пен идеалға ұмтылғанда ұтылуға жол жоқ. Ұпаймен ұту да ұтыс емес. Біз толыққанды, бүкіл ел көзінше ашық, сөзге қалмас, кір келтірмес, таза жеңіс іздедік. Ақ орамалды ортаға еріксіз тастатқызар ерік-жігер қанымызды қайнатты. Күш-қайратымыз тасқын, сел болып ағылды. Жұмекен жыры жүрегімізге рух ұраны болып құйылды. Мәрт мінезбен мерт те болу мерейлі. Таңдауымыз тек текті жеңіс. «Жеңілме, дос, жеңілме - қайратыңды құмарлыққа қосақта» деп Жұмекен тұр. Осы жолда туымыз - «Менің Қазақстаным» жыры болмақ.
«…Жеңеміз деп ту жамылып тұр едім,
Жеңеміз деп дүрсілдейді жүрегім» (Әмин Омари - Жұмекен. Оңтүстіктен хат).
Жұмекен жүрегімен бірге жеңеміз деп жүрегіміз жөнелді жыр жұртына. Тәуелсіздік туы - жеңіс туы.
«Жеңіс аты- қызыл жалау.... нан деген
Сәби ойы- айта алмаймыз бекер деп.
Енді ойлаймыз: Жеңіс тамшы қан менен
Өз күшіңе мықтап сену екен деп».
Тамшы қанымыз қалғанша, күш–жігеріміз сарқылып таусылғанша Жеңіс әкелеміз елімізге. Өз ақылымызға, күшімізге сенімдіміз. Елімізге, жерімізге сенеміз. Отанымыз - Қазақстанды сүйеміз. Біз осы елдің азаматымыз.
Адамның өзіне қояр мәңгілік «Мен - кіммін?» -деген сұрағы әкелді мына әділ, әсем әлем – поэзияға.
«Кіммін осы? Не бердім мен? Не берем?-
Алушы еді пенде не.
Лақылдатып жалынды жыр төгерем —
Тарлау екен кеуде де.
Қырсыз ойдан күйініш пен ыза алдым,
Жан екенмін тас маңдай...
Ақырында өз-өзімнен қызардым,
Таң алдындағы аспандай».
Жұмекен «Кіммін осы, не бердім» деген сауалына өз ісімен жауап беріп кетті. Біз оның жырынан не алдық, не аламыз? Өз-өзімізден қызарар қасиет біздің бойда бар ма? «Өшер де бір мықтап қызара» аламыз ба? Жұмекен өзі мақтана айтпаса да мақтанарлық істі шахтада кенші болған кезінде жасады. Жұмекен қаршадайынан қалжақ тағдырымен тайталаса жүріп адам, азамат, ақын болып шыңдалды. Оның тұла бойы өзінің туған жеріне тартып төзімнен тұтас құйылған. Алмас бұрғы батпас «Галит». Қошалақтай қарапайым болған ол Нарын құмында өсіп- өнді. Өнері елім деп өмір сүрді. Жүрегі елінің жүрегімен ұғысқан, елін - Гүл елі, жыр елі деп жырлаған. Неткен дархан сәби көңіл. Мөп-мөлдір, пәк сезім. Ағыл-тегіл сыр. Жұмекеннің өмірі мен өнері ел шежіресіне, әлем әдебиетіне «Менің Қазақстаным» өлеңімен енді де, мәңгілікке қалды. Ұлы қазақ ұлты мәңгілік болса, Жұмекен осы бір шағын дүниесімен-ақ мәңгілік ел жадында. «Көтерілді ел өлең болып» деген ақын сөзі осы әнге арналған сыңайлы. Қазақ өнері мәңгілік, уақыт қас-қағым. Өтпелі ғасырдың ақтауға жатпайтын өктемдігі мен өзімшілдігі, шектен шығуы һас шебердің көркем ойын ешқашанда шектей алмайды. «Әділетсіз күш» ән алдында әлсіз. Адамзаттық идея ұлттық идеядан құралатын болса, қазақ ұлты Жұмекендей ұлы ұлдарымен ұлы.
Жұмекеннің өзі осы жайлы былай демеп пе еді:
«Әзілдейді жұрт бізді: үш ұлы ақын...
Ұлы десе несі бар қысылатын?
Екшеп айтар еріңнен, жанымызға
Ойнаса да мақтаған кісі жақын».
Жұмекендей ақындар мақтауға да, мақтануға да тұрарлық ұлы ұлдар екенін өмірімен де, өнерімен де көрсетті, дәлелдеді.
Жел өтінде жырлаған жетім шыбық тамыры тереңде, жапырағы биікте бәйтерекке айналды. Қазақ ұлтының тағдыры үшін алаңдаған, тілінен, өлеңінен ерте өлейін деп гүлің болып егілген, жырың болып төгілген, елден де ерек өлімге асыққан Жұмекен ерте өтіп өмірден, жанып кетті. Оған ол өкінбейді, өксімейді: Сен барсың, бақытты елі, туған жері Қазақстаны. Сен барсың, сан мыңдаған жасыл жапырақ жас Жұмекен - жыр сүйген жас. Сен барсың: жақсыңды тану үшін ғұмыр бойы оқуға дайын оқымысты оқушы, сауатты сыншы. Сен барсың ұлт басшысы, ұлттық әкім, ұлттық меценат, ұлттық оқырман. Сен барсың ұлттық қазақ әдебиеті. Ұлттық әдебиетке ұлдарың халық ішінен, қайнаған өмірден келді, сырттан келген ешкім де жоқ. Көркем сөз әрқашанда халық иелігінде, оны еш пенде жеке меншігіне көшіре алмайды. Халқының ұлттық мінезін, бар бітім болмысын, рухын, жан-жайлауын дәл тауып көрсете білген, «Менің қазағым мықты ғой» деп жырлаған әдебиет нағыз халықтық әдебиет. Оның шынайы өкілі Халық ақыны- Жұмекен бақытты ақын. 2005 жылдың 20 сәуірінде «Менің Қазақстаным» әні Қарағанды қаласында алғаш рет толық үш шумағымен бірдей орындалды. Тәттімбет атындағы академиялық оркестірдің сүйемелдеуімен үлкен хорға қосылып Жұмекеннің құдай қосқан қосағы Нәсіп Мұстаққызы, өзінің сүйікті кенже қызы Саидасының жары Самал, консерваториядағы ұстазы Шамғон Қажығалиев, көмірлі өңірдегі тәрбиешісі Кенжин Әукебайдың ұл-қыздары, келіндері, бауырлары: Төлеш, Болат, Сәуле, Роза, Ермек, Түркінің текті ақыны Ақсұңқарұлы бұл әнді шырқап жарасып тұрды. Неткен бақыт. Сұлу сезім, сәнді саз. Терең сыр мен тәтті наз. Жұмекен жырлаған мейірім, махаббат тұнып тұрды жан дүниелерінде.
«Бүкіл әлем - мейірімнен тұрады,
Бүкіл дүние - махаббаттан тұрады».
Мәнді, мазмұнды мейірім, махаббат мейрамын сыйлаған мәрт мінезді мәдениет майданының Махамбеті - Рымбала Кенжебалақызы Омарбекова.
Жүректі жарып шыққан сөз алдымыздан шықты сол кеште. Жанартаудай жалынды жырымен жас Жұмеке