Кей пернеге қадалады саусақтар,
сол пернеде жатқандай бір сыр-тетік.
Жаныңды, рас мазалаған, аңсатқан
нағыз дыбыс содан шығар бұрқ етіп –
күйші сондай күлген кезде емес пе ер,
қайғырса да қадірлі екен нағыз жан.
Саусақ енді бұрғы болып елестер
белгісіз бір кенді тауып ағызған.
Тәттілігі жақсы қыздың назы да,
бірақ саған айтылды ма наз ондай?
Мағынасы терең-терең қазына,
қиын сенің отырғаның қаза алмай.
Осы күйдің құбылуын еске алсаң,
сүйіктіңді көрген түстей бітіп қап
қор етеді;
енді бірде бес саусақ
екі шекті еңіретеді қытықтап.
Әрі әдемі, ақ арақтай тұп-тұнық,
әр пернеде мас боп жатыр бір-бір үн.
Түсіне алсаң «Сарыжайлау» мықтылық,
Түсінбесең – домбыраның күмбірі.

1967