Поэзия – адамзаттың көркемдік ойлау дүниетанымының көрсеткіші. Жаратылыс­ты құрайтын тіршілік әлемінің көріністерін де, құбылыстарын да философиялық-психологиялық таным, түсінік арқылы сараптау, бағалау, бейнелеу, болжау тек қана поэзиялық сезім иесі ақынның ғана жырларымен жүзеге асады. Ойшыл ақындар поэзиясы тектес және үндес құбылыстарды да, қарама-қайшылықтар мен қақтығыстардың да тіршілік қозғалысын кешенді, көп үнді, мол қатпарлы қалпымен тұтастай қамтып жырлауымен ерекшеленеді. Уақыт пен кеңістік жүйесіндегі саналы тіршілік иелері адамдардың жан әлеміндегі әрқайсысына тән даралық та, ортақ көңіл-күй әуендері де ойшыл ақындар шығармаларында поэтикалық көркемдік жинақтау өрнектерімен айқындалады. Қазақ өркениеті тарихындағы аталған ойшыл ақындар поэзиясы дәстүрінің жалғасын біз Жүмекен Нәжімеденов шығармаларынан байқаймыз. Фәни дүниеде 48 жыл ғана болған ақын артына мол әдеби мұрасын қалдырған. Негізгі шығармашылығы поэзия, бірақ прозада да көрнекті романдар жазған дарынды қаламгердің 1960–2010 жылдар арасында жарық көрген кітаптары ұлттық құндылықтарымыздың қатарын құрайды.

Ақынның поэзиясында азаматтық-отаншылдық сарынды лирикасы басым жырланған. Әлем әдебиетінің классикалық үлгілері қатарында бағаланатын көрнекті ақындардың барлығында да халқының ата-бабалары, өзінің әулеті, өсіп-өнген, кіндік қаны тамған туған жер топырағы, атамекен, байтақ Отан туралы жырлардың басты орын алатыны мәлім. Мысалы, Дж. Байронның, В.Гетенің, Г.Гейненің, Ш.Петефидің, А.Мицкевичтің, Р.Тагордың, хакім Абайдың, Шәкәрімнің, Мағжанның, Сұлтанмахмұттың, Төлегеннің және т.б. ақындардың ұлттық және жалпы адамзаттық ұғымдар сабақтастығындағы осын­дай жырлары бар. Жұмекен ақынның осы классикалық дәстүрмен үндес «Отан», «Туған жер», «Менің үйім», «Сенің, туған жер, деміңді бір алған», «Сарыарқа», «Саржайлау», «Ереймен тауларында», «Дала дидары», «Дала төсін еске алу да – сүйеніш қой, медет қой», «Сенде туған, ей, дала, жас балалар», «Дала, дала, дала ғой жатқан асыл», «Толғансам, туған жер, сен сиынарым», «Ауылды сағыну», «Ауыл топырағы», т.б. жырлары айрықша дараланып көрінеді. «Менің топырағым», «Топырақ», т.б. өлеңдері – классикалық әдебиет дәстүрін өзіндік өрнекпен жырлаудың көркем үлгілері. Өлеңдердегі лирикалық қаһарманның ро­ман­тикалық әуенмен төгілген жан сыры – перзенттік махаббат сезімінің көркем кестелі өрнегі.
Туған жердің табиғи сипатымен тұтас өрілген көңіл тебіреністері – поэзиядағы адам тағдырының көркем шындықпен өрнектелуі. Ата-бабалардан сақталған ұрпақтар жан діліне тән ерекшелік – дәстүрлі көркемдік ойлаумен туған жерінің сипатынан рухани нәр алып жігерленетіні, марқаятыны. Жұмекен де туған жерінің сайымен, алабымен іштей тілдесіп («Жатырмысың, самалды сай, сырлы алап, жусаныңнан сынап-шықтар сырғанап»), даламыздың қарапайым қалпының өзі ұлылық екендігіне мінәжат ете жырлайды. Қазақ даласының келбетіне тән реалистік суреттерден поэтикалық әсерлі романтикалық бояулы бейнелеулер жүйесіндегі ақын жасаған баламалы тіркестер атамекенді ардақтаған азаматтың елжіреген сезім әлемін танытады. Мысалы, «Дала дидары» өлеңінің әрбір тармағындағы баламалы бейнелеулері ұлттық көркемдік ойлау тереңдігін айқын аңғартады.
Жұмекеннің өлеңдеріндегі қазақ да­ласының тұтас кеңістігі де, аспаны да, таулары да, ондағы тастары да, дөңдері де, ормандары, ағаштары, бұталары да, олардағы жапырақтары, тамырлары, т.б. – бәрі де көркем шындық жинақтауларымен жырланады.Жұмекеннің поэзиясы – табиғаттағы барлық заттардың, құбылыстардың баламалануы арқылы тіршілік қозғалысындағы үндестіктер және қарама-қайшылықтар жүйесін саралап танытуымен ерекшеленеді. Азаматтық-гуманистік дүниетаным кеңістігіндегі ой өрілімдері, түйінді тұжырымдары тек қана табиғаттағы қозғалыстармен, көріністермен баламалана өрнектеледі.
