Заманмен «емен­ше – ерегісіп өскен», туған халқы­ның төл ру­хының топы­рағында «та­мыры таспен тістесіп» өнген, бәлкім, адаса жүріп ақтықта ақиқатқа жеткен, қандай жағдайда да аппақ арының, ақ арманының биік жұлдызы – Те­мір­қазық бағыттан табан аудармаған қиын тағдырлы, күрделі өрмекті қай­сар ақын Жұмекен Нәжіме­деновтің екінші өміріндегі маңдайына тәңірім жазған еншілі бақытына кім де болса қызыққандай. Сөз жоқ, «Менің Қа­зақстаным» қазақтың жиырмасыншы ғасырының басты әні болды, ал соған жалғасқан келесі ғасырдың басында ол тәуелсіз Қазақ елінің мемлекеттік гимніне айналды. Жұмекеннің өмірлік жар қосағы Нәсіп апайдың айтуынша, «Ме­нің Қазақстаным» әні мәтінінің екі шумағы Қарағандыда, 1956 жылы жа­зылыпты. «Алтын күн аспаны, Ал­тын дән даласы» деп басталатын бұл шу­мақтар сарғыш тартқан парақ­тарда Жұ­мекеннің Мәскеуден әкелген, бола­шақ туымыз түстес көгілдір шаба­данында сүйген қызы Нәсіп сыйлаған кестелі ақ орамалмен бірге сақта­лыпты. 1959 жылы Қазақ радиосынан алғаш Жамал Омарова орындаған осынау күрескер ән, осынау ғажайып ән, сазы мен сөзі бірдей келіскен құді­ретті ән туған халқын әр таң сайын тербеп оятады. Еліміздің әрбір жеңісі мен жемісі, әрбір қуанышы мен құтты қадамы осы аспани асқақ әнмен паш етіледі. Халқымыз өзінің аңсарлы бо­ла­­шағына жұлын-жүйкеміз­бен қы­тық­сыз жымдасқан, жан-жүре­гімізбен қалт­қы­сыз сырласқан, барлық тыныс-тіршілігіміздің туындай желбіреген осы аяни әнмен бірге адымдап ба­рады. Осындай асқақ әнді туғызған халық шы­ны­мен де бекзат емес пе, осындай ха­лық шынымен де әз бос­тандық пен аяулы бақытқа лайықты емес пе. Соны ойла­ғанда Шәмші мен Жұмекендей мәйекті һәм маңдайлы қос талантты 1956 жылы Алматы кон­серватория­сына оқуға бірге түсіріп жо­лықтырып, алма­ғайып шақ­тарда Алаш рухын асқақ­татар өрелі ән туғызуға бастаған тағдыр жолына тәу етпеске әддің жоқ. Жарты ғасыр бойы жабыр­қаулы жа­нына жұба­ныш, назыр­қаулы да нала­лы намысына қайрақ еткен халық сол «Менің Қазақ­станымды» қайта туғы­зып бағын ашқан, халқының қа­лауына қылаусыз құр­метпен қараған Елбасы­на және мың рахмет деместің де жөні жоқ.

