Екі аяғыңмен жер басқанмен төбең көк тіремеген соң пәнде шіркіннің іздегені табыла, көксегені кезіге, қуғаны – жеткізе қоя ма? Одан бұрын бар мен жоқтың, қас пен көздің ортасында сынаптай сырғыған бір ғұмыр таусылмайды екен.
Иә, мынау жалғанмен жағаласып (дұрысы жағаласа алмай) жүріп, соңына жырдың құлыптаулы алтын сандығын қалдырған Жұмекен ойшыл да бұл пәниден өтті. Адам боп туғанмен Алланың өзіне тікелей өкпе арта алатын ілуде біреудің тірлігінде қадір-парқына жеттік пе, шамы сөнген соң өшпес мұрасының маңдайынан сипап мерейін тасыттық па, әлде қасақана үнсіздікпен жігерін жасыттық па, төреші болар біз емес. Қайтсе де әлеумет боп мойындар бір ақиқат – Нәжімеденов өзінің қоңторғай тіршілігі, қоңыр мұңы, қияметтей философиясымен дабырасы мол, даңғазасы көп поэзия әлемінде бір қолдың оқшау біткен бас бармағындай жалғыз тұлға болып қалды.
Сондықтан біз сөз еткелі отырған «Жалғыз қайың» атты жыры оның астарсыз бар болмысының баламасындай:
Бермен қара, ақ қайың, қайың, қайың,
Мен бір саған жаңа ұйқас дайындайын…
Қошалақтың құмында туып, Ашақтың сорында өскен Жұмекен енеден үшеу болса да, еркек кіндіктен жалғыз еді. Оның поэзия еліне жалғыз қайың, жаңа ұйқас боп келгенін айтар кезекке қоя тұрып, алдымен балалық жылт еткен дәуренінен аз-кем сыр тарқатайық.
«Жалғыздың жары құдай» дегенге ара-тұра менің де сенетінім бар. Бір әулеттің мойнына қиып салғандай Нәжімеден қарттан соғыс жалмаған Сабыр, Сабырдан туа бітті жыршы Жұмекен, Жұмекеннен Мағжан жалғыз. Бұл есепке шежіреге ілінбес шешелеріміз бен қарындастарымыз өкпелемес.
Айсыз далаға жайсыз хабар әкелген соғыс басталғанда Сабыр да санатқа ілікті. Қан құсып жатқан Батысқа өлсең – еркің деп жолдама берген жалғыз қағаз жаратқаннан шапағат тілеп отырған киелі шаңырақтың желбауын шайқады. Күздің қысқа таңы көз шырымын алуға ғана жетер. Иесін ауданға апарып военкоматтың қолына табыстар күрең жорғаға күміс жүген ілініп, қалмақ ер салынды. Сабырын тәңірге табыстап тұрған атаның сақалын жел ұйтқытты, жылауық әже дауыс салды, шеше ақ жаулығын көзіне апарды, апа үзеңгіге жармасты, төрт жасар Жұмекен ғана үнсіз. Сезімнің сыртқа ұмтылған көрінісін ішке бұқтырып тұншықтыру, мырс етіп үнсіз жымию, құдіреттінің алдында қанатсыздығын мойындау оның сүйегіне сол кезден сіңген болатын.
Бие сауым уақыттан соң ата – әке – немере үшеуі күрең жорғаны жетекке, қара қазанды қолтыққа ап шыққан күннің қызыл бояу шұғыласына шомылып, Ашақ сорына бет түзеп бара жатты. Жерінен жеті жұрт көшкен Қошалақ қыры мен Құдайберген тауы бір ошақтың үш бұтына сүрінсе – сүйеніш, жантайса – таяныш боп қос қолтықтан демегендей еді. Сордың жағасына келіп іркілгенде Нәжімеден қарт та тілін кәлимаға келтіріп:
- Сабыржан, - деді – үш ғайыптың бірі – дидар ғайып басымызға түсті. Ала-бөле емеспіз, оған да шүкір… Қазір оң аяғыңмен сордың бетін бас та, ізіңді түсір. Сағынғанда келіп көріп, мауқымызды басайық, жалғызым!..
Тұз бен балшық араласып тосап боп жатқан сор бетін әкесінің оң аяқпен нығыздай басқаны, ноғай тіккен қисық табан етіктің айқырып түскен ізінің үстіне атасының «бісімілдә», «зекетің кетейін» деп жүріп қара қазанды төңкеріп, сыртын топырақпен көмгені, қоштасар сәтте күрең жорғаның тезек тастамай сай сүйегіңді сырқыратып кісінегені, бәрі-бәрі шөткешаш бала бойына болашақ ұлы дарынның бейкүнә дәнін сіңіріп жатты.