Табиғат құбылыстарын, көріністерін поэ­тикалық кейіптеу (олицетворение) және астарлау, ауыстыру (метафора), пернелеу (аллегория) сынды құбылту тәсілдері ақын өлеңдерінің тұтас поэтикалық жүйесін құрайды. Құбылту мен айшықтаудың фольклор мен әдебиеттен келе жатқан классикалық үлгілерімен көркем шындықты бейнелеудің психологиялық-философиялық сарындарын шебер тұтастырған ақын жырлары ойшыл­дық әлемінің көркемдік ойлау кеңістігінің шексіздігін көрсетеді. Мысалы, «Алматы», «Жалындап барды да батты күн», «Сәуір туды, бұлттар аппақ, су аппақ», «Шығыс жақтан келсе-дағы таң күліп», «Баурай бұлты жаңа көшті баяулап», «Көк балауса егілер», «Жартас», «Аспанда Күн барда, әлемде сыр барда», «Теңіз», «Теңіз болса сұлулық», «Жібек бұлақ желкілдейді», «Көк те, жер де жұлдыз – бәрі ұшқын», «Тамшы», «Аппақ болып барлық маңай тұр жанып», «Алатаудың шарқатынан тарқатылған ақ бұлақ», «Бояулар туралы», «Күзгі көңіл», «Алма», «Күзгі жайлау», «Ел-жұрт», «Крылов тақырыбы», «Табиғат», «Жетім лақ», «Тепе-тең», «Ақ боз», «Қуаңшылық», «Сұрақ», «Жел», «Түн», «Қызылоба», «Қисық бұта», «Емен», «Сыбыр», «Қара ағаш», «Күй», «Күз-көңіл», «Таңғы сезім», «Шегініс», «Күннің батуы», «Нөсерден соң», «Жол», «Туған жер», «Тоғай ертегісі», «Таулар мен төбелер», «Ғұмыр ертегісі», «Шаңырақ», «Махаббат пен қара қас», «Кетік кірпіш», «Пәлсапа тасы», «Тентек», «Шөл», «Қошалақ тауы», «Темірқазық», «Жалғыз қайың», «Тор», «Күз», «Тау», «Қауыз», «Желтоқсан», «Тамыр», «Қос қоңыр қаз», «Қызыл кітап», «Қақ», «Мәжнүн тал», «Шыбықтар», «Тамшы», «Алты қаз», т.б.
Табиғаттағы заттар мен құбылыстардың өзара үндестіктері де, бір-біріне қарама-қайшы көріністері де, қозғалыстары ақынның кейіптеу, астарлау, ауыстыру, пернелеу әдістерімен қолданған жеке сөздер, сөз тіркестері арқылы өлең сөздің философиялық-психологиялық сипатынды­ғы көркемдік-эстетикалық әсерлілікті даралайды. Мысалы: «Жүз толқындар бірін-бірі тұн­шықтырып ағады, қыз-толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады», «Жүйрік жел баса алмай аптығын бұтаға сүйенді солықтап», «Ұрды шапақ қара бұлтты қан қылып», «Құм шағылдар үйілген алтын қырман секілді», «Таңғы шапақ – от боп жанған еріндер», «Алба-жұлба өңірін қаусыра алмай, ыққа ай­налып бұталар бүрсеңдейді», «Түбі кәрі теректің сирағындай бүркіттің», «Жылжи алмай қалыпты, әне, тау қатып, көкшиеді мұз-қабағын күрт түйіп», «Қыпыңдайды көк кірпігі шыр­шаның, тауға еліктеп қалыпты, әне, бұлт та ұйып», «Құсеттенді терісі кәрі еменнің тізесінің дірілін және көрдім», «Мен де бейне күздің қоңыр бұлтымын, жел қысқанда не жауарын білмейтін», «Табиғаттың тұтастығын сақта, ілім, ал табиғат кімге керек адамсыз?!», т.б. Адам діліндегі және табиғат құбылыстарындағы өзара үндес, тектес құбылыстарды адресаттық нысанға ала тебіренген ақынның жыр жолдары психологиялық әсерлілікпен жырлан­ған.Өлеңдердегі лирикалық қаһарман-ақын поэтикалық нысанға алған деректі және дерек­ті затқа да, құбылысқа да тікелей сөзін арнай­ды. Бұл – адамдар жан діліндегі психология­лық хал-ахуалдың табиғи сипатына тән ерек­шелік.Мысалы, ақынның өлеңдері мен поэмаларынан мынадай лирикалық-психологиялық адресаттық арнаулар айрықша сараланып көрінеді:Сал сайранды, жел, табиғат еркесі, Гүл, өтірік албыртпа бетіңді…; Сен кетпеші, шыңды тастап, ақша бұлт, Кету керек болса түбі – мен кетем!; Неғып тұрсың, сыбдырламай, қара ағаш, Жүгір, самал, жапырағын ала қаш! Неғып тұрсың, махаббатшыл дүние, Келе жатыр, сәуле-сұлу жалаңаш; Жасыл-жасыл жағалай жал, жағалай жал, саған айтам! Жылан қабық шұбар шыңдар, Сендер де тас шығарсыңдар! Содан да даңқ-атақ үшін құр шіреніп жатамысың?; Қайсар бұлттар, қар жалаған, бір жауыныңды арна маған!; Бұлттар, бұлттар, жасырма, Табиғаттың биігін… Толқын, тулап жарға қарғып, ал, Жаралғаныңды ұмытпа тек тамшыдан. Тебірен, теңіз, Те­біренгенің – далбаса, басың сүйеп құлайтын қара жерің болмаса; Биле, саусақ, бас пернені; Сезім мен сыр, кәне, сыртқа шығыңдар!; Оу, көк аспан, тесіліпті-ау, тегенең; Ей, нұрлы таң, нұрлы таң, жел үп етсе үркейін деп тұр бұтаң; О, мөлдір