Алаштың асыл мұраты біріктіріп бір бүтінге айналдырған сазгер Шәм­ші мен ақын Жұмекен бір-бірінен айы­руға, алалауға жатпайды, біреуі жо­ғары, біреуі төмен емес. Иә, елі­міздің барлық түк­пірінде жарты ғасыр бойы асқақтата шырқалған осынау әнді туғызудағы екеуінің еңбегі мен орыны бірдей. Бұл ән қазақтың елі мен жеріне көз алартқан қысас қиянат­тың елуінші жылдардың екінші жар­ты­сында асқына түскен жаңа толқы­нына Шәмші мен Жұмекен жүрек­те­рінің наразылығы еді. Бүкіл халықтың жүрегіне бірдей жол тапқан, кең дала­дағы мың сан тұлпар тұяғындай дүбір­леген, қырандай қиқулаған, ұрандай атойлаған осы ән арқылы олар қазақ жерінің тұтастығын қорғады. «Қарлы­ғаш қанатымен су сепкендей» деген сөз бұл араға жүрмейді. Себебі, бұл ән аса қуатты, жойқын қарсылықты оят­ты. Бұл ән булығып бұлқынған, түптің түбінде жанартау болып атылар зор майданды бастап берді. Ол жанартау атылды да. Әмсе тау бұлағындай тас­қын­даған толас­сыз қуатпен намысты қамшылады, жігерді сілкіндірді, көкі­ректің терең тұнба­сында туған елге деген таңғы шықтай тұнық та тұма сезімдерді оятты. Елдігімізді алпыс жыл­дан астам уақыт қызғыштай қо­рып келе жатқан сол ғажап қамшыгер ән алғаш рет бар дауыспен жер-жа­һанға жар салып Қазақстанның кімдікі екенін ересен мақтанышпен көлтек­тет­пей кесіп айтты. Кімнің Қазақ­станы? Қазақтың Қазақста­ны. Шәмші­нің Қазақстаны. Жұмекеннің Қазақ­станы. Жұмабек Тәшеновтің Қа­зақ­­ста­ны. Менің Қазақстаным. Біздің Қазақ­станымыз. Ән барлық қазаққа уыс­тан шығып кеткелі тұрған өз Қазақ­станын қайтарып берді, әр қазаққа өз көңілін­дегі бір-бір сүйікті Қазақстанын сый­лады. Ән қайырма­сында ақын мына ел мен жер маған тән, менікі дейді. Поэ­зия мен музыка үйлесе құйылып, осы­нау ел мен жер үшін гүл болып егіліп, жыр болып төгіледі. Мәңгілік ел үшін. Ешкімнің еншісі жоқ өзінің Қазақ­станы үшін. Көңілді көкке өрлетеді. Сезім мен санаға тікелей жол салып, жан тебірентеді. 1986 жылы желтоқ­саншылардың осы әнді неге шырқа­ғаны енді түсінікті. Себебі, сөзі мен сазы бірдей үйлескен бұл ән қазақ ұлтының қаһармандық рухын паш етті, жанардағы жасыған жасқанышты жойып, жасын ойнатты, бойларына батылдық бітірді. Жандарың жәннатта болғыр Жұме­кен мен Шәмші осындай бір ғаламат ерлік жасап еді, мәңгі ұмытылмас еңбек сіңіріп еді еліне. Пырақ перзенттерін «ештен де кеш жақсының» жорасымен елі де ескеріп бағуда. Мемлекеттік гимн мәртебесін алған ән қазақ елі барда, халқы барда мәңгілік жасай бермек. Өткен жылы композитор Шәмші Қалдая­қов пен ақын Жұмекен Нәжімеденовтің шы­ғар­­ма­шы­лық мұралары Қазақстанның ең жо­ғары мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. Енді әлде Алматы, әлде Астанада ұлт мерейін асырған ұлық әнұран авторлары – Жұмекен мен Шәм­шінің жұптарын жазбай қатарлас, қанат­тас сомдалған еңселі ескерткіші асқақтап бой көтерсе, бүгінгі заман­ның биік өркениетіне сай елдік өре­міздің бір белгісі сол болары сөзсіз.

Туған елімен таста өскен тарамыс тамырдай берік бітіскен Жұмекеннің пешенесіне жазылған осыншалықты керемет, тағдыр сыйының сыры неде? Мұны бір өлеңмен, жалғыз туындымен тарихта қалу­дың сирек мысалына жатқы­зайын десең, алдымызда ақынның ұлан-ғайыр мұрасы жа­тыр. Қырық тоғыз мүшеліне қараған шағында соңғы демі үзілгенше қаламын қолдан түсірмей, жойдасыз жанкештілікпен еңбек еткен ақынның көзі тірісінде 19 кітабы жарық көрсе, қайтыс болғаннан кейінгі жыл­дарда шығар­ма­лары оқырманға 15 мәр­те жол тартыпты. Жұмекен поэзиясын Әбділда Тәжібаев: «ұлттық мақтанышы­мыз… алтын сандық­тағы асыл байлық­тар» деп бағаласа, Ғафу Қайырбеков: «тозуды білмейтін мәң­гілік қазына… сарқылмайтын мәңгі құбы­лыс дәрежесі­не жеткен ақын» деп қайырады, Жұме­кенді ең алғаш ұлы ақын деген атаққа шығарған да осы Ғафаң. Дуалы ауыздар бекер айтпайды. Бұған: «Замана сал­мағын бүкіл болмысымен сезінген, ұлт денесіндегі дертке өлеңімен күрес аш­қан ақын» деген Әбу Сәрсенбаев сипаттама­сын қоссаңыз, осының бәрі Жұмекеннің қазақ поэзия­сындағы, жал­пы ұлт руха­ниятындағы әуел бастан даралап еншілеген өзгеше бөлек миссия­сын айқындап, әйгілей түспек.

