* * *
Қара аспанды көтеріп тұр бағана,
біздің осы лавада.
Көлбеп түскен көлеңкесі тіреудің
терең қазған орға ұқсайды алдыңда –
түсіп кетер секілдісің – аттасаң,
ал мұнда
крепильщик жата қалып іргеге
Жатыр сол бір қара аспанды шегелеп –
О, керемет! Жүзі де оның қап-қара,
қос қара аспан жеп барады бір-бірін!
Аспанымен лаваның
мөлт-мөлт етіп ақ тамшылар ағады,
ақ тамшылар жетеді.
Сол жігіттің күйе басқан жүзінен
ақ тамшылар біртін-біртін үзілген
Метеордай ізін тастап кетеді...

* * *
Қайла... Күрек... Көмір қара, көз қара,
мөлтілдер тек аппақ тамшы сүт-шамдар.
Алақанын алдырыпты бозбала,
алқынды шал... ащы ауаны жұтпаңдар!
Аппақ жарық ақтарылды аңқа сып,
Қоп-қою шаң тұнып жатса тымырсық.
Өз шыдамын жеді әрбір жан таусып,
Сым бойында жасыл ұшқын жүр ыршып.
Қос рельс – мандолиннің қос шегі,
қара вагон күмбірлетті –
жүгір, шық.
Мұндағы күй – күш тілейді, өстеді –
Бұлшық еттер – бейне темір шығыршық...

* * *
Қара бұйра сел алса,
Қара вагон толып шығар біртіндеп.
Қара толқын аяқтарға оралса,
Мотор-жүрек соғып кетті зіркілдеп.
Қараңғыны шаммен іреп жүр кеме,
бақытты еді шам қандай!
Екі-үш адам сәл жантайса іргеге,
екі-үш үйдің оты сөніп қалғандай.
Екі-үш бұлшық тулап кетсе толқын боп,
мың-сан көңіл рақатқа батады.
Екі-үш тамшы тер төгілсе мөлтілдеп, –
жылынар деп бүкіл байтақ Отаным.

* * *
Заулайды Жер. Шұбартады дала бұл,
Түк аңдамай қарайды тек аңқау күн,
Заулайды Жер, Жанарында дананың,
Жамбасында жалқаудың.
Қиялшылдар қаламының астында
Ұқсайды жер ала-бурыл тасқынға.
Заулайды Жер. Өзін-өзі қиған күн,
Неғылады шапағатын «иманның!»
Заулайды Жер, табанында тағының,
Тізесінде тиранның,
Көрген кезде диқаншының күрегін,
Екі ой түсер: бірі – топырақ,
бірі – өмір.
Осы екі ойға бір кеудеңнен пана бер,
Қайда барсаң қос көлеңке қараңдар...
Әлдеқашан тозар еді қара Жер,
Тозбаса егер тізелер мен табандар.

* * *
Іші қуыс, сырты бар.
Ұйысқан шаң – түнгі ойлардай қалың-ды.
Қара жалын секілденіп бұрқырар
қара көмір кәдімгі.
Әр білекті жүз қан-тамыр шертеді,
жем шоқыған құс тұмсығы – көп қайла.
Қағып жатқан секілді ме кеудені
тиген балға тақтайға?
Жеңілме, дос, жеңілме –
қайратыңды құмарлыққа қосақта!..
Кен – әуелі жанады да көңілде,
сөнеді ғой ошақта.

* * *
Электрдің станциясы мен де бір,
ток өткізгіш секілденді әр тамыр.
Тас қараңғы түкпіріне кеуденің
өт-өзенін жіберемін, тартамын
Жүрек бейне вольтметр іспетті,
Метр, метр – метрлерге тірелген.
Енді менен күш кетті –
электрдің қуатымен жүрем мен.
Мүмкін, мүмкін айналармын күлге де,
миым менің – оқ-дәрідей үрейлі.
Тиіп кетсең өртенердей бұл денем,
не өртейтін секілдімін біреуді.
Жүрер менің электрлі әмірім
электрлі заманда
Менің осы көкшіл тартқан тамырым
ток өткізгіш бола алса, ол – жаман ба?

* * *
Жарық!
Көрем сені жанарынан тамшының,
шешендердің таңдайынан көрем мен;
Көрем сені көмейінен әншінің,
ал, кейде бір... туып кеткен өлеңнен.
Көрем сені күлкісінен сәбидің,
соған деген мейірінен ананың.
Тұтанған от ошағында әр үйдің,
саған, саған келе берер қарағым.
Көрем, көрем! Көру-дағы өзгерер,
Жарық, жарық, көрем сені құнығып..
Көрінбейтін жарық болса көзге егер,
Оның да аты – жылылық!

1965