Т. Мейірманова

(Сыр-сұхбат)

Әдебиет майданындағы, оның ішінде жыр сүйер қауымға есімі таныс Жұмекен ақын Нәжімеденов тірі болса 65 жасқа толар еді.
«Орнында бар оңалар» демекші, сол қара шаңырақтың киесі, иесі боп отырған Нәсіп апаймен әңгімелесудің сәті түскендей. Жаңа басылымның табиғаты, бағыт-бағдарын айтып, мүмкін болса ақынның бозбала шағы туралы білгіміз келетінін айттық.
Бар ғой, алғашқы өлеңдері, маған жазған хаттары түгел сақтаулы. Бірақ оны жариялауға бере бермеймін, өзім де естелік-сыр жазсам ба деген ойым бар, денсаулық көтеріп шамам келсе, - деді ол кісі көзіне жас алып. Мен одан сайын қызыға түстім. Екі сағатқа созылған қызықты әңгімеден кейін ғана ақын жары келіскен сыңай танытты.

– Алғаш көрген кезіңіз?
Ол кезде Гурьев облысы, Теңіз ауданында Нұржау деген ауыл бар-тын. Бастауыш класты өз ауылымызда оқимыз да, жоғары класты Қошалақ деген жерге әр ауылдан оқушылар жиналады. Ел арасында жоғарғы, төменгі ауыл деп аталып кеткен кішігірім ауылдар көп-ақ. Жұмекен Қыр балаларымен бізден бір жыл бұрын келіп, осы мектепте оқып жүр екен. Алғашқы қоңырау деген атымен жоқ, оқушыларды аулаға жиып алып, тізім бойынша түгендейді де, кім түске дейін, кім түстен кейін оқиды, соны айтады. Осы жиында қап-қара қалың шашты, ол кезде солдаттардың киетін матадан костюм кию – сәнге айналған, жылтыр түймеден омырауы көрінбейтін, жуан галстук байлаған ақын жігітті тұңғыш көрдім. Бірақ ауыл арасы жақын болғандықтан, оның үстіне көрші тұрған Жібек деген құрбым Жұмекеннің немере қарындасы болып келеді. Сырттай бір-бірімізге мақтап жүреді екен, сондықтан атына қанықпын.
Оқушылар саны қазіргідей көп емес. Сондықтан ба, әйтеуір өте татумыз. Көркемөнерпаздар үйірмесінен, әдеби кештердің белсенді мүшесіміз, радиоузелден оқушылардың концерттері беріліп тұрады үзіліс сайын.
Жұмекен – өте өнерпаз еді. Өлең оқитын, домбырамен ән салатын, күй тартқанда ерекше боп кететін. Әсіресе, скрипкамен «Бұлбұл» күйін тартқанда оқушылар түгіл, мұғалімдеріміз ұйып тыңдаушы еді. Мен мәнермен өлең оқитынмын. Бақыт, Назым деген сырлас құрбыларым болды. Бірде Нәбидолла деген бала Бақыттың құлағына сыбырлап, маған қарағыштай береді. Ол Жұмекеннің класында оқиды. Сөйтсем Жұмекеннің хаты екен, алғашқы ғашықтық хаты. Бұрын-соңды ондай хат алмағам, оның үстіне өзі өлең жазатын ақын жігіттен алғаным...
Қайта-қайта оқимын, біреу көріп қалатын сияқты. Содан бастап небір жырға, сырға толы хаттар ағылды. Үшеуміз жарысып оқимыз, Назымның қара сырмен сырланған кішкентай сандығы бар, хаттарды соған жасырамыз.
– Қай жылдары?
– Бұл 1953-54 оқу жылдары. Мына суретке сол жылы түскенбіз.
– Қай жылы үйлендіңіздер?
– 1957 жылы қосылдық. Құдайға шүкір, жаман ғұмыр кешпедік. Ұлдары мен қыздары, немерелері өсіп келеді. Өзі өлердей жақсы көретін қазақ халқына мұра - өлеңдері қалды артында. Ертерек кетіп қалғаны болмаса... – Ақын жары сүйген жарға деген махаббаты, сағынышын көз жасы арқылы шығарып, босаңсып алды.
- Кейде күнделікті тірліктен шаршаңқырап қажыңқыраған сәттерде осы ғұмыр-намаға уақыт бөлемін.
- Ғашық-намаға деген дұрысырақ болар, - дедік біз ол кісіні көңілдендіре түскіміз келіп.
- Иә, - деді ол кісі болмас жымиған күйі. – Мына бір хатын оқып, өткенде ағыл-тегіл жылап алдым. Махаббаттан есіміз шығып жүріп, ол кезде нендей жауап жазғаным, әрине, есте жоқ. Дегенмен, бір хатымда «жазысқан хаттарды сақтауға тырысайық, керек болады, ойлан» деп жазған болуым керек.
Мүмкін, ағаларыңның ертерек кететінін, аз ғана ғұмырында осындай бағасыз байлығын - өлеңдерін, жырларының, хаттарының ғана ғұмыры ұзақ болатынын құрғыр жүрек сезді ме екен... Маған онсыз өмір сүру өте қиын болды. Үлкен жүректі, сыршыл жүректі ақын-жарды жоғалту жеңіл болған жоқ. Ал балаларыма, оқырмандарына, яғни іздеушілеріне қарап шүкіршілік етемін.
– «Қыз бен Жігітке» алғысөз, тілегіңіз болсын, бұйымтайымыз – ақынның бір жыры мен хатын жариялауға рұқсат берсеңіз?
- Қайдам, бір жағынан ыңғайсыздау сияқты, мейлі, жастарға пәлендей ой түйгізіп жатса, қажетіне жарар болса берейін.
Рахметімізді айтып, редакцияға жеткенше асықтық...