Жұмекенді жұмбақ ақын, болашақ­тың ақыны деушілердің де дәлелді уәждері аз емес. Бірақ сол жұмбақ неде? Азаттықтың ұлы жыршысы Махамбетпен, күй атасы Құрманғазымен бір то­пы­рақта туған, бір құнардан нәр алған, Әбіш Кекілбаевша айтқанда, «бір тақырда асық атып, бір құмақта құмар­шық терген» бұғалыққа көнбес бұла мінезді шайыр жырының тұңғиығы мен тұнығы қайда? Тамыры мен тегі қайсы қиянға тартады? Бұл сұрақ­тардың жауа­бы тағдырлы ақынның өмір өзегімен бірге өрілген, сонымен бірге өз шынды­ғын, астарлы өсиетін айтып үлгеру жолында үнемі ширығып шамыр­қа­нумен қаны тасыған, үнемі жоқ іздеген алай-дүлей буырқанысты хал кешкен қайсар жырларында жатыр демекпіз.

«Ей, киелі топырақ!

Сенен бөлек тынысым, тіршілігім жоқ менің!»

Міне, Жұмекен жұмбағын ашатын кілт. Ақын кіндігімен байланған, тәңі­ріне балап бар тағдыр-талайын қолына табыс­таған осынау киелі топырақ қай­да? Оның аты мен заты қандай? Мәні мен мағынасы қалай пайымдал­мақ? Әри­не, ең әуелі ол киелі топырақ Қо­шалақтың құмында, Ашақтағы ауы­лында. Ол топырақ киелі болмаса, атасы Нәжімеден жалғыз ұлы Са­быры май­данға аттанарда Ашақтың сорына ба­ласының табан ізін таңбалатып алып қалып, үстіне қара қазан төңкеріп, өле-өлгенше сол ізді медет тұтпас еді ғой. Бала Жұмекеннің көзінде әке бейнесі сор топырақтағы сол із арқылы сұлба­ланып, әкеге деген сағы­нышын сол топырақты құшақтап басатын. Ол топырақ киелі болмаса, Нәжі­меден қарт Қошалақтан жетпіс шақырымдағы Ресей шегіне ірге аудар­ғанда белбеуіне туған жердің бір уыс құмын түйіп алмас еді ғой. Сол қарт атасы әл үстінде жатыр деген хабарын естігенде аяқ артар көлікті күтпей, жаяу, жалаңаяқ жанұшырып жетіп еді-ау Жұ­мекен жалпақ жалғандағы жалғыз жақы­ны, жан атасына. Бәлкім, туған топы­рақтың ыстық қасиеті табанынан өтіп, жүрегіне сол кезде жетті ме екен болашақ Гимн авторының?!

«Менің топырағым». Бұл өмірде енді көп тұрмасын сезіп білгендей ақын­ның асыға дайындап, ақыры қолжазба күйінде қалған, 1985 жылы шығып, әде­биетіміз­дегі елеулі құбылыс деп қабыл­данған ерекше бітімді кітабы осылай аталады. Топырақ киесін бойына то­лайым сіңірген кітап. Бүкіл саналы өмірінде Жұмекен үшін топырақ дегеніміз қазақтың биік рухы, ұлттың қадір-қасиеті, Алаштың ар-намысы еді. Киелі топырақ дегенде іштен тынған күйініш­ті ақын туған халқының ғасырлар бойы жасаған бай рухани-мәдени қазынасын, баба батырлар баста­ған ерлікке толы ерен тарихын меңзеді. Оның ой-қиялындағы топырағы елі мен жері, тілі мен ділі болып тамырланды… «Тіл құриды» деген мәң­гүрттермен, анығын­да кеңестік кесір саясаттан туындаған, қандас­тарының санасын кеулеп жаула­ған жұлын­құртпен қиян-кескі тайталас­қа түседі.

