Жер бетіне бүкіл адам еккенін
«Егін!» дейді – бұл ғажайып неткен үн!
Сары бауырдай топырағына өлкемнің
Батырыпты әр заман өз кетпенін.

Кетпен, Кетпен, тозды маркаң, тай алыс,
Кетпен ісі өнімсіз іс – баяғы іс.
Трактордың табанына тапталды
Кетпен, Кетпен, саған деген аяныш!..

Осы жермен бабам көшкен, құм көшкен,
Көшкен құмға үміт, арман мінгескен.
Құм шөккенде бірге шөккен көп кеуде,
Көп тіршілік үмітімен бірге өшкен.

Өшкен жерден өсіпті өмір қайтадан,
Жер – бір ұя балапанын шайқаған.
Әр төбеге ұялаған тарихты
Бабам еккен егіні деп айта алам!..

Егін дейді қымбаттатып алтынды,
Егін аты аспаныма даңқ ілді.
Бір жылылық баурап алып салқынды,
Күнге қарай, күнге қарай талпынды.

Ей көк аспан, жердің даңқын паналат!
Сөйлемейді жүрек жаңсақ, жан ағат:
Тойымсыздық жасап жатса бақытты,
Неге керек, неге керек қанағат!

Аттандырып жәй қалмадық күн легін,
Жалқау аяқ аса ала ма жыл белін –
Аяқты адам қанат бітіп ұша алса,
Ақыл-ойдан пісіп шыққан бұл да егін.

О не деген жер бетінде көп еді із!
Анау таулар, мынау біздің төбеміз.
Теріп алсын келер күндер – келеміз,
Туған жерге біз де бір дән себеміз!

Егін, егін, мандайыңа сиғыздың
Құдіретін жыршы жігіт, күй-қыздың.
Жер қатпары ми қатпарына ұқсайды,
О, не деген құнарлы едің ми біздің!

1961