аспан, мөлдір аспан! Сен егерде көзі болсаң адамның, үйренер ең ұшқын аулап, сыр бағып; Ей, қаламдар! – Оқымасын жат хабар, – Жазбаңдаршы соғыс деген сөзді осы; Қайла, күрек, қайдасыңдар – кел бермен! Қағаз, қалам, сиясауыт – кет аулақ, Шабыт тауып жарымадым сендерден; Керек, керек тазару! Айналайын өлең-ау, Сені де бір сүзетін тесік қазан керек-ау!; Саған сеніп, көк мылтық, тыншымадым, саған сеніп, күрегім, таптым амал; Сенде туған, ей, дала, жас балалар, аман болсын қорлықтан, масқарадан; Бөрте қайың, көрсем деймін мен сені, бүршік жарған кездеріңде теңселіп; Аспан, сені көрсем деймін ылғи да, түс кезінде, Күн төбеден нұр құйған; Адаса бер, шоқ жұлдыз, адаса бер, адаса бер, ақ жұлдыз, адаса бер; Тебірен, тау, толған, теңіз, жел, теңсел!; Толғансам, туған жер, сен сиынарым; Алысқа баста мені, дала жолы… Тек саған, саған ғана сүйенемін, топырақ, қасиетті, киелі елім. Бұталар, етегімнен іліп тартпа, шоқалар, қолтығымнан сүйе мені; Тез өтші, жаңсақ ойлар, қате түндер… Жамандық атаулыны жат етіңдер. Іркілмей тез шығыңдар, өтер күндер, сыймай қалған жүктеріңді әкетіңдер. Бір дәптерді жаңадан жасатып көр, ал, мезгіл, мені соған қоса түпте. Мың алғыс саған, достым, Бүгінгі күн, Ертеңге орныңды енді босатып бер. … келіңдер, тезірек кел, алғы күнім, жаңалық, жақсылықтар, асығыңдар!; «Ей, киелі топырақ! Сенен бөлек тынысым, тіршілігім жоқ менің».
Жұмекеннің лирикалық және эпикалық шығармаларының бәрінде де осындай пси­хологиялық шарттылықпен алынған поэ­тикалық арнаулар мол кездеседі. Бұл – ақынның жан әлеміндегі сезім тебіреністері қам­титын кеңістіктің сипаты. Ақын өлеңдерінің поэтикалық жүйесіндегі лирикалық қаһарман деректі және дерексіз заттық мағынасы бар ұғымдарымен тілдесу, сырласу, ой бөлісу, т.б. сан алуан психологиялық жағдайдағы қа­рым-қатынаста болады. Ақынның табиғаттағы тіршілік иелеріне немесе құбылыстарға арнаған сөзімен нысанаға алынғандар арқы­лы мағыналық тұжырымдар, түйіндеулер айтылады. Ақынның азаматтық-отаншылдық сарынды өлеңдері философиялық және психологиялық тұтастық сипатымен бай­қалады. Өлеңдерде қазақ даласының өсім­діктері де, таулары да, өзендері де, аңдары да, құстары да, аспаны да, желі де, бұлты да – бәрі де адамдардың жан ділі әлемімен тұтасқан сипатымен жырланады.
Ақынның азаматтық лирикасында ата-баба, аға, іні, әйел, ұл мен қыз перзенттер, т.б. қазақы дүниетаным ұстанымы көркем ой мағыналарымен жырланған. Мысалы, «Менің үйім», «Ана», «Ей, достарым, тірлікте көлеңке жоқ дедің бе?!, «Бүкіл әлем махаббаттан тұрады», «Әке туралы», «Қыздар!», «Үй-іші», «Әйел», «Әйел деген – бір драма күрделі», «Дос жыласа – мен қалайша күле алам», «От басы», «Әже», «Әйел», «Жігіт кетті жаралы», «Бұзылмасын ұя бір», «Ұлым, менің тұйық боп», «Әкелер мен ағалар», «Ақсүт», т.б. Аталған өлеңдерде ұрпақтар сабақтастығындағы халықтың асыл қасиеттері, алдыңғы толқынның жақ­сылығын да, кемшілігін де саралап, ба­йыптап, жаңа бағытқа лайықты бағдар алатын қазіргі және болашақ ұрпақ көзқарасы жырланған. Өлеңдердегі лирикалық кейіпкер бүгінгі ұрпақ атынан қазақ өркениетіндегі бұрынғы болған өкінішті оқиғалар («Қазасы үшін кешегі Махамбеттің», «ажалы үшін кешегі Құлагердің»), орны толмас, алыптар («кешегі өткен Мұқаңдар үшін де бір») үшін бүгінгі ұрпаққа көңіл айту-жұбату сөзін арнайды. Ақынның бұл топтағы өлеңдерінің поэтикалық түйіні – әрбір жаңа ұрпақтың өзіне дейінгі асыл дәстүрді ардақтауын, орын алған кемшіліктен аулақ болуын айту. Ойшыл ақындар шығармашылығының өзекті арнасы – әуез, әуен желілері. Ақындардың әуез бен сөз өнері тұтастығы аясында толғанатыны – табиғи құбылыс, шабыт қайнары. Жұмекен поэзиясында домбыраның құдіреті, адамның рухани демеушісі болған әуез қызметі үнемі жыр арқауына алынған. «Ғұмыр деген бір ұзақ күй болады», «Күй десе ірке алмайсың бұ қазақты», «Күй атқарар жұмыс бүгін көбейді», «Кей пернеге қадалады саусақтар», «Нүкте», «Күй», т.б. өлеңдерде адам мен тіршілік қозғалыстары сабақтастығы жүйесінің домбырадан төгілген алуан әуенмен жинақталған әуез құдіретіне философиялық түйіндеулер берілген.