Бәрімізге тағдыр – біреу,

бір ырғақ,

ана тілін шамамызша жұмырлап

келеміз ғой, сол тіл үшін егес қып,

сен – құрысаң,

мен – құрысам емес түк,

бірер кітап тумай қалар мықтаса,

одан ешкім ұтылмайды – ұтпаса.

Егер, егер тіл құрыса?..

Сақта, Алла,

тоқтығыңа, көптігіңе мақтанба!

Тілің құрид дегенді де түбінде

айтты әлгі адам

Абай, Мұхтар тілінде!

Африкада құлдың өзін тілімен

бірге сатқан – сатқанда.

Әттең, оның сөйлегені жанып бір

көкірегінің түпкір-иісін танытты.

Жігітінің ірілігі не керек,

тілі өлсе егер – тірілігі не керек,

керегі жоқ маған ондай халықтың!

Елің үшін бұдан артық шырқырау мүмкін бе?! Расулдан да асырып айтқан, түсінер құлақтың, ұғынар жүрек пен сананың шымбайына батырып айтқан. Осынау киелі топырақтан мақұрым қалып айырылған, әспет тұтар ең асыл қадыр-қасиетін тоқтық пен тоғышар­лыққа айыр­бастаған, барша құнар-құн­дылығының бас­тау-бұлағы – тілін өлтірген халықтың Жұмекен үшін құны жоқ. Ауыр үкім. Ауыр да болса арлы ақынның азаптанған жан-жүрегінен шыққан әділ үкім. Сондықтан:

Тілден қалып өмір сүрген жоқ халық –

шындық – осы,

сол шындықты ноқта ғып

киген дұрыс – мал болсаң да – басыңа,

аштан өлсек – біз өлейік – жасыма,

Сенің еркің, бақпай қойсаң балаңды,

асырама, арсыз бол да анаңды –

айналайын, ана тіліңді асыра!

Өз топырағы үшін жан алып, жан берісудің жолына тас түйін бекініп шық­қан, қоғам мен заман әділетсіздігіне ашын­ғаннан ащы даусын шығарған, осы жолда тапқан өз инфаркті үшін емес, қазаққа төн­ген қатерлі замана инфаркті үшін күйінген Жұмекен осындай майдан ашты. Сол тұстағы әбден астамсып қи­қулаған қызыл идеологияңыздан тай­салмапты, керек десе­ңіз, пысқырмапты. Ақын көңілін осындай күй алуы, жүрегін осындай өрт алуы да ертеден. Оның болмысындағы әрдайымғы бір на­мысшыл тіршіліктің бейнесін де, себебін де нақ осы жайлардан іздеуіміз керек сияқты. Осының бәрі елді сақтау, елге тірек болар ұлды сақтау, намыс­қа жалау етер жырды, бар қасие­тіңнің қа­зығы – тілді сақтау мұратынан туған екен-ау. Өлеңді қашанда өлең үшін емес, өмір үшін жазған Жұмекеннің ақбоз атпен айсыз түнде адаса жүріп іздеген Темірқазығы да осы болатын.

Ал, ақын аңсарының осы ақбоз аты не күйде? Оның халін де жасырып-жаппай айтады. «Құйрық-жалы әдемі, Төрт тұяғы балғадай, Ақбоз атым бар еді – Әй, жалған-ай, жалған-ай. Қарғы­­ған­­да жыра­дан кетті айналып ұршығы-ай. Мен де оңбай құлағам, әй, қырсық-ай, қырсық-ай… Көрдім кеше боз атты – Жазылыпты. Тұр билеп, Өлеңі боп қазақтың, Кісінеді күмбірлеп. Сәл қи­сайған жалы бар, Сәл жүдеген халі бар. Әй, жануар, жануар, Әй, жануар, жануар». Қазақ рухының жан­ұшы­рып құлы­нын қасқыр тартқан жыл­қыдай кісінеген, жал-жығасы жығылуға бет алған мүшкіл халін ауызға құлып, тілге кісен салынған нақ сол жылдарда осыдан артық қалай айтарсыз. Бұған тәуе­келі жетіп барған да, қатпар-қабаттарын уақыт өткен сайын өрши асқынған дерт алған рух топырағын тереңдеп қазған да Жұмекен болатын.

