақырып әлдекімді көріп тұр деп.
Өзі де кеудесінің көрікке ұқсас,
Секілді бар даланы беріктірмек.

Басындай сол ұстаның балға-дағы,
Бір салмақ бір салмаққа жалғанады.
Жұлқынып жатты қазақ,
Жалғыз өзі
Оятып жіберердей бір даланы.

Қарады ол бірінші рет алға бойлап,
Жалауын жақсылықтың жанға байлап;
Пісірді сұр болатты, сол өмірді,
Салмағы бір ғасырдың балғада ойнап...

Берді ақыр Имановқа ол қылыш соғып, –
Ұсақтық атаулыны ұлы іс жеңіп.
Көнелік күңгірттеніп сала берді,
Таусылған айдай болып жіңішкеріп.

Жан туын жыға алмады жат ел қолдан,
Өткен күн өзін жұтып, қатемді алған...
Сұраңыз, сенбесеңіз тарихтан,
Сол қазақ – нағыз менің әкем болған!

6
“Жыл – деген – 17-шы аты мұның” –
Жел қағып алып кетті ақын үнін.
Қарсы алды ол жылды да қоймен қазақ,
Ары мен арқасында ақылының...

Күндердің көп қарызын күндер төлеп,
Далаға тағы бір леп кірді ентелеп.
Құрақтар жақсылықтың шертті жырын,
Бұлақтар жағасына күлді еркелеп.

Ақыл-ой төсегінен ырғып тұрып,
Көңілге шаттық сезім жыр бұқтырып,
Жер-ана бақыт тапты,
Бұл әлемге
Әйтеуір орнады деп бір мықтылық!

Көлінде қуаныштың көңіл жүзіп,
Күннен күн бола берді өмір қызық.
Күректер кен қазуға тұрды дайын,
Көгеріп бүршік атты сырлы қайың.

Аспанда бұлт орнына тулар аунап,
Бақыттың бала-күні туды арайлап.
Шақырды Амантайды, Асқарларды,
“Ботакөз” орамалын шыңға байлап...

Октябрь... жеңді Ресей, жеңді заман,
Бақытты болуы үшін енді Адам.
Жаңа өмір адам болу правосын,
Қол қойып, мөрін басып берді маған.

Осылай басталды өмір, еңбек деген,
Еңбектің пәк терінен жер кеппеген.
Үйренгем сол еңбекке жөргекте