Соғыстан оралмаған әке ізі сорда қалса, Жұмекеннің қолтаңбасы поэзияда қалды. Сор мен бақтың арасы қанша қадам екенін кім білген? Немере атын ұмыттырып балам дегізіп, қолда бар биігіне көтеріп өсірген ата қайырымсыз қыр басына қоныс аударғанда, әке ізіне тәу еткен Жұмекен нағыз ақындардың ауылда туып, астанада өлетін соқпағына түсіп, Алматыға сапар шеккен.
Көңіл үшін, ақ қайың, бір тіл қатшы,
Сары жапырақ – тіліңді жылтылдатшы.
Қара шанақ домбырасын құшақтап, Құрманғазының «Аман бол шешем, аман болын» бебеулеткенмен күйшілігі солақайлығында қалды да, оң қол өлеңге жетеледі.
Қазақ боп туғасын жыр жазу қандай оңай. Асанқайғының соқпағын жағалап, Абайдың ақыл-алаңын сағалап, Қасымның қара дауылының айналасында жүріп-ақ ақын атанғандар аз ба? Маңдайыңды жіпсітпей табылатын жуас ұйқасты құдыққа қой айдағандай ғып шұбыртатын машықшылар қатарын көбейткісі келмеді. Өлең деген сұлулық, сондықтан ой айту міндет емес деп сылдыр сөздің сыңғырын қызықтап, әшекейлейтіндердің де ауылына түстеніп өтпеді. Саясатты сарнатып, тіпті өлең деген құдіретті очерктің қатарына апарып қойғысы келгендермен де дәмі жараспады. Бір тармақты бөрі бөксергендей ғып үш-төрт бөліп, жол көбейтіп сөз сатқан саудагерлер де көзіне жат көрінді. Балқып тұрған ой – қорғасынды қай қалыпқа құярын білмей, сергелдең кешкен күндер мен көз шырымынсыз түндер ғана ақын еншісінде еді. Әр сөзінің таңдайына маржан тастап, онысын оймен бекітіп, ұйқасты қораға қамамай-ақ қазақы мазмұн қара өлеңге бітім, болмысы бөлек түр үстеді.
Жұрттың бәрі елеске арбалғандай алға ұмтылып, жырдың жұмбақ жағалауын көкжиектің ар жағынан іздеуге шыққанда, бұл кейінге мойын бұрып, қыр асып, көз көрмес, қол жетпеске кеткен поэзия қоңыраулы керуенінің ізіне түсті. Әр жұртта қалған қоламтадан Гете шалдың суреткерлігін, Байронның еркін серілігін, Уитменнің тереңдігін, Блоктың күрделілігін тапты. Осы табылғаны қазақы сезім мен ақылдың қойнауына салғанда өнер көшесіне «Нәжімеденов әлемі» дейтін сонылық бой түзеді.
Осындай шабыт үстіндегі ақын:
- Өлеңіме мен өзім өкшелі етік кигіздім, - десе, Абайдың – шекпенін, Мұқағалидың – шапанын жамылып жаурамай жүрген сөз патшасының еңсесін бір биікке көтеріп тастағаны еді. Онысын құтпан айғырдай азынайтын әлдекімдердей емес, баяу ғана құлақтан гөрі жүрекке арнап айтты.
Сондықтан да оның дарбазасына кіру тұрмақ, сығалауға кім көрінгеннің тәуекелі жете бермейтін. Оның кілті өнердегі өлерменнің емес, өрелінің қолына түссе қалай. Жұмекеннің бұл жұмбақтығы екі дүниеде әрі бағына, әрі сорына айналды. Бағзы заманынан қозыкөш озып туғандығы болса, соры - өз тұсында жазғанын қалың елдің түсінбеуі. Осы екі ортадағы бос кеңістікте ақын трагедиясы жатты.
Жағдайыңды жел айтты нашар деп тұр,
Жапырағыңды тағы да шашам деп тұр…
Үндемейді ақ қайың
тілді көмей
жұтқан сынды,
Салдырамай, күлдіремей,
Шытыр-шытыр ұшады жапырағы,
Өскендіктің белгісі үлбіремей.
Ақынды заманынан жапа шеккен жәдігер қатарына қоюдан аулақпыз. Қалайда өзі айтқандай, ғұмыр бақи төбесінде ойнаған ағаш қылыштардан құтыла алмай өткені анық. Ағаш та болса қылыш болған соң жаныңды жаралауға, жапырағыңды шашуға келгенде оның үлкені не, кішісі не?