Жұмекен үшін қазақ рухының киелі топырағы Махамбет пен Құрманғазы, Абай мен Әуезов, Мағжан мен Қасым еді. Мағжанды өлеңдерінде ауызға ал­май­­ды. Оның себебі белгілі. Бірақ төрт қызының ортасындағы жалғыз ұлының атын табандап отырып Мағжан деп қоюы әсте тегін емес-тін. Дәл осы жайға Әбіш Кекілбаев ағамыз да назар аударады. Зерделей қа­расаңыз, Жұмекен жыр-дастандарының мағжандық алаш мұратының мұңымен өрілгендігін бай­қайсыз. Ал, Қасым тура­лы әңгіме мүлде басқа. Қандай қыспақты жағдайларда да қазақ рухын жанының өртімен асқақ­тата жырлаған ұлттың ұлы ақыны Қасымды Жұмекен пір тұтты, «заманы бірдің амалы бір» дегендей, жа­нына жақын тартты. Алпысыншы-жет­пісінші жылдардағы қазақ ақындары­ның өлең-жырларында Қасым аты ең көп ұшы­расатыны да Жұмекен. Ескі зираттың қасында тұрғанда Қасым қабірінің басына жиі барып, өлең шумақтарын күбірлей, ой құшағында томсарып ұзақ тұратын да Жұмекен екен. «Пушкинді де қайтейін-ау, маған өзімнің Қасым ағам жетіп жатыр» дегенді де айтқан Жұмекен еді.

«Дариға-ай, қайда кетті Қасым ағам,

«Дүние қасіретіне жасымаған».

Жоқ енді, амал қанша!

От еді ол

Мен ұшқын сол бір оттан шашы­раған» дейтіні содан шығар-ау. Ішкі маз­мұ­нымен, биік рухымен қазақта Қасым ақынның қасқа жолын болашаққа жал­ғап, келесі ғасырға асырған ақындардың бірегей бітімдісі Жұмекен деп білеміз. Өйткені, ол Мағжанмен, Қасыммен әсіресе ұлттық мәсе­леде рухтас, мұңдас, мұраттас еді. Украинада ұлы кобзарь Тарас Шевчен­коның қырық кез биік ғаламат ескерткішін көріп: «Биік салу мүсінді – мақтан болса расында, Болар еді салуға бір ескерткіш Қасымға!» деп тебіренеді. Құдайға шүкір, Жұмекеннің бұл арманы да орындалды. Жүз жыл­дығына орай, өткен қыркүйекте халқы Қарағанды шаһарында Қасымның ең­селі ескерткішін тұрғызды. Қасым ақын­ның қасиеті мен қасіретін бірдей ұғынған, сол мұратты жалғаған Жұме­кенге де сондай асқақ ескерткіш жарасар еді.

Қаршадайдан-ақ кеңестік қоғам мен заманнан өзі қастер тұтқан топыраққа суық қарайтын әлдебір жаттықты сезініп, бәлкім, сол үшін де «Қара емен боп шыңға қарсы қаз басып, тағдырына қасара өскен» Жұ­мекен қайткенде де қазағының «дің-түбінің қисаймасын, аз­басын» қалайды, ұлт ұйы­ғының тұны­ғын, ұлттық дәстүр-салттың мәйегін, ұлттық қасиет қай­нар­ларын, ұлт­тық мінез бен бітім-болмысты жанға бас­қыз­бас жасы­лындай қориды, қорғайды. «Топырағы мен көкірегі бостық­қа» қаны қас. Қызыл идеология қой үстіне бозторғай жұмырт­қалаған деп мадақта­ған дәріпті дәуірден біздің шайырымыз «жетім лағы желіде қап қақсағанды, жүйріктері шаппай жатып ақсағанды» қалт еткізбей көре білді. Қиялда қастер­леген Топы­рақтың алапат ауыр дерттерден азып-тозуға бет ала бас­тағанын қапысыз сезді. Сол себептен де «айна­­ланың бәрі жылтыр, бәрі – тас, Қай­дан нәр ап лүпілдейді тамы­рым?!» деп ет жүрегі езіле мұң шағып, күңіренді. Ары­да­ғы Бұқар жырау мен Мұрат Мөң­кеұлының, берідегі Мағ­жан мен Қасым­ның мұңы­мен ұқсас, үндес, рухтас емес пе осы мұң.

