Жапырағыңды бер деп едім қайыңға,
Қайың айтты:
топырағыңды дайында!
Іс болды ешкім қолдамаған –
Күрек салдым, жер қатты екен, өтпеді,
Жер сөйледі сонда маған:
Сұрап алған сұлулыққа топырағым жоқ, – деді.

Қызыл гүлге жұпарыңды бер деп ем,
тербел, деді ол, мен секілді желменен.
Ойлама ақыл, ашу, амал түк қайғы,
ал, әйтпесе қағаз сорған сұрқыңа
Исім түгіл, бояуым да жұқпайды.

Пәлсапаңды бер деп едім көк тасқа,
Қанағатты да ойла, деді ол, оқтаста:
дүниедегі жақсылықтың бәр-бәрін
Мен ғана иемденсем деген арманың
іске аспайды,
болам дедің – болмадың,
Өйткені сен табиғатты қорладың!
Барлық байлық, бар қасиет, бар асыл
табиғатта ғана тапқан жарасым;
табиғатқа ғана бәрі жарасар,
кім едің сен табиғаттан әрі асар!
Осыны айтып жатып қалды тас үнсіз,
Құрысын, дедім, армансыз күн – асылсыз.
Тас, содан соң, тасқа айналды мәңгі өлі.
Маған тастың пәлсапасынан гөрі,
Жапырақ, гүлдің сыбдыр-үні ұнады.
Жоқ-жоқ, ойдың аяғы емес бұл әлі:
ғашық болған сұлуларым толы арба,
Күйіп-жанып сүймеп едім мен кімді –
тас секілді басты көбі көңілімді,
Сүю – қорлау боп көрінді оларға.

1. Э т ю д

– Неткен ауыз әлгі ауыз?
– Ауыз емес, жалмауыз!
Ерін екеу, тісі отыз –
аз байлық па бір бетке.
Қорқу – жатса құрметке,
Уа, дірдекте, дірдекте!
Ауыз емес, қазан бұл,
тісі – кемер,
тіл – қалақ.
Қуырады бидай ғылып жаныңды
тіл-қалағы былғалап.
Аз болар деп ол әлі,
Үйтілсін деп бас мына,
отын өртеп салады
әр сөзінің астына.
Қорықпаңдар мылтықтан,
сескенбеңдер жауыздан!
Қанжар шықты ауыздан –
ал, бауыздал, бауыздал!

2. Э т ю д

Сурет емес бұл тегі,
басқа мағына бар мұнда:
Қызыл бұзау үркеді
арқандалған шалғынға.
Қара еменнің басында аспан қалғыды,
Жапырақтар жалбақтауын қоймайды,
бірі – мимен,
ал бірі
Құлағымен ойлайды.
Ал, сөз бүгін – ересек,
дәл береді ұғымды:
менсінбей тұр кәрі есек
желідегі құлынды.
Затын – есек демесек
есекте де көп есеп:
«Тұлпардікі келешек!»
деп ақырды көк есек.
Құдіретің кім, құсың кім –
жүргізді есек есепті...
сен де бәрін түсіндің
құлағымен есектің.