Жұмекен Нәжімеденовтың «Мен туған күн» деп аталған таңдамалы өлеңдер жинағына әр кезеңдерде жазылған, оқырман қауым жылы қабылдаған лирикалық жырлардың таңдаулылары енгізілген.
«Қай жаққа, енді қайда бұрыла алам,
Жаным бар шындық дарып, жыр ұнаған.
Осы бір кеудемдегі кішкене бас,
Үп-үлкен дүнияның сырына алаң...»
Ия, ақын барша әлем үшін жауапты!
Жер шарының қай түкпірінде болсын зұлымдық жасалса, ең алдымен ол ақын жүрегіне соққы болып тиеді, ақын болашақ үшін, бейбітшілік үшін қам жейді, өмірді сүю және адамгершілік сезімдерін, ізгілік пен жылылықты оқырман көңіліне ұялатады.
«Гүл салған қол қуаттырақ дер ем мен,
Мың сан мылтық жасап шыққан шеберден...»
Тұтас жырдың ортасынан жырып алынған осы бір-екі жолдың өзі қанатты сөздей құлағымызға жағымды естіледі емес пе? Ақын талантының құдіреттілігі және бақыты да осында болса керек. Жұмекен өмірдің сан қатпар қыртыстарына жіті көз салады, әрбір құбылыс пен оқиғаға үлкен мен береді, болмысты сырт шолушы болып қана қоймай, философиялық ой түйіндейді. Жақсылық пен жамандық, жарық пен жылу, күнгей мен көлеңке, зұлымдық пен махаббат секілді егіз ұғымдар оның лирикалық шығармаларына желі болып тартылады. «Осынау бір олпы-солпы өлеңмен, өзімді өзім түсіндіріп келем мен...» дейді ол қарапайымдылығына бағып. Алайда, олпы-солпы өлеңдер өте аз байқалады. Өйткені, ақын өз шығармашылығына аса ұкыпты қарайды, шынайы сезім мен ақиқат фактілерден туған ойларын ғана жыр жолдарына айналдырады.
Ал, бірақ сөгілсе дүния ұлтаны
Өзімді шеге қып қағамын.
Өмір бойы араға ұқсап бал жинап,
Өзің оны сезбегенге не жетсін.
Мен кідірсем терім сүртіп бір сәтке
Бүкіл дүние тұрып қалар секілді.
Көкжиектің сұп-сұр болған ернінен,
Қып-қызыл күн сүйді-ау, шіркін жалындап.
Мұндай жақсы жолдарды көптен келтіруге болар еді. Бұлар кезінде өз бағасын алған шоқтығы биік жырлар. Ж. Нәжімеденов көзі тірісінде тырнақалды жинағы «Балауса» мен өлең кітабы «Қызғалдақ туралы балладасына» дейін он шақты жыр кітабын жарыққа шығарды. Ақын жинақ сайын үнемі өсу, кемелдену үстінде болды.
«Ж. Нәжімеденов – суретші ақын. Оның суреті он сегізге енді шығып, құлпырып тұрған бойжеткеннің ылғи бұлқынып тұратын көкірегіндей дірілге толы сурет. Онда омалып қалған ештеңе жоқ, бәрі қозғалыста. Суреттері айқын, бояулы. Өнерді өнер ететін өлшем. Шын асыл бояуды шын шебер күректеп, ия шелектеп жұмсамай, шай қасықтың ұшымен іліп алып жұмсайды. Біздің жас поэзияның бояуды баттастырып пайдаланатын орынсыз ысырапқорлығынан Ж. Нәжімеденов атымен ада. Оның жырлары әуенді, әуезді. Ол өлеңнің эвфониясына, ритмикасына, строфизикасына аса үлкен жауапкершілікпен қарайды», – деп жазды Әбіш Кекілбаев. («Дәуірмен бетпе-бет». 1972 жыл. 104 бет).
Ж. Нәжімеденов ұзақ уақыт ізденді, үлкен жолда көп еңбектенді, он шақты лирикалық жыр кітаптарының авторы болды. Төгілген тер зая кеткен жоқ. Ақын оқырман жүрегіне жол тапты. Расында да, өлеңдерінің көпшілігінде дерлік су астындағы маржандай жасырынып жататын терең мағына, сырлы саз, әсем әуен оқушысын баурамай қоймайтын. Соңы теңеулер мен ұтымды әзіл – юмор, паралель теңестірулер мен лирикалық кейіпкер монологы өз орнында ұтымды қолданылатын. Терең пафос пен философиялық шегіністерден құралган жырлар ақын талантын айқын танытқандай.