Жұмекен тоза бастаған Топырақтың қасиетін қайта­руды көздейді, Қызыры мен Қыдырын іздейді. «Қызыр болып жарыл­қай­тын ғайып­тан, мейірімі шығар бәлкім халықтың?!» деп сол ұлы қуат халықтың өз бойынан табылатынын мең­зейді. Ақын осы бір үлкен арманын: «Қызыр дару халық үшін шын арман, Сол халық қой қызырды да шығарған?!» деп түйеді. Жұмекен үшін күбі мен дойыр да жай тұрмыс заттары емес, дәстүр жал­ғасына, тектілік белгісіне, қы­дыр қон­ғанның көрінісіне, ұлттық мінез-қасиетті сақтау­дың қастерлі ны­ша­нына айналады. Сөй­тіп, олар төрге озуға тиіс бірегей құнды­лықтар ретінде жырланады: «О, сәттілік, несібе-ырыс белгісі, Босағаның – берік­тіктің белгісі, Шаңырақтың – биік­тіктің белгісі! Береке алса күбілердің түбі шын, Содан толса менің көңіл-ыдысым, Тағы да оңға басар деймін бір ісім. Түнде әкеліп Алматыға кәрі әжем, Пісіп жүрді жеті құрсау күбісін…» Жұмекеннің «До­йы­­ры» да ездіктің шаңын қағып, баяғы бабалар заманындағы ер мінезді аңсайды, өшкенді жандырып, өлгенді тірілтуді мұрат тұта­ды: «Сен үшін бұл қару емес мықты аса, Ақ сор болып аттың тері жұқпаса, Зат қой дедім ескілігін бұл­даған – Басын шайқап күлді анам: Қамшы сыры, рас деді ол, ескірек… Кейігенде тастаушы еді кескілеп. Аты түгіл қатынын да ол заман – Ат қа­ғын­са – пұлын пайда ет, олжалан, Қатын тасып кетер болса – сол жаман. Бүгінгі ердің еркек болып жүргені аз, Қоқаң-қоқаң, қоқаң-қоқаң кіл қораз».

Осылайша Жұмекен дерт жайлаған заманның ақиқат суретін айнытпай са­лады. Ол өз қиялындағы қыдырлы То­пырақтың құнарын кеңестік қоғамнан таба алмайды. Табуы мүмкін де емес еді. Шын мәнінде Жұмекеннің Қазақ­станы әлі де болса бо­лашақта еді, бірақ ақын қиялына осынау бостан елінің сұлбасы сонадайдан елестеп көрініп тұр еді. «Бұ­тақ­­тарым – биікте, тамырларым – те­реңде!» дегенде оның Ке­ңес­тік Қазақ­стан­ды емес, қазақтың Қазақ­ста­нын, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанды болжалдап, астарлап айтып тұрғанында сөз жоқ. «Неғып қана көрмедің сен осы үйден, Намысшыл бір тіршіліктің бейнесін?» дейтін Жұме­кен өлеңі үлкен өре­дегі, елдік ауқым­дағы ұлттық на­мысты айтады. Осы тұрғыдан келгенде, Әбіш Кекілбаев төре­лігіне жү­гінсек, «антито­талитарлық бағыт ең ал­ғашқы кітабы­нан бастап соңғы жа­зылған жыр­ларына дейін желісін үзбегені» айдай ақиқат. Әбекеңнің Жұмекен шығар­ма­шы­лығын тұтастай алғанда «тотали­тар­лық астам­шыл­дыққа атылған оқ» деп тұжы­руы өте әділ әрі дәл тауып ай­тылған берен баға дер едік. Осы темір­қазық нысана барынша ұлтшыл, Махамбеттей намыс­кер ақынның рухани бекзаттығының, рухани тәкаппарлы­ғы­ның шынайы сыр-себебін де айғақтап, аша түскендей. Әсіресе соңғы тұяқ серпері болған, өзі көп үміт еткен және сол үмітін ақтаған аяулы кітабы «Менің топырағымда» Жұмекен­нің ақындық һәм азаматтық, күрескерлік тынысының молы­нан ашыл­­­­ғанына, сәуледей сәуелі жырлар төк­кеніне қайран қалғандайсың.

