Ұстаз ғып Абай, Қасым, Исаны мен
Өзімше бір қабаққа үй салып ем.
Мыңқ етпес бұршақ ұрсын, жау ырғасын –
Ұйқастан қалап едім қабырғасын.
Қырқып ап тастың тілін,
шың қырпуын
Жиып ем беріктіктің мың бір түрін.
Жақтауын образбен кестеледім,
теңеумен терезесін тескен едім,
Салып ап сезім атты пешті қырын
бусанып отырмақ ем кешкіғұрым.
Болмады.
Тұрмыс атты тұрды дауыл,
басталды сол дауылдан құлдырауым.
Үн қатты таңдаңарлық көңілім сонда
Жоғалтқан домбырадай бір бұрауын
Ие, сонсоң?
Не болушы ед сонсоң маған,
Көз – кеще,
Өзім тастай болсам надан:
Бітпеген құрылысты жұрт тонайды екен,
еңсерген,
бірақ бәрін тауыса алмаған,
Үй – бөтен,
ел әйткенмен, деп, өз елім,
жақтауын біреу апты терезенің.
Темірді тегеурінге жалғамақ та –
теңеуді терлік қылып салған атқа.
Образ – орамалдай жалбалақтап,
айналған ой байғұстар доңғалаққа.
Әйтеуір, іске асарын алып, тонап,
Кетіпті шикі сазды қалыптан ап.
Талды иіп,
тасты иіскеп
жұқартыпты,
бояуды балақтарға жағып қарап.
Іруге іртетасы көнбегенмен,
Өлідей –
Өң қалмаған өң дегеннен.
Құрылысты тастамау жөн,
тастадың ба,
дұрысы: қайтып келіп көрмеген жөн.
Келіп пе ең көне орныңнан қорлық ала,
Көне емес,
Көненің тек орны ғана,
Шеге емес,
Шегенің тек орны ғана –
еңбегің жанған екен, сорлы бала!
Әлі де ой, бақта – шыбық, баста қан бар,
тауыса алмас тасып қасық, тостағандар.
Әйткенмен соңғы шеге қағылғанша
Жаңа істі, сақ болыңдар, бастағандар!
Таяғын талай-талай жеп тұрмыстың,
Түсіндім желі өтінде өткір қыстың:
Неліктен кеткендігін азып-тозып,
Гурьев, Көкшетауда көп құрылыстың
Ал, өзім?
Баяғы әлді иықпенен
Қамытты баяғыша киіп келем.
Тағы бір қабырғаны қалқайтқалы
Талап қып тақтай, шеге жиып келем.

1983