Қолымызда 30 баспа табақ полиграфиялық сапасы жоғары «Интерпретация текста: лингвистический-литературоведческий-методологический аспекты» атты халықаралық ғылыми конференция материалы негізінде құрастырылған жинақ. Бұл өткен жылдың соңғы күндері, үстіміздегі жылдың басында Ресей және Қытай ғылыми орталықтары мен зертханалары тізе қоса ұйымдастырған жиын. Болгария, Қытай, Моңғолия, т.б. алыс-жақын шетел, Беларусь, Украина, Ресей, Қазақстан және бүтін Сібір аймағы аумағы ғалымдары бас қосып филология ілімі мәселелері талқыға түсті. Бұл әлемдік аламанға «Поэ¬зия Казахстана» атауымен белгілі сыншы, филология ғылымдарының докторы, профессор Бақыт Кәрібаева атсалысты.
Бүгінгі жаһандану кезеңінде ұлттық құндылығымыз «өнер алды – қызыл тіл» мәселесі Еуразия кеңістігінде, атап айтқанда, Санкт-Петербург, Мәскеу, көне Тула, Саратов, Челябинск, Башкирия, Якутия, Липецк, Орхон университеттері, Алтай, Қытай өлкесінің санап шығуы мүмкін емес ғылыми орталықтары ортасынан табылуы – заңды құбылыс. Конференцияға Бақыт Кәрібаева нақты тақырып етіп Жұмекен Нәжімеденов шығармашылығын ұсынған екен. Мәтін мәселесі көбінесе прозаға тән десек, «Ғалым назарына неге лирик ақын ілінді екен?» деген сауалымызға ол былай деді: «Сіз дұрыс аңдап отырсыз. Ғылым – аңдатпа. «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» екені рас. Бірақ бірден астамшылық айту, асыра сілтеу артық. Теңіз дәмін тамшыдан таныту – мәдениет. Екіншіден, бұл тақырыптың мазмұн-маңыздылығы мынада: Жұмекен – кезінде қазақ тіліне салынған «қара құлыпты» ашатын алтын кілт іспетті. Ғасырын көктей өтіп, тамырын тереңге түсірген, бұтағын биікке көктеткен, жалпы адамзаттық классикалық қазақ әдебиеті үрдісін ұстап қалған білімпаз саналы дара тұлға. Бұла заманның «ерке» ақындары мінезімен – «к сожалению, я состоялся как поэт» дейді соңғы жазбасында. Яғни Жұмекен жаһандық ұлы іріктеу кезеңіне сұранып тұр. Екіншіден, ол – біздің замандасымыз. Соңғы түйенің жүгі ауыр. Замана жүгін қашанда «тарих емес» осы замандық адам көтереді. Сондықтан бүгінгі теория да Байтұрсыновтың айтқанын қайталап шығумен шектелмейді: оның сөз концепция жүйе – желісін үзіп алмаумен өлшенеді. Догма сананы улайды, қатерлі дертке ұрындырады. Жұмекен олай болса, экспортқа шығатын ұлттық брэнд емес, қазақ жазба әдебиетінің мәуелі жемісі, нақты көрсеткіші. Сондықтан ол – бүгінгі қоғамдық қарым-қатынас тілді де суаратын қазыналық құнар. Мектептерімізге зәру болып отырған «құтты білім». Бұл аз сөзге көп мағына сыйғызудың тетігі осында. Ақын «әдебиетті оның танымынан бөлуге болмайды» дейді өнер-ғылым бірлігін тереңнен ойлап. Онысы рас. Байтұрсыновты да алғаш Ресей энциклопедиясы «ақын» деп таныстырған еді. Нақты тарихи жағдай оны кейін кім еткені өздеріңіз менен жақсы білесіздер. Олай болса бүгін шығармашылық пен сын-таным өскелең әдебиеттің көрінісі болмақ. Біздің халық қалаулыларының бүгін білім беру жүйесіне «тұлға» тәрбиелеу талабын мен түсінемін әрі құптаймын. Бұл бағытта Дон Кихот шылауымның себеп-сыры да осы мүддемен орайлас еді».
Қазақ филологиясына Бақыт Кәрібаева есімін таныстыру-жарнамалаудың еш қажеттігі көрінбейді. Алайда сапа мен тиімділікке қатысты ой-пікірлерін біздің «Ана тілі» басылымы кезінде жария еткен. Дәл осы конференцияға өзек болған Жұмекен Нәжімеденов «мәтінін түсіндіру» концепциясы алғаш газетіміздің 30-желтоқсан 2010 ж. – 12-қаңтар 2011 ж. санында «Жан-Жұмекен» атауымен жарық көрді. Сөйтсек, рух-әдебиет деген мағынада мәселе концептуалды қойылған екен. Осы замандық қазақ филологиясы сапа мен тиімділікке дөп келетін болғандықтан, бұл мақаланы «Мысль» (№6, 2011), «Простор» (№11, 2011) журналдары орыс тіліне аударып жариялады.