Жұмекен қазақ топырағының асыл құнарын қазақтың күйінен – Абылдан, Дәулеткерейден, Динадан, Ахмет Жұ­ба­новтан; қазақтың өнерінен – Шәкен Аймановтан таныды. Ұлттың күйлі көкі­регін, музыкалық мұралы қазына­сын қалтқы­сыз аялаған «Күй кітабын» келтірді өмірге. Шәкен ағасына арна­ған Алдар көсе туралы пародиялық-аллего­риялық астарлы әфсаналық дас­таны кеңес қоғамының қаншама қо­йыртпақ қоясын ақтарды, Алдардан өткен алаяқтар, Шығайбайдан асқан шық берместер коммунизм заманында шыққа­нын әш­ке­ре етті. Жұмекеннің тотали­тарлық қоғамға қарсылығы, міне, осыдан да көрініс тапқан еді. Ал енді қара тыр­­нағына дейін қазақ мұратын күйт­теу­мен келе жатқан классик жазу­шымыз Мұхтар Мағауиннің әдебиеті­міздің тарихын үш ғасырға тереңдеткен атақ­ты «Қобыз сарыны» монография­сындағы Қазтуған, Доспамбет жырау­лар туралы тырнақалды мақалаларын 1965 жылы алғаш «Лениншіл жасқа» басты­рып, жарияға жол ашқан және Жұмекен болуы тегін бе. Бұл да оның ұлт мұраты дегенде ішкен асын жерге қояр жанкештілігін байқатады.

Анықтай саралап, аңдай зерделегенге Махамбет пен Мағжанның азат­тық рухын пішіні бөлек, күрмеуі ерек, күрделі мазмұнмен әрі ешкімге ұқса­мас өзгеше түр-сипатпен жалғастыр­ған, өк­тем отаршылдыққа қарсы рух қар­­­сы­лығын өшірмей баққан баһадүр шайы­рымыз да Жұмекен екен-ау. Бұл Қадырдағы, Мұқағалидағы және басқа арманда кеткен айтулы ақындарымыз­дағы өршіл рухты жоққа шығару емес. Бұл – осы күрескерлік қайсар рух Жұ­мекен шығармашылығының өзегі бо­лып өрілгендігін, сөйтіп көркем суреткерлігін мақсатты һәм мүдделі түрде тұтастай қамтып жатқанын айту ғана. Осы ретте бар қазақты дағдара жаз­даған қияпатты шағында «Менің Қазақ­станым» деп жырлатқан, бар қа­зақ­­тың жүрегін бір лүпілмен тыныс­татқан Жұмекеннің пешенесіне жазы­лыпты. Өндір талаптың өз киелі топы­рағын, айнымас Темір­қазығын жазбай тануына себепшілік шарапатын тигізген әр саладағы қазақ рухының қазығындай жандарды да еске алмақ ләзім. Сол ғайып ерен, қырық шілтендей қыдыр жандардың ішінде бірінші тұратыны – пешенелі немересінің жолын бірінші болып ашқан Нәжіме­ден қарт еді. Қазақтың сұңғыла көкірек қасиетті қара шалы көз жұмар алдында атадан қалған жалғыз тұяқ Жұмекеніне ауылдағы боқташағына байланып қалып қоймай, болашағына аттануды, Алма­тыға атта­ну­ды үш қайтара бұйы­рып аманат­тапты. Немересінің ерекше та­лайын тап басып таныған әулие атасының бұйрық аманаты болмағанда екі шеше мен екі қарындасына қарай­лап, ауылда қалып қоюы кәдіктігін кейін Жұмекен өзі де жоққа шығармаған.