Жұмекен – сыншыл ақын. Мағыналары мегзеуге, поэтикалық баламалауға құрылған бейнелеулер мен ұрпақтар жалғастығын­дағы жақсылықпен жағаласқан келеңсіз­діктер кесепатын сыншыл реалистікпен бейнелейді. Ақын – тіршілік кеңістігіндегі барлық құбылыстарды, қасиеттерді үндес­тігімен де, даралық өзгешелігімен де, қарама-қайшылықтары салғыласқан, қақты­ғысқан үйлесімсіздіктерімен де санасына қабылдайтын шығармашылық тұлға. Жұмекен поэзиясының тұтас жүйесі осындай көп сарындардың, мол дауыстардың, қайшылықтар мен үйлесімдердің, жылдам­дық пен баяулықтың, жомарттық пен сараңдықтың, өсу мен өшудің, өрлеу мен құлдилаудың, шарықтау мен құлдыраудың, мейірімділік пен қатыгездіктің, ажарлылық пен ажарсыздықтың және т.б. қарама-қарсы ұғымдардың шендескен, егізделген сипатымен жырланған. Ақынның сыншыл өлеңде­рі осындай философиялық мағыналылығы айқын бейнелі сөздермен, тіркестермен өрілген. Мысалы: «Әзіл-шын» («Махаббат деп атар едім мен нені?»), «Даңқ», «Кісі болса көтерілер», «Жақсы десе – жылынып жүрек жібіп», т.б. Ақын адамдардың абырой мен атаққа, биік беделге ие болуындағы болмыс шындығын қарама-қайшылықты сыншыл тілмен өрнектейді. Ақын – адамдардың мінез-құлық психологиясындағы аумалы-төкпелі құбылыстардың сипатын қара қылды қақ жарғандай сыншылдықпен бейнелей жырлайды. Адамдардың мансап, атақ-даңқ жолындағы ұстанымдарының шынайы сипатын ақын әділ бағалаумен жырлайды.
Ақын шығармаларының басым бөлігі тұрмыстық-әлеуметтік сыншыл, сати­ра­лық бояулы өлеңдерден құралған. Ой­шыл-сыншыл ақынның қалыптасқан мә­неріндегі азаматтық-отаншылдық, ұлттық-этнографиялық сарынды шығармалары адамдар ортасы қарым-қатынастарының күрделі ерекшеліктерін сыншыл, шыншыл сипатымен жырлауымен ерекшеленеді. Қазіргі ғарыштық кеңістік ауасының ластанған экологиялық жайы («Дәрігер айтты»), досқа арналған әзіл мен шынайы көңіл ілтипатының мәні («Этика-әзіл»), сөйлеген сөзі мен шын мінез қасиеті кереғар адамның бейнесі («Екі жүз»), қаңқиған зор тұлғасы бар, бірақ өмірге икемсіз ақылсыздар тағдыры («Жираф»), ынжықтықты айыптау («Айтылмаған сөз»), жоқ кезде бөліп бере алмайтын, ісі түссе маңыңнан шықпайтын ағайынды кінәлау («Жамағайын»), қайтыс болған адамның азасында арақ ішетін азғындау құбылысын айыптау («Жаназа»), өсуге, асылдың лайықты бағалануына кедергі теңгермешілікті айыптау («Бұта мен қайшы»), талантты ақындар шығармашылығының алтыннан бағалы асылдығын дәріптеу («Талант»), сұлулықты аялауға үндеу («Көбелек қанатына қатысты сөз»), адамдардың өздеріне лайықты еңбек түрімен айналысуын аңсау («Таза жұмыс»), тіршіліктегі өзара қақтығысқан, қайшыласқан қарама-қарсылықтар жүйесін бағалау («Іш мылжыңы»), адамдар мінезінің құбылмалығына сын («Биіктік»), екіжүзді өтірікшілерді әшкерелеу («Майлы сорпа»), менмен төрешілдікті сынау («Тіс ауруы»), ауруларға селқос қарайтын қатыгез дәрігерлерді әшкерелеу («Дәліздегі әңгімелер»), бастықтарға жағынған жарамсақтарды бейнелеу («Жарамсақ-этюд»), жақсылықты бағаламайтын надандықты, көңіл соқырлығын айыптау («Сауал»), орынсыз өкпешіл, кінәмшіл пасықтықты бейнелеу («Мінездеме»), өтірік мақтаудың зардабын айту («Қастандық»), дарындыларды тежеп, талантсыздарды көтермелеген әділетсіздерді әшкерелеу («Патриот»), нан ұстап, шын серттеспей қосылған жұбайлық ғұмырдың ажырасумен аяқталған баянсыздығын таныту («Шөп-махаббат»), адам тағдырының трагедиялық ахуалын жырлаған сықақшы шын ақын өлеңіне («Жыр оқыды бір ақын») жылаудың орнына күлген тыңдаушы қауымды сынау («Есерлік пен тоқтық егіз, бұ да егіз, жылайтұғын жерде содан күлеміз»), жаман өлеңсымағымен жалған атақ, бедел алған ақынсымақтарға халықтың беретін бағасын айту («Жаман жырды лақтырды ақын шумақтап. … әлдеқашан өліп кетті өлеңі») кекесін (ирония) мен мысқыл (сарказм) мағыналарымен жырланған.Адамның қартайған кезіндегі көңіл-күйін, жан әлемі сұранысын балаларының, жас буынның түсінбейтіні («Қақпа алдындағы қарт», «Мұздыбай қарт», «Ештеңе айтпайтын қарт»), ұрпағын жетілдіру, өсіру жолында өмірін сарп ететін әке-шеше тағдырының өнегесі («Бәйтеректер», «Әке мен бала», т.б.), күнделікті өмір тұрмысы шындығына сай сыншылдықпен суреттелген.Шығармашылық өнер иесінің дәрумені домбыра үні екенін түсінбеген мақау дәрігер («З.Шүкіровтің домбырасы мен өзі туралы»), басқаратын ауруханасының іші таза болғанмен ауласы жиіркенішті, лас бас дәрігер («Іш пен тыс»), ғалым күйеуін ақшасы үшін ғана сыйлап, кейін үйінен айдап шыққан озбыр, зұлым әйел («Ақша»), мемлекеттік мекемені басқару жүйесіндегі таланттылары қудалау («Мәжіліс алдындағы мәжіліс (баллада-памфлет)», құлқынның құлы болған арам, ақылсыз адам («Алтын көрсе періште»), т.б. әлеуметтік-тұрмыстық күйкі жағдайлар ақынның тәлімгерлік бағалауымен сыналған.