… Сексенінші жылдардың басында жарқыраған маңдайы, жалбыраған шашы бар, алды – сағым, арты – сағыныш ауылдан келген бір баланы жанына ерткен Жұмекен кезекті кітабын шығарғалы жатқан баспаға келген. Жинақтың редакторы болмаса да шандыр бет сары әйел әр сөзге бір байланып, қызыл қарындашын сүйреңдетіп, қолжазбаның бетін емес, ақынның жүйкесін сызып жатты. Жұмекен уытты әзіл айтты, шандыр бетке күлкі жұқпады, шынын айтты – сенбеді, мұңын айтты – көнбеді. Әсіресе «бір тал» деген сөзге келгенде қасарысып, көлденең түсіп жатып алды. Тіпті қазақтың тілдік қорында жоқ, диалекті деуге дейін жетіп қалды. Дағдарған ақын салалы майда қоңыр шашына қол апара берді. Кірш еткізіп түбінен жұлып алды да, қолжазбаның бетіне қойды.
- Қалқам, міне, бір тал шаш…
Есік үн-түнсіз жабылды.
Ошақ басында сүрініп жүрген біреулердің тағдырыңа таразы болғаны қандай қиын!
Ақынның жүрегі жарылып, бақи кешкен соң бір күні Шерағаң (Шерхан Мұртаза) өзіне шақырды.
- Сенде Жұмекеннің «Менің топырағым» жинағы бар ма?
- Бар.
- Әкеліп берші.
Қос елі қоңыр кітапты қолтығына қысқан атақты қаламгер мөлтей мұртын бір сипап, аяғын санап басып ойлы қалпы Жазушылар одағының өтіп жатқан секретариатына кіріп кетті.
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылатындардың көкпар додасы басталып кеткенін білуші ек, ақырын тостық. Кешікпей көктегі «Менің топырағымды» жердегі бәйгеден сүрінгенін көріп шыққан Шерағаң шаршаулы еді.
- Мә! Өлгендерді қатарға қоспайтын қағидасы бар екен…
Шығармаң үшін емес, тірі жүргеніңе бола сыйлық берілетінін сол жолы түсінгендей болдым.
Мені ешкім жоқ қорлаған, ашық тепкен,
Жапырағымды күз ғана шашып төккен.
Қиып түссе арман не,
Хайзалағыш
Бір көк – топас балтадан қашып кеткем.
«Менің топырағым» – Жұмекеннің жаралы жүрекпен жүріп, өмірінің ақырғы жылында тәмамдаған соңғы кітабы.
Ащы тірлік, тәтті жанмен бірер өлең жазып бақұлдасуға болар, ал артына тұтас, міні құрамаған бір том жыр қалдырып, пәнимен қоштасу ұлы ақынның ұлы ерлігі еді. Жалғанда өлеңмен ойнағандар көп, ойлағандар аз. Жалпының есебінде жүріп, жалқының жүгін арқалаған Жұмекен қоңыр қырды жастанарда өзі көктеген құнарлы топырағын өз қолымен үстіне жамылғандай екен…
Қоштасу кітабын парақтаған сайын тақырыптың алуандығы, айқара кең құлаш, кемелді көркемдік, ой бұққан орамдар, теңін тапқан теңеулер мен мұндалайды. Көзіңді суарып, санаңа сағыныш үйіргеннен басқаға дәрмен аз. ХХ ғасырда Достоевский бағындырған шығармашыл ақыл-ойдың асқары – ой философиясы, сезім философиясы деген биіктікке Қошалақтың қоңыр ұлы ғана көтеріліп кеткенін көреміз.
Бәлкім, ол Ашақ сорында қалған әке ізіне қарай-қарай өзегімізден өте туған шығар?
ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының құбылысына айналған қос тұлғаның бірі Мұқағали Мақатаев өз ортасынан баз кешкенде:
Жапырақ-жүрек жас қайың,
Жанымды айырбастайын, - деп жас қайыңға дәрменсіз қолқа салса, Жұмекен Нәжімеденов сол гөй-гөйді бастан өткізіп жүріп:
Жел өтінде ыс-пыс боп ырсыл қағып,
Тас қабақта тұл жалғыз тұрсың нағып? –
деп жалғыз қайыңды өз бейнесінде көреді.
Кездейсоқтық па, әлде қайың олардың ақындығының тотемдік символы ма?
Меніңше, соңғысы. Кеңсайдағы Жұмекен ескерткішінің көк тасы бетіне де белі бұралған жалғыз қайың бейнеленген. Тәу етіп барған сайын бір уыс топырақ бүлкілдеп, құлаққа үзік-үзік қоңыр үн келеді:
Аржағында ұлы ызғар сезіліп тұр,
Жылтырайтын дүниенің беті ғана…