(Калинин атындағы совхоз
инженері Зейнұр Сейдеғалиевке)

Бір азамат келді деп біз білетін,
ауыл барсаң көрсетер қызыметін.
Бір сөзіне күлсең сен,
одан сайын
тырысады сөйлеуге қызық етіп.
Өздерінше күлсең сен сақылдап-ақ,
ағайынмен аралық жақындамақ.
Үй иесі соған мәз;
көрші-қолаң:
келді десе алыстан ақын бала.

Оңды-солды алдыңа сап тағамын,
қысылтады сені аса баптағаны.
– Бүгін мына төсті ұста, ырым болсын,
ертеңге бар кемпірдің сақтағаны.

Аға болып, қамқор боп, бауырға ала,
өзіңе ептеп ұрсады – ауырлама;
көргің келсе адал жан, биік жанды,
аласарған кезіңде ауылға бар!

1967, 1982