Ақынның «Жырлар жазу түскен әкім хақында» атты сатиралық және лирикалық сарындар тұтастығымен жазылған өлеңі адамгершілік-имандылық көзқарас қуатын танытады. Әкім болған кезінде ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болған пенденің іс-әрекеттері де, оны қоршаған қоғамдық-әлеуметтік ортаның құбылмалы сипаты да әлеуметтік-тұрмыстық сатира бояуларымен бейнеленген.
Төрт бөліктен тұратын осы оқиғалы өлеңде бір жылы құрғақшылық болып, егін шықпай шаруашылық шығынға батып, әкім орнынан алынып, ақыры ол ешкімге керексіз, сүйкімсіз ең елеусіз адамға айналады («Күні кеше болған жігіт тірі аңыз, жылы сөзге зәру бүгін бір ауыз»). Өлеңдегі авторлық көркемдік түйін – адамдардың бір-біріне кешірімді болуын тілеу.
Жұмекен поэзиясындағы сыншыл реа­листік сарын аясында тіршілік қозға­лысындағы осындай пенделік ұсақтық кемшілік атаулының бәрі де сыналады. Ал кейбір өлеңдерінің тұтас құрылысының сатиралық-юморлық сипаты да айрықша әсермен байқалады.
Жұмекен – хакім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» көзқарасын ұстан­ған гуманист ақын. Ақын әлеуметтік-философиялық сарынды шығармаларында Жер планетасындағы барлық мемлекеттерге, халықтарға ортақ баянды бейбітшілік, татулық, достық, ауызбіршілік, береке ұлағатын жырлайды.
Ақынның «Москва сапары» циклі («Қарулар палатасында», «Адам-толқын», «Қыздар моласы», «Москвадағы Пушкин ескерткіші түбінде», т.б.) өлеңдерінде уақыт пен кеңістіктегі, бүкіл ғаламдағы адамдар мен қоршаған тіршілік қозғалыстарының барлығы да гуманизм ұлағатымен қуаттанған адамгершілік-имандылық ойлары сипатымен жырланған. Ақын жырларының бір қатары («Отырғам жоқ ұнатқаннан жыр етіп», «Нейтрон бейнесі», «Қару-жарақ хақында», «Маңдайын оқ тескен каска туралы», т.б.) адамзатты қырғынға ұшыратқан соғысқа қарсылық, қанішерлерді айыптау сарынымен жырланған.
Жұмекен шығармашылығындағы эпи­калық жанрлар да поэтикалық ерекше­лік­терімен даралана көрінеді. Ақынның поэмалары классикалық үрдіске сәйкес жырланған.Ақынның «Көзсіз батыр», «Қанды сүт», «Келін» атты поэмаларының поэтикалық мазмұн мен пішіні жүйесінде соғыс алапатының адамдардың жеке бастарына, отбасыларына, бүкіл адамзатқа жасаған қырсығы, зұлмат кесепаты жырланған. Қанды майдандардағы шайқастарда аяғынан, қолынан, көзінен айырылған мәңгілік мүгедектер тағдыры қаһармандық рух пен элегиялық мұң-шер тұтасуымен өрілген. «Көзсіз батыр» поэмасының басты кейіпкері Жанайдардың көркем бейнесі жаумен жағаласқан шайқаста көзі мен бір аяғынан («Бір соғыстың құны ғой, екі көз бен бір аяқ») айырылған, бірақ өмірге құштарлық қуатымен темір күрекпен ағаш егіп, шалғымен көк қияқты жайпап, тіршілікке құштарлығын жоймаған, баласын өсіріп, әскерге аттандырып, адамның аса қуатты жан иесі екендігін дәлелдеген қалпымен сомдалған.
«Қанды сүт» поэмасының да тақырыптық арқауы – қанқұйлы соғыстың зұлым келбетін бейнелеу, идеясы – адамзат ұрпақтарына ортақ Ана жүрегінің ұлылығын таныту. Поэманың басты кейіпкері – жас Ана, қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан украин қызы Катя. Эпикалық туындыда партизандармен орманда жүрген сол қазақ жігіттің жары Катяның үйдегі екі ұлымен бірге басқыншы жаудың тергеуінен де, азаптауынан да қорықпай, мойымай, кеудесіне көк сүңгі кірсе де шынын айтпай, қайсар рухпен өлгенін жырлау арқылы қаһарман – Ана ерлігі бейнеленген.