Келесі кезекте Б.Кәрібаеваның «жұмекентануына» сілтеме де орыс тілінде жасалды. Мәселен, Людмила ¬Шашкова «Казахстанская правда» газетінің 2012 жылғы тамыз айындағы сандарының бірінде Әнұран авторы Жұмекен Нәжімеденов жайлы арнайы мақала жазып, оның ғылыми танымына байланысты Бақыт Кәрібаеваның концептуалдық бағытына сілтеме жасайды. Сөйтіп, тарихи тағдыр кешкен талант болмысы ғылыми-әдеби айналымға түсті. «Жұмбақ Жұмекеннің» түсіндірілуі («интерпретациялануы), анығында әлемдік танымда ғана емес, қазақ әдебиеттануында да жаңа бағыт еді. Себебі ақынды сырттай сипаттау немесе «Жұмекен – жұмбақ ақын» тәрізді баға ақынды танып-тарқату емес, керісінше, танымды тұйыққа тіреп тастайтындай ғой… Бұл қисынға байланысты ғалым былай дейді: «Мен үшін Жұмекеннен анық ақын жоқ. Жүйелі қазақ сөзі өз жүйесін таппай қоймақ емес. «Абайдай актуальды ақын көргенім жоқ» десе, Жұмекен оны зерделей зерттеп,
Дариға, қайда кетті Қасым ағам,
«Дүние қасіретіне жасымаған»
Жоқ енді, амал қанша!
От еді ол,
Мен ұшқын сол бір оттан шашыраған, –
дегенде де ақын түйсік қазақ сөзі жүйесінен қалт кетпейді, келісті өлең кестесімен өрнектейді. Яғни бірде әдебиетші, екіншіде ақын, үшіншіде күйші болып рухани құндылық ақын тұлғада екшіле береді. Сонда ол кімдер үшін жұмбақ?!
…«Біреуге аспандағы асыл, біреуге жұртта қалған жасық» (Қасым) – өмір диалектикасы Жұмекен маңдайына да өз таңбасын соққандай. Алайда мен Жұмекенді анализ-синтез әдісімен тексергенде, көркем эссеге айналдырғанда оны әлем әдебиеті контекстінен үзіп алмауға тырыстым. Ол өзі де: «шын ақын жалпыадамзаттық өреге көтерілуі тиіс» дейді. Өз биігін – миссиясын осылайша анық түсінеді. «Живой Жумекен» деп поэтикалық атау беруімде бұл ғылыми конференцияға ұсынған еңбегімде оның шығармашылық табиғатына бойлай түсуді көздегендік еді. Мұны өрелі ғылыми орта бірден қабыл алды. Бүгіндік филологияның тың – жаңа сөзі деп біліп, бағалады.
Сөйтіп, қазақ сөзі әлемдік филология¬мен үндестік тауып, жанды байланысқа жол тартқандай болды. Жалпы, ғылыми конференциялардың маңыз-мақсатының өзі осында болса керек. Олай болса, Жұмекен біздің өмірімізден, қоғамдық мәселелерден қалыс қалуына негіз жоқ. Керісінше, оның өрелі ойлары, өміршең ақындық қағидалары қоғамымызға қалтқысыз қызмет етуі тиіс. Осы бағытта бір байқағаным, қазақ әдебиеттануында ақын шығармашылығы өз деңгейінде игерілмей тың жатыр.
«Иә, жел сөз жыртыққа жамау болмасы мәлім. Ал орыстілді әріптестер, тіпті де бейхабар екенін көріп-білдім. Менің бұл бір үзік «сыр» мақалам үшін қайсыбіреулері оңашалап рахметін айтты. «Оңаша» дегеннен шығады: мен Жұмекенді өзімнің «оңаша» отауымда тәуелсіздікке дейін-ақ зерттеген едім. Қуаныштысы, ақын ақиқаты – ғылыми танымнан бір елі де бұра тартпаппын: Жұмекен жайлы бүгінгі тарихи деректермен арнайы тексеріп қайтадан қарап шықтым. Мәселен, мен Жұмекен стилін ғылым тілінде: «өлеңнің ғана үрдісін қуаламай, әзіл-оспақ, шымшымадан сөз сабақтай отырып халықтық нәр, қуат жинайды өз поэзиясына. Халықтық характер әкелді. Ендеше, ол сізге көбіне-көп ән айтпайды, әңгіме айтады. Ертегі-жыр, шежіре айтады. Айтып отырған балаң жігіт емес, халықтың қасиетін бойына бүккен қарт» (Бақыт Кәрібаева, «Қазіргі қазақ әдебиетінің көркемдік даму арналары» – «Елорда», Астана-2001. 154-бет) десем, Жұмекен: «Мен әу бастан сюжетпен, оқиғамен сөйлеуге (немесе мысалдап деу¬ге келер ме екен) бейімдеу едім. Желдің есіп, жапырақтың сылдырап тұрғанының өзіне адами психология, мінез беруге тырысқаным өз алдына – оқиғалық ¬сипат бердім» (Толық шығармалар жинағы, А.: 2012 жыл, 405-б.). Иә, ол о бастан-ақ тағаны берік, талғамды әдебиетші – талант қыр-сырын жетік игерген бірден-бір шығармашылық тұлға еді. Жүріп жатқан әдеби процесті жіті қадағалауы содан. Бұған тағы бір мысал келтіре кетейік. Кеңес кезеңінен қазақ поэзиясына «рау¬шан гүл» ұғымында санаға сіңген бір лирик ақын жайлы осы «сюжетпен ойлау» машығымен былай дейді: «… «Амангелді» кинофильмі Жамбыл ауылында түсіріліпті. Бес жүз қарар аты, адамы бар қалың топ. Кейін үлкен актер, режиссер болған ағамыз Жәкеңе еркелей әзіл айтады: «Қой сойып, қонақ етпесеңіз, ауылыңызды шауып аламыз». Қарт ақын бір түрлі өкпелеп, одан гөрі таңданып былай сұрақ қояды: «Өй, әлгі ағаш қылыштарыңмен шабасыңдар ма?» Ақынның көңілін әбден түсінуге болады. Ағаш қылышпен шабу деген ұғымды миына сыйғыза алмаған ғой. Сол айтқандай, ағаш қылыш киноға болмаса, лирикаға үйлеспейтін қару дер ек (сонда, 93-бет). Оның «ертегі-жыр» айта отырып образбен ойлау жүйесінің дәлелі бұл. Кеңес заманында ғұмыр кеше отырып «ағаш қылышпен» өмір-өнер мұратына жете алмайтынымызды көре білді. Сол сияқты, жол-жөнеки Жамбылдың ешқайда көрінбеген халықтық аяулы бейнесін бере кетеді.