Ақын поэзиясы сан алуан тақырыпты қамтиды, қоғамның түрлі проблемаларына назар аударады, оларды әртүрлі формада, әртүрлі мазмұнда жырлайды. Бұл орайда да лирик ешкімге ұқсамайтын өзіндік бетін танытады. Қазақтың он бір буынды қара өлең ұйқасына қоса қазіргі уақытта орыс поэзиясында жиі бой көрсетіп жүрген ерікті ұйқас түрін шеберлікпен пайдаланады.
Ақын өмірдің қандай объектісін назарына алса да, көркемдік шындыққа байланыстырып, нақты бейнелейді. Ерлік дәстүрлер мен табиғи өмір шындығын, шынайы сезімді суреттеген өлеңдер Жұмекен таңдамалысынан көптеп табылады. «Ұлым, саған айтам» бөлімінен бір өлеңді оқып көрелікші.
«Төсегімді түні бойы өртенсем,
Қайғым жалғыз: кім боласың ертең сен.
Көп жасасм, күйігінді көрем бе,
Арманда боп кетер ме екем ерте өлсем,
Кім боласың, кім боласың ертең сен?!».
Ашық үнімен, жарқын бояуымен құлақты елең еткізетін шумақ. Әр әкенің көңілінде тұрған ой. Сондықтан да жыр көпшілікке тез ұғынылады, сонысымен бағалы да.
Ақын жырларының астарында байсалды ойлар бұғып жатады. Бұл ойлар тұған жер, ана мен бала, табиғат және махаббат, өмір мен сезім жайлы сыр шертеді.
«Төкші, төкші, домбыра, қоңыр үнді,
Жеңісімді көрейін, не мінімді.
Қандай, қандай дыбыстар шығар екен –
Бір балқытып көрейін көңілімді...»
Ақын домбырасынан өмірдің сан қырына арналған сан алуан күйлер төгіледі. Ақын сезім қылын дәл тауып, жүрек пернесін тербейді. Өн бойынды шымырлатар тәтті әуен – назды лирика бойына шым-шымдап құйылады. Өткен күндерден мол сыбаға алған ақын келешекке сеніммен қарайды.
Жұмекеннің «Шуақ» деп аталатын кітабы өзінің «Жарық пен жылу», «Жеті бояу» кітаптары секілді өмір құбылыстарын зерттейді. Жақсылық пен жауыздық, махаббат пен зұлымдық туралы ой толғайды, адам мен табиғат, мәңгілік өмір және шынайы достық хақында тебірене сыр шертеді.
«Отанның қай жерінде де күн мен ауа тарайды,
Қай төбенің аспаны да арайлы.
Қай төбе де туған жер деп мақтануға жарайды.»
«Туған жер» деп аталатын өлеңнің осы соңғы жолдарынан-ақ ақын мақсаты айқын көрінеді. Ол туған ел ұлылығын бейнелеумен бірге өткен мен бүгінге ой жіберіп, ертеңге үміт артады, сенім білдіреді.
«Ғұмыр ертегісі» өлеңіндегі ақын монологы тебіреніске құрылған:
«Жиырма миллион қыршын ғұмыр сөнгелі,
Отыз бес жыл!
Орта жасын солардың
Есептеген кім бар?
Қайғым болар бұл!
Қанша миллион жесір ана жалғыздықпен егесті,
Қанша миллион бала әкесіз боп өсті.
Жазып көрсем, нөлдің өзін жеткізе алар емеспін...»
Осы кітаптағы «Саңырау мен соқыр», «Шаңырақ», «Тұзды жыр», «Теңіздер мен шалшықтар», «Құлан күйі» өлеңдерін форма жағынан анықтаудың өзі қиын. Өлеңдік қасиеті, философиялық толғаныстары балладаға көбірек ұқсайтын ұзақ өлеңдерде немесе өлеңмен жазылған әңгімелерде эпостың да, лириканың да, тіпті сатираның да элементтері кездеседі.Осы үшеуінің бір қалыптан шыққан, берік қорытылған синтезі – ақын ізденісінің тағы бір сәтті жемісі.
«Менің топырағым» жинағында ақынның өзі жазғанындай, оның топырағы құнарлы, тамырлары тереңде, жапырағы биікте. Ақын жырларын кең насихаттайтын мезгіл де енді туды. Өйткені, оның өлеңдері қазіргі заманымыздың барометрі секілді, аса шеберлікпен және көрегенділікпен жазылған. Заман ағымын дәл барлаған, өмір туралы тебіренген ақын толғаныстарына тәнті боласың.