«Келін» поэмасы да соғыс тақырыбына арналған, идеясы – әулет отын өшірмейтін қазақ келінінің асыл тұлғасын таныту. Поэ­ма кейіпкерлері Сұлтан атай мен Ұлпа шешей жалғыз ұлы Айдарды үйлендіреді, бірақ кенет басталған соғысқа кеткен жігіт қаза болып, аяғы ауыр келін жесір қалады. Майданнан «Қара қағаз» келіп, шал мен кемпір, жас сәби жетім, келін жесір болды. Ақын қайғы-қасіретке көмілген халықтың көңілін («Көкірегін күйінумен күйдірді ел, ақ жүректі қара қайғы бомбалап») де, жетімдік пен жесірлік орнаған Сұлтан атайдың отбасының жағдайын реалистікпен суреттейді.
Поэманың сюжеттік-композициялық же­лі­сінде жалғызынан айырылған ата-ананың, жарынан айырылған келіншектің күйініш, өкініш, сағыныш, аңсау, торығу, төзу, т.б. – сан алуан психологиялық хал-ахуалы ро­мантикалық-элегиялық әуенге бөлене жыр­ланған. Поэманың бас кейіпкері келінге ата мен енесі рұқсат берсе де, ешқайда кетпеген, ата-енесі қайтыс болса да осы ошақтың отын сөндірмеген, жалғыз ұлды оқытқан Отанасы – Қазақ Келінінің ғажайып бейнесімен дидарласамыз.
«Қыран қия» поэмасына да соғыс тақырыбы негізгі желі етіп алынып, басты кейіпкерлері етіп адамзат тарихының дара тұлғаларын (Гете, Пушкин, Цицерон, Бауыр­жан Момышұлы, Александр Матросов, Мән­шүк, Әлия, т.б.) тектілік үндестіктері тұр­ғысынан сабақтастыра жырлайды. Балаларына тек қана тектілердің, дара тұлғалардың есімдерін қойғысы келетін, ұрпақтардың кесек мінезді, ер көңілді, мәрт мінезді батыр да, дана шешен де, ақын да, әнші де, т.б. сан алуан жақсы қасиеттер иелері болуын аңсаған халық көңілінің көркемдік-эстетикалық ойлау дүниетаным кеңістігін сүйсіне, тебірене толғайды:
Мен халқымды мақтан етем қашаннан;
Көсемдігі – тіл мен жақтан жасалған,
есерлігі – ерліктерден жасалған,
қыңырлығы – қайырымнан жасалған
бар ұрлығы – барымтадан бас алған,
көңілімен көл-көсір,
батагөйі – Бұқарларымен қосып,
Құрманғазы, Біржандарымен қосып
мен – халқымды мақтан етем, қашаннан!
Ұлдарының бірі – күйші,
өр бірі,
өр келеді ерлік түгіл қорлығы.
Қызын – Күләш атаған ерлігі,
ұлын – Бауыржан атаса ерлігі.
соның бәрі денсаулығы халықтың,
үміті мен дәмесінің зорлығы!
Көкейлерге құпия үміт мол бұққан,
Қасымы көп сондықтан,
Жамбылы көп сондықтан.
… Бір Бауыржан атқа мінді енді ептеп,
бір Бауыржан барады әне еңбектеп.
Бір Бауыржан тракторын жүр айдап,
бір Бауыржан қой айдап жүр құрайлап.
… О, аналар, тектілерді төкпектет,
өссін, өссін Бауыржандар көп-көп-көп!
Кім біледі, шығар, бәлкім, ісімен
бір Бауыржан – Бауыржандар ішінен,
ал әзірше Момышұлы біреу-ақ!

«Жаңғырық» поэмасының идеялық-ком­позициялық желісіндегі негізгі кейіп­керлер – Исатай мен Махамбет. Эпи­калық шығарманың құрылысындағы бұлар­дың есімдері аталмайды, бірақ солардай дара, дана тұлғалардың адамзат тарихында ылғи қараулықтың, қызғаншақтықтың, өзімшілдіктің, опасыздықтың құрбандары болып келе жатқан трагедиялы тағдыр жолдары романтикалық элегия сарынымен өрнектелген. Ауылын, аймағын, халқын отаршылдықтан, озбырлардан азат еткісі келген қазақтың көсем батыр, би-шешені мен дана ақын-қайраткері – тарихтағы тектес арыстар тағдырларымен сабақтас назарға алынған. Поэманың бас­ты кейіпкері Батыр – Ақынның өзін өтірік елпілдеп қарсы алып, үйіне кіргізген адамға алданғаны («Секемсіздік – ерлердің сол баяғы соры да, түсті қыран топастың торғай аулар торына») да тарихи шындықпен бейнеленген. Қару-жарақсыз алаңсыз отырған Батыр-Ақынға қапыда бас салған тоғыз адамның әрекетіне де ақын жақсылыққа жаны қас жауыздық келбетін айқындайтын тіршілік философиясы тұрғысынан баға береді. Поэманың түйіні – тарихтағы дара туған даналарды тоғышарлардан, опасыздардан, жа­рамсақтардан, жалдаптардан қорғауды қа­зіргі және болашақтағы ұрпақтарға ұқтыру, міндеттеу.
