Кісі бола қалғаным жоқ мен демде,
өз ойымнан өзім талай айныдым.
Шын айтсаң да сын айтуға келгенде
керек екен парасаттың байлығы.
   Кей сәттері қамалып кеп шіркін ой
жаңсақ алған адымыңды айыптар.
Су бетінде жүзіп көрші... күлкі ғой,
ескегің жоқ, таяуың жоқ, қайық бар.
   Сол қайықтай шыр-көбелек айналып,
иге көніп, иірімге бір шығып,
Бұралқы жел кетеді деп қайда алып,
жағалауға қарап қоям күрсініп.
   Кейде аяқты нықтап келіп тіреймін,
кейде алысқа үрейімді ап жан ұшып.
Судың бетін алақанмен күреймін,
толқындардың сақалына жабысып...

1960, 1982