н тұрды халық алдында:
«Қандай жыл да ортайтпаған көңілін
Біздің ел де – бір керемет ел еді».
Әлі де сол қалпы. Қайта көңілі толыса, толыға, түрлене түскен.
Елу жылдан кейін бір өлең қаншама адамдарды табыстырды, таныстырды, танытты, туған туыс, бауырлас етті. Сахнаның төрінен жұлдыздай жарқырап жанған Жұмекеннің де бейнесі елімен тағы бір қауышып, оның да жанарына жас үйірілді. Бұл күн Жұмекен жырының тағы бір жеңіс күні болды. Жастық шағы өткен Қарағанды топырағында оның жеңіс туы жетпіс жылдық тойында желбіреді.
Ол осындай сәттерді өз ғұмырында аңсап, армандап, күтіп еді. Кеңес заманындағы спорт шебері, бірінеше дүркін әлем, олимпиада жеңімпазы Ирина Роднинаға арнаған өлеңінде сол тілегін ашық білдірген. Өлеңді қысқартпай өз қалпында келтірейік. Өлең жолдарында Жұмекеннің жүрек соғысы, әрбір үтірінде көзден аққан жасы, жаны үйіріліп тұр:
«Жоқ шығар-ау қанша шарла жер үстін
Шаттығынан өткен шаттық жеңістің,
Бақытынан өткен бақыт жеңістің—
Деді біреу,
Мен келістім, келістім.
О, еңбектің жеңісі,
Рухтардың жеңісі.
Бір балладам тауып туса желісін
Жеңіс, жеңіс мен үшін.
Шу етті ұлы стадион—соқты қол,
Жер солқылдап кетті білем тепкіден.
Сонша сүйген, сүйсіндірген кім бізді?
Жеңіс өзі қалап титтей бір қызды
Құдіретті тұғырына мінгізді.
Біздің гимн әмірін бір жүргізді,
Көтерілген сәтте Қызыл Ту біздің.
Тудай шалқып сезім шіркін «мен», «мен» дер-
«Менге» құмар келеді ғой жеңгендер.
Ал, мына қыз гимн ойнаған шақта
Қып- қызыл Ту төбеде айналған шақта
Тыйылмады көзден жасы бұршақтап.
Алғыс толы ойлар туып көңілде,
Жанарыма жас үйірілді менің де:
Жасыл бақта жаздағы
Жарып шығып жасыл сабақ басынан
Гүлдер бар- ау көз алдыңда ашылар.
Соған ұқсап жүрегім
Көкірегімді жарып шыға жаздады
Қызыл тудың сәулесі мен жүзі шын
Жанған сынды болды маған-
Ұлы елдің
Гимні ұлы ойналды осы қыз үшін,
Туы төбеде айналды осы қыз үшін-
Неткен бақыт.
Ұлы еліңнің ұлы гимні алдында
Жүрегіңнің қызыл туы алдында,
О, құдірет, тап осылай, құдірет,
Жыласаң ғой ғұмырыңда бір рет».

Жұмекен! Тап сол күні, тап сол өзіңіз қалағандай жыладық. Жеңіс көз жасы төгілді. Жеңіп тұрып жыладық. Өлеңдегі өзіңіздей елім деп, егілдік. Бақыт сезіміне бөлендік. Жұмекен өлеңі Шәмші әуенімен бірігіп қазақ ұлтының ұлы гимніне айналды. Өнер құдіреті. Ұлттың ұлы ұлдарының ұлы жеңісі. Халықтың қатесіз қабылдауы, қалауы. Қаулы қарарға қарамас халық жарлығы. Қазақ ұлтының ұлы гимні, тәуелсіз ел туы алдында Жұмекен мен Шәмші - қос қаһарманның еңбегінің, рухтардың жеңісін көріп, шаттыққа бөленіп шырқадық. Хормен бірге бүкіл халық алғашқы дыбыс, әуенге ілесе көтеріліп, тік тұрып ән салғанда, еркіндіктің, ғажап поэзияның не екенін тағы да түсініп, түйсініп рухтандық. Қазақтық мінез-құлық бұрқанып атой салды. Көкіректен жүректі жұлып беруге дайын едік. Қазақ ұлтының бақыты бірлікте екенін сезініп қайраттандық. Ақынға деген алғысқа толы көңілден туған шаттық, мақтаныш бұршақтары еді халықтың көз жасы. Бұл кеш еңбек пен рух жеңісінің жемісі, жетістігі, көрсеткіші іспеттес. Жұмекен жырының таза жеңісі тағы бір жарқырады. Тап өзі айтқандай: «Біздің жеңіс, тек аспанның сыя алады құшағына. Алдағы күндердің жүзінен жеңісін көруге келем мен. Бұл күннен кім бізді іздесе, келер күн төрінен табады». Халық, ақын, билік бірлігін көрсеткен сәтте туды бұл бақыт қуанышы. Біздің ел бақытты, біздің ел осындай деп Жұмекен біліп айтқанына куәлік еттік. Бәріміздің, әр қайсымыздың арманымыз бақытты болу. Әрбір ұлт, мемлекет бақытты өмір сүргісі келеді. Ақын сөзінің астарында қаншама сыр, ой мен еңбек жатыр. Ол өзі де күнділігінде «...Жұрт ғұмыр бойы маған тиісіп келеді. Ал, мен әлі жауап бергем жоқ. Еңбек. Жауаптың да, сұрақтың да көкесі - сол еңбек. Біздің қолдан басқа не келеді»,- деп жазған.
Расында да ақын бәріне де еңбекпен жауап берді. Ақылға салды. Тиіскенге жауап берген жоқ. Жауап беруге қауқары жеткілікті емес пе еді? Еңбек ете алмаған ғана тиісуге дайын тұрады. Өнері тұрғанда басқа амал-айланың қажеті не? Жұмекен осы арада таза еңбек жайында сөз қозғап отыр. Ешбір қоспасыз. Ақ, адал еңбек. Қарындар мен жұтқыншақтарды толтырар еңбек емес. Өнерін, өмірін мәңгілікке апарар еңбек.

«…О жастық шақ, ақ шаш сенің не теңің!
Білемісің көргенсіздік екенін
Бурыл шашты сатып алу тиынға?
Шаш па бурыл,
Бурыл әлде миың ба?!
О, сәнқойлар, есер едің сен неткен?
Мода, мода қуа аламын мен де еппен,
Бірақ ақ шаш... Даңқ, Орден секілді
Оны- дағы алу керек еңбекпен»
(Мая Румянцева - Жұмекен. Бурыл шаш жайлы баллада).
Еңбексіз келген даңқ, орден бәрі сағым-алдамшы, ойыншық, уақытша алданыш. Баяғы сол мода қуу. Көргенсіздік. Тиынға келген танымалдық таң атқанша ғұмыр сүрер. Бір қыр асқан соң сән де жоқ, мән де жоқ. Бәрі айдалада атаусыз қалады. Өмірін өнерге қиып еңбек еткен ақын ғана мәңгілік табалдырығын аттай алады. «Еңбек деген махаббат қартаюды білмейді». Еңбек - махаббат. Қартаймау формуласы. Бұзылмас, өзгермес заң. Мәңгіл