Ақынның «Тамыр мен жапырақ» («Таби­ғат дастаны») поэмасы – ғарыштық-ғаламдық кеңістіктегі табиғат ұғымы аясына кіретін заттар мен құбылыстар сабақтастығын, үндестігін, өзгешеліктерін, қайшылықтарын, т.б. – бәрін де поэтикалық мағыналар жүйесімен жырлаған эпикалық-философиялық туынды.Ақын поэзиясындағы туындыларына тән ортақ поэтикалық сипат – лирикалық және эпикалық жанрлар тұтастығының мол сақталатындығы.Жұмекен поэзиясындағы жанрлық жүйе Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышындағы» қазақ өлеңінің поэтикалық табиғатына сәйкес түрлерге (сап толғау, марқайыс толғау, намыс толғау, намыстаныс толғау, сұқтаныс толғау, ойламалдау, сөгіс толғау, күліс толғау) сәйкес жырланғанын аңғарамыз. Бұл – адамның жан ділі мен қоршаған табиғатты, жаратылыс әлемін тұтастандыра, сабақтастыра жырлауға негіз болатын – философиялық-психологиялық сарын болмысының сипаты.
Біз саралап отырған сөз арқауындағы туындылардың басым бөлігі эпикалық сюжеттер мен лирикалық толғаныстар тұ­тастығымен жырланған. Ал «Тамыр мен жа­пырақ» («Табиғат дастаны») поэмасы да – адам тағдырын тіршіліктегі үндес нәр­селермен баламалап жырлаудың көркем үлгісі. Поэмадағы философиялық көркемдік ойлау жинақтауымен бейнеленген заттар (тау, тас, дауыл, самал жел, ағаш, жапырақ, тамыр, топырақ, гүл-бұта, т.б.) мен адамдар тағ­дырларының баламалануы арқылы ақын адамгершілік-имандылық дүниетанымының мәңгілік салтанат құратынын дәлелдейді. Табиғаттағы дүлей дауылдарда тас-талқын болған ағаштарды, олардың бұтақтары­нан қаңғалақтаған ұшқан жапырақтарды, бірақ соған мызғымаған тамырлар мен сол құбылыспен үндес адамдар тағдырларын егіздей баламалау арқылы ақын қарама-қайшылықтардың күресі мен бірлігі, себеп пен салдар, тарихтағы жеке тұлға, халықтың қаһары, ұрпақтар жалғастығы, т.б. әлеуметтік мәнді тарихи-философиялық тұжырымдар, бағалаулар жасайды.
Ақынның осы философиялық поэмасында планетадағы бүкіл дүниені, адамзат ұрпақтарын сабақтасқан егіз ұғымдармен баламалап бейнелеуі («Тек көп тамыр таратады-ау адам қан, ал қан да – сол тамырдан таралған, күллі дүние – жалғыз-ақ түп алма ағаш») де көркем шындық­пен бейнелеу кестелерімен жырланған.Ақын шығармаларының барлығы да фи­лософиялық ойшылдық тереңдіктерімен баурайды. Қазіргі заманғы әдебиеттану қисыны бойынша: «Өлең рухынан әлем­ге, өмірге, адам тағдырына деген ли­ри­калық көзқарастың көрініс табуы, жан толқынысынан хабар беретін лирикалық үн естіліп, болмыс мәнін, шындық елесін іздеген, мәңгілік сауалдарды өзінше қабылдап, өзінше жауап қайтаруға тырысқан лирикалық «Меннің» айқын сезілуі – философиялық лирикаға хас айрықша нышандар ретінде танылады» (Әдебиеттану терминдерінің сөздігі / Құрастырушылар: З.Ахметов, Т.Шаңбаев. – Алматы: «Ана тілі», 1996. 216-бет). Фи­лософиялық поэзияның лирикалық және эпикалық үлгілерінде де автордың жеке адам мен бүкіл адамзат ұрпақтарының тағдырын ғарыштық кеңістіктегі өзара үндес немесе мүлде қайшылықты құбылыстар, қасиеттер жүйесімен сабақтастыра жырлайтыны мәлім. Ежелгі замандардан бері ғасырлар бойы осындай кешенді ойшылдық сарынмен жырланып келе жатқан әлем әдебиетіндегі классикалық мұралардағы философиялық-поэтикалық кешенді бейнелеулермен жырлау үрдісін дарынды ақын Жұмекен Нәжімеденовтің игергенін анық көреміз. Сондықтан да ақынның поэзиясындағы туындылардың барлығы да әдеби тектің эпикалық, лирикалық, драмалық жанрлары сипаттарының тоғыса тұтасқан поэтикалық табиғатын байқатады. Яғни Жұмекен поэ­зиясы – даналық толғаныстары тұтасқан поэ­тикалық көркем кестелер көрінісі. Ақынның шығармаларындағы теңеу, ай­қындау, құбылту мен айшықтау аясындағы кейіптеу, мегзеу, психологиялық егіздеу, т.б. үлгілерден бейнелілік өрнектері де ойшыл, суреткер ақын даналығын дәлелдейді. Мысалы: «Жомарт халық ұлы едім мен – жарқын жан», «Жетті, міне, жігіт-самал албыртып, бойжеткен-гүл бола қалды ұялшақ», «Тыныс­тармын аспан бұлтын жамылып, Ай астында ақ бұлақ боп сылдырап», «Айлы түнгі Алатау­дай томсарып», «Қып-қызыл құм иегіндей бір жылауық кемпірдің», «Бурыл бұлтты жыртып өтті найзағайдың жарқылы», «Ұсап кетті қалың найза көкбурыл бір тасқынға», «Жұдырықтай түйілді ауыл, түйілді кек шемен болып, көтерілді құйын-дауыл, көтерілді ел өлең болып», «Барлық дала – бір домбыра, мезгіл қолы шебер шертті», «Үміт, күдік – екі төбет екеуі, … екі төбет ортасында бір