«Құм ағысын қақ айырып екіге
Қызыл шоқ гүл тағдырымен тұр ойнап.
Бетпақ дала бедірейген бетіне
Ойнап шыққан қызыл қандай бір оймақ...»
Әдемі сурет. Тіршілік белгісі аз білінетін жалпақ құмның ор-тасында мөлдіреп тұрған, кездің жауын алатын жалғыз шоқ гүл көз алдыңа келеді. Гүл бейнесі – ерліктің символы тәрізді.
«Бір бүйірде қызса деп ем өлеңім,
Бір ұйқыны бұзса деп ем өлеңім.
Ақылдыға қайғы алдырсам деп едім,
Ақымақты ойландырсам деп едім».
Бұл – ақынның кредосы.Расында да ойландырмай қоймайды.
Ер басына күн туған сонау бір ауыр жыл. Қатарынан ерте есейген жас ұрпақ. Әкелер майданға аттанбақ. Сол әкелердің бірінің шешесі баласына үйден алып шығып, бір таба нанды тістетеді. Тістелген нан ешқайда жібермейді деген қазақтың игі ырымы бұл. Осы сюжетті акын өз жырына өзек етеді. «Ал, шынында нан бар ғой? Алдамайды...» – деп түйеді ол өз ойын. Баршаға мәлім қарапайым оқиға, қарапайым сөздер. Бірақ, осы бір қарапайым жырдан жүрекке жылы леп еседі.
Ал сюжеті оқырмандардың көпшілігіне жақсы белгілі ежелгі грек аңыз-ертегілерінің ізімен жазылған «Жыр-тоғыз» өлеңдер топтамасы да өзіндік өрнектерімен, айшықты ойларымен баурайды. Әсіресе, «Нарцисс» және «Қайырым немесе батырдың оралуы» деп аталған өлеңмен жазылған әңгімелер оқырманды толғануға, ойлануға мәжбүр етеді.
Жұмекенге тән ойнақы әзіл мен жылы юмор, тіпті астарлы берілген ирония да біраз уақыт проза ауылына қоңыс аударған ақынның поэзиядағы өзіндік берік дәстүрлеріне де адал екендігін дәлелдейді. Сонымен бірге, ақынның жыр кітаптары тұтастай жаңа формамен құрылғанын, оңдағы өлеңдердің әрқайсысының орындалуы, тіпті тақырыбы да Жұмекеннің бұрынғы өлеңдеріне мүлдем ұқсамайтындығын айта кеткен орынды. Бұл орайда өлеңдердің басым көпшілігінің жазылу стилі, тіпті ырғағына дейін қазақ поэзиясындағы үйреншікті стильдердің біріне де келмейді. Бірқатар жырлардан Уитмен мен Неруда секілді ақындардың игі ықпалы байқалады. Ақын реті келген жерінде дәстүрлі буын санын бұзудан да, ұйқассыз жолдарды қолданудан да тайсалмайды.
Ақын жырды тек өзі үшін ғана емес, халық үшін жазады. Оз ойын өлеңі арқылы жұртқа жомарттықпен үлестіреді. Өмір шындығын еш бояусыз, қоспасыз шынайы образда, қаз-қалпында бейнелейді. Адамның жан күйзелісін, ыстық-суық сезімдерін ашып көрсетеді. «Ол — мақта да, мен — күйе, жұғып қалар секілді» деген теңеулер қандай нанымды естілсе, «Киінуші ең еркекше, «жігіт» едің оңды аса, фамилияңның соңында «а» тұрғаны болмаса» деген жолдар да еріксіз жымитады.
«Бір дәптерді өлеңмен жасатып көр,
Ал мезгіл, мені соған қоса түпте.
Мың алғыс саған, достым, бүгінгі күн,
Ертеңге орныңды енді босатып бер», – дейді ол.
Өмір ұдайы жаңара бермек. Өмір жасарған сайын өлең көкжиегі де ұлғая түседі. Өткен күннің орнын бүгін, бүгінгі күннің орнын ертең басады. Өмір барда, тіл барда, жүрек барда Жұмекеннің жыр жұлдызы биіктей береді.
 

Ақылбек Шаяхмет,
Ахмет Байтұрсынов атындағы
ҚМУ Медиа-орталығының директоры, профессор,
жазушы, филология ғылымдарының кандидаты

c.shayahmet@gmail.com