Сүйерім!
Аруым! Сізге деген махаббат жалыны күннен күнге өршуде... Абай айтады: «Махаббатсыз дүние бос,Қайуанға оны қосыңдар» - дейді. Қысқасы махаббатсыз, сүйіспеншілігі жоқ және ешқандай жылы жүректілік жоқ адамды, адам деп қараудан көрі айуан қатарына қосу – орындырақ екенін қазақ халқының кемеңгері Абай көре білді, өсиет етіп айта білді. Олай болса, біздің жүректерге кінә артуға болмайды. Аздап ертерек тыпырлағаны үшін шамалап өкпелеуге болар да еді...
«Игіліктің ерте, кеші жоқ» - дейді қазақ. Бұған қарағанда жақсылыққа, бақытқа, өмірге талпынған адамды ешкім айыптамайтын тәрізді. (Оқушылық тұрғыдан қарағанда: «Сүйіспеншілікті оқып жүрген кезден бастап қамдауға болады» - деп айтпайды).
Сүйіктім! Сіздің көрген түстеріңіз мен туралы өзіңіздің ой қорытындыңыздан шұғыл ғажап емес. Үйткені түс – адамның көңіл-күйінен аулақ кетпек емес. Мысалы: біз қайғыланып жатқанда жаман түс, ал шаттанып жатсаң жақсы түс көріп, оны келешегімізге жорып оңып қаламыз. Бірақ Сіздің түсіңізге мән бермеуге «Әншейін ой ғой» деп қарауға болмайды. Мүмкін, менің бақытты, қызғылықты өмір сүруіме кім шек қоя алады?!
Бұдан былай кейбір туысқандарыңа, шын дос құрбы, құрдас жеңгелеріңе білдіре беруіңе менің қарсылығым жоқ. (Менің алдамшы емес екенімді таныған шығарсың). Осы сырды А. Бақыт білеме? Қашықтан хабарласу туралы не ойлайсыз?
Сіздің хаттарыңызды мен алғашында сақтықпен жыртып жүр едім, соңғы кезде өзім сақтауға ұйғардым. (Көпшілігі қолымда).

Ж.К.
Басқа айтар сыр болса айтарсыз
27/V.53 ж.
Сіз маған «Жазылған хаттың керегі болады, ойлан!» депсіз ғой. Мен оның керегін білмеймін.
Ескерткіш ретінде хатты тұтасымен, өлеңдерді блокнотқа жазып сақтап жүрмін. Керегі туралы өзің айт.

(«Қыз бен Жігіт», 2000 жылғы қараша)