кесек ет – жүрегім», «Жарқ-жұрқ етіп жарықтың айбалтасы қараңғының қабырғасын сөгеді», «Жан бір – бөлме, көңіл – есік қағып кір», «Сенім-шамын қоям ылғи бұқтырып», «Амал қанша, ұясынан кей қаздың жаман шірік сауысқан мен қарға ұшты», «Уақыт – қашықтық деп қалам ұғып, сол қашықтық – жаңа ой, жаңа білім», «Күдік деген Сауысқан, ал сауысқан қай жеріңде жара бар – соған қонар», «Әкім болсаң – әділ жол бар, ал бас­та, әкім болсаң – желкеңде тұр алдаспан», «Қармағымды ой қапты – қалтқымды батырып», «Мен – іңірдің желімін қоңыр бұлтын шұбыртқан», «Ақылдыға қайғы алдырсам деп едім, ақымақты ойландырсам деп едім», «Тоқсан, жетпіс, сексен, жүз де – кәрі, рас, бірақ, бірақ … өлу үшін – бәрі жас!», «Мәңгі тозбас сезімге – тозбайтұғын зат шыдар. – Ең тұрақты махаббат, бәлкім, табиғат шығар», «Сүю үшін еменді – туу керек емен боп», «Саусағымен ауаның, қара бұлтты ақ шыңға байлап қойып сауамын!», «Жалқы жігіт байлау болса – ол да ерсі, жалғыз жілік майлау болса – ол да ерсі», «Момышұлы қанын төгіп ел үшін, тас-тағдырдан тартып алды жеңісін», «Сен – шың болсаң, халық дана – кең дала», «Өзен болсаң, халық – қияр теңізді, қанша бұрқап аққаныңмен долдана», «Тегім менің – топырағым деп біліп, күш көрсетсе жігіт – міне, тектілік», «Қайратсызға – қалтырау да бір мектеп», «Кей жігіттің бидай сынды болмысы, суға тойса – бөртіп шыға келетін», «Қасқыр болып шабу үшін емес тек, қасқыр болу – қорғанулар үшін де керек екен, керек екен қасқырлар», «Ағаш сынды халық та жапырағын тастап, түлеп отырар: күретамыр – халық бірақ қалды аман», т.б.
Жұмекен – халық даналығының көркем шындықпен жинақталған қазынасын өзін­дік дара өрнекпен жырлаған ойшыл ақын. Уақыт пен кеңістіктегі адамзат ұр­пақтарына тән қарама-қайшылықтардың тоқ­талмайтын күресі мен ажырамайтын бір­лігін философиялық поэзияға тән мазмұны мен пішін жүйесі поэтикасының күрделі, ке­шенді, көп үнді, егізделген, тоғыса тұтасқан өрнектерімен жырлаған ақын мұрасы – даналық поэзиясы сипатымен миллиондаған оқыр­мандарының көңілдерінен мәңгілік орын алды.
Туған халқына, байтақ Қазақстанына арналған перзенттік махаббатын, аза­маттық-қайраткерлік қызметін көр­кем­дік сипаты құнды шығармаларымен жасаған ақын ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың халық тілінің поэтикалық қолданылу мүмкіндіктерін тереңдете дамытты. Ақынның поэзиясындағы қазақтың байырғы және кейінгі заманғы ауыз­ша және жазбаша лексикалық қорындағы сөздер мен сөз тіркестерінің философиялық-психологиялық алуан мағыналы реңктерімен қолданылуы да халықтың тілдік қорының байлығын танытады. Ойшыл ақынның «Ана тілі туралы сөз» деген диалог-өлеңі қазақ ұлтының әлем өркениеті тарихында мәңгілік сақталатынының кепілі тілі екендігін ұлттық-отаншылдық сеніммен, ұрпақтарға аманат ұлағатымен жырланған.
Әлем өркениетіндегі классикалық поэ­зия үрдісімен сарындас шығармалар жазған ақынның әдеби мұрасы – біздің тәуелсіз Қазақстанның қазіргі және болашақ ұрпақтарының рухани құндылықтары қатарынан орын алатын, мәңгі жасайтын қазына. Отбасын, балаларын, қазақ ұлтын, бүкіл планета халықтарын, ғалам­дық-ғарыштық кеңістікті құрайтын өткен мен бүгінгі және болашақты табиғат құбылыстарымен, қозғалыстарымен біртұтас бірлік жағдайында жырлаған («Ой түбінен ойнап туған жырменен, тыныш таппай – тірі болып жүр денем») ақынның поэзиясы – әлемдік классикалық мұралар қатарында бағалануға лайықты. Ақын «Бес бұтақ» атты өлеңінен өзінің отбасындағы бес перзенті­не арналған әкелік махаббаты мен жер бетіндегі бүкіл адамзатты сүйген азаматтық-гуманистік сезім тұтасуын оқимыз. Өз ұлты мен әлемдегі барлық халықтардың, бүкіл тіршіліктің үйлесімін, өсіп-өркендеуін көркем шындық бейнелеулерімен жырлаған ойшыл ақын Жұмекен поэзиясы сөз өнерінің ұрпақтар жаназығы екендігін дәлелдейді. ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бастап осы кезең­ге дейінгі жарты ғасыр бойы шығармала­ры байтақ елімізді ұлттық-отаншылдық асқақ рух қуатымен баурап келе жатқан ақын таңдамалылары жинақталған «Менің Қазақстаным» атты өлеңдер мен поэмалар кітабының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынылуы – миллиондаған оқырмандарының, ақынды сүйген халық махаббатының ұсынысы.
Халық махаббатына ие болған ақын мұрасының лайықты бағалануы – Қазақстан Республикасының да әлем өркениетіндегі асқақ мәртебесін биіктете түсетіні анық.