«Ағаш қылыш» заманын біз де бастан кештік. Осы Жұмекеннің замандасы – үлкен ақын бірде маған: – Сен ақымақ болма, партияға өтіп ал! Совет үкіметі әлі жүз жыл тұрады, – деп кеңес бергені бар еді, ағынан жарылып. Жұмекен бұл жүйемен көктей алмады. Қасым ағасын іздеуі содан.
«…Шығып тұр ғой бүгін де
Қасым деген бір ақын.
Осы болар түбінде,
Енелеріңді ұратын».
Қасым аға өтірік айта алмаған ғой. Бір кезде осы жолдар маған мақтаныш сықылды көрінетін?! Ақымақтық қой. Жеке адам (личность) – Алматинка өзенінің ортасында жатқан тас секілді: есуас-көк сулар сол тасты домалатып кетем деп әлек. Ал ақылды ағыстар айналып өтеді» деп жазады Жұмекен көз жұмарынан екі-ақ ай бұрын өз күнделігіне (сонда, 411-бет).
Көркем өнерге бұл замана нәубетін Ресей бізден бұрын білді. Алла ¬Демидова: «Біздің миымызды Евтушенко тазартты» десе, Жұмекен біздің санамызға қаншалықты әсер етті?!» Актриса түгілі әдеби орта оны қаншалық «құп» алды?!
«…Әдебиетке бәлендей жан ауырмайтын – бұл біздің кезең, әсіресе қазақ әдебиетінің негізгі қасіреті – адамдар творчестволық атмосфера жасап келеді… Бәрі (әр қайсысы) өзі тек өзі (болғысы) бар. Кейбіреулер болу үшін жазу (жаман да болса) керек екенін де ұмыт етті. Пысық болсаң «боласың» деген ұғым, (неше алуан айла-әрекет), өз тілінде басылуға жарамайтын шығармасымақтарын басқа тілдерге аударып алып, тіпті орталық баспасөз беттерінде тәуір аталып кетуі (бірінші планға шығып тұр) ұят-ақ! … Міне, мен нағыз тоғышармын! Ештеңені айтпасаң, қорғамасаң, күреспесең, тұрмыс жайлы, тыныш деген шіп-шикі өтірік сөз. Әйтпесе, мен тыныш (благополучие) өмір сүрер едім ғой. Жұрт ғұмыр бойы маған тиісіп келеді. Ал мен әлі жауап бергем жоқ (1983 жыл).
Әрине, ол бұған еңбегімен, шығармашы¬лығымен жауап берді. Алайда Абай сынды «сөзімді керек кісі өзі тауып алсын» деңгейде тұрған жоқ па?! Себебі актриса Демидова секілді біздің миымызды ¬Евтушенко тазартты деп көпше түрде емес, жекелерге «сүйеніп» – сенім артқандай ғой. Оның ақтық сөзі «Сұрайтыным – арзан атақ әперме» болыпты. Ақын өсиетіне қиянат етпесек етті…».
«Ана тілі» (6.09.2012) басылымында «Қазақ әдебиетіне жаңа концепция қажет, оны әдебиет сыншысы Бақыт Кәрібаеваның шығармаларынан табамыз» атты мақала жарияланған-ды. Бұған «Айқын» газеті (желтоқсан, 2012) үн қосып, «Жаңа концепция не үшін қажет?» деген мақала берді. Ғалым Бақыт Кәрібаева осы сенім үдесінен табылып келеді. Соңғы үш жылда өзінің концептуальды сыни мақалаларымен бүгінгі қазақ әдебиеттануының өткір де өзекті мәселелерін халықаралық деңгейде көтере білгеніне осы әңгіме дәлел болса керек.