Ақ саусақ билейді, билейді
кәдімгі ақ мата үстінде.
Көк жіпті сұр ине сүйрейді,
көк ала кестелер түсті де –
   Кестелер кенеттен тіріліп,
ну орман өсті де жетілді.
Көк жиек сол нуға сүрініп,
асып кеп құлаған секілді –
   Көл ұйықтап көгалдың шетінде,
маңдайын жартасқа тірепті.
Осын-ау айдынның бетінде
Тастар да толқыды, дір етті.
   Кестелер көк ала, ақ ала...
тағы бір қарашы, байыптым.
Төбемде ұшқандай шағала,
жағасын еске алдым Жайықтың...
    Кестелер, кестелер тірілген!
Жарымның қолына қарадым:
кестені жап-жаңа тігілген
кер-дала жамылып барады.
    Кестелер көгеріп түсті де,
сұр ине көк жіпті сүйрейді.
...Осылай туған жер үстінде
Саусақтар билейді, билейді.

1960, 1982