Ал енді атасының аманатын арқа­лап, Алматыға келіп салы суға кеткен бір налалы сәтінде тағдыр оған тағы бір жебеуші қыдыры Ғұбайдолла Ержанов­ты жолықтырады. Бұл жайды да жай ғана кездейсоқтық деуге дәтіміз жетпейді. 1955 жылдың 16 қыркүйе­гін­де «Лениншіл жас» газетінде: «Қо­лымда, міне, жолдама, Жарқ етті сол бір арма­ным, Тұрыңдар, достар, қатар­ға, Шах­таға мен де барамын» деп Қарағандыға шахтер боп көмір қазуға, өмір тануға аттануын да болжан­бағанымен, болмай қоймас бетбұрысқа балаймыз.

Сонымен, Жұмекеннің Алаш руха­ния­тындағы аймаңдай жолы баста­лады. Сол жол жас кеншіні Қарағанды көр­­кем­­­өнерпаздары қатарында Мәс­кеу­ге әкеліп, Кремльде партия съезі деле­гат­тары ал­дында домбыра тартып, ән сал­дырды. Қазақ өренінің осындай өнерін көмірдің астында қор қылып тұн­шық­тырмауға жан салған тағы бір мықты қазақ – кеншілер кәсіп­одағы­ның жетекшісі Әукебай Кенжин болып шықты. Бұл 1956 жылдың күзіне салым. Жұмекенді алда Алматы күтіп тұрды. Алда – ғашық жары Нәсіп­пен қауы­шу. Алда – қазақтың ғажайып сазгері Шәм­ші­­мен табысу. Алда – Алаш гимніне айналар, ызғарлы Жел­тоқсан­да қазақтың қайсар рухы болып қа­лықтар «Менің Қазақ­станым» әні. Алда қазақ әдебие­тінің, қазақ поэ­зиясы­ның шежіресіне алтын әріптермен жазылар «Жұме­кен Нәжіме­денов» ат­ты ақ сарайлы, алуан қазыналы жұм­бақ әлем жатты. Алда жұлдызы жар­қырар Жұме­кеннің Қазақ­станы, қазақ­тың Қазақ­станы тұрды. Бір өкініші, осы азат та ғажап Қазақстанды ақын көңілімен сезсе де, көзімен көрмей кетті.

…Жасында Жұмекеннің ақбоз аты болыпты. Атасы баптап мінгізген бәсі­ре аты. Ер-тұрманы келіскен, әб­зелі әдемі. Мүлік апасының шебер қолынан шық­қан, құстаңдайлап ақ киізбен әдіптелген қызыл жиекті, тебінгісі қылдан есілген шашақты шылбыры, ақ жыланбас тағыл­ған жүгені мен қайыс құйысқаны көз тартады. Осы ақбозына мінген бозбала Жұмекен сүйген қызы Нәсіптің үйінің алдына келеді. Аппақ киінген ақын бала ақбоздың үстінде. Атқан таңдай әдемі сурет.

Екі айдан кейін дәл осы көріністі түсімде көрдім, дейді Нәсіп апай. Ақбоз атқа мінген Жұмекен жорғаның төрт ая­ғын төрт жақта тайпалтып бұлт­тың үстінде жүр. Жүрегім ат­қақтап соқты. Керемет қуаныш, жақ­сылық болады деп жорыдым. Осындай түс көргенімді Жұме­кенге хатпен жазып жібердім. Кейін ат көрсем жылайтын болдым. Он алты жа­сымда көрген түс. Айдай келді. Жұме­кеннің есімі Қазақ­тың елімен, өзінің Қазақ­станымен бірге. Елба­сы қайда барса, Жұме­кеннің өлеңі ол кісімен бірге жүр.

Иә, Нәсіп апайдың ай­туы рас. Ақын арманы орын­­далды. Ақын­ның ақбоз аты ақша бұлттардың ара­сында ағып барады. Жұ­мекеннің Қазақ­станы ша­ды­ман шаттық­пен тойын тойға ұласты­руда. Жұ­­­ме­­кеннің өлеңі, өзі айт­­­­қан­дай, қазағы­ның бақы­ты үшін күресуде.