м,– деді, Сандыбай естігенін әсерлеп, жан сап айта
бастағанда,– естідім о бейбақты, қаза – қас пен көздің арасы, рас сөз. Сол-лай
болады, ол сүйтеді.– Мәсәлім Сәкең айтқан жаңа хабардың бірде-біріне елеңдей
қоймады, бірақ әңгімесін үлкен адамдарға лайық сабырмен тыңдады. Одан шығып
Мұсаға соқты. О да естіп қойыпты. Бекең бастаған бір топ азаматтың осы бағытқа
қарай аттанғалы жатқанын естігенде Мұса шұнаң-шұнаң етіп, әйеліне қатаң ескерту
жасады:
– Қатын, ас-суыңды қамдап отыр, пырсылдатыл таудан бері аттаса Мұсаға
соқпай кетпес. Қадырбайдың жұртынан ақ жапа көріп ем. Теріп, үйіп қой, келіп
қалса...
Әжімгерей үйінде жоқ екен. Сәкең соған қатты қуанды. Онша аңқау емес кісінің
мұндай әңгіменің ішінде болмағаны-ақ жақсы. Бір ғажабы, кемпір де естіген боп
шықты.
– А-аа? Жаманат жата ма. Тіл мен көз не қойсын, атып жыққан ғой қарағымды.
Қарағым-ай, қарағым-ай!–деп, бір сүрінді. Еділхан сол үйде отырған, қаси
мысқылдай сөйледі.
– Сәке, бұ жолғы жаңалығыңыз онша әсерлі болмады-ау деймін, а? Біреу-міреу
талып түсіп жатпағасын несі қызық. Көптен тосып іштеңе айта алмай жүрсіз-ау
дейім.– Көрдіңіз бе, жаман иттің сөзін? Әй, Құдай.– Қанипа көйлегінің алдындағы
түйе жүнінің шайыр-кірін қаққыштай тұрып:
– Сүйтті деңіз, ажал деген сол енді, көзді ашып жұмғанша жетіп келеді, қап!
Алда обал-ай, қасқа, қасқа, еһе-еһе-һе, қырғын-ай– деді. Осының өзін Сәкеңнің
көңілі үшін айтқан сияқты, (біреу дардай басымен әңгіме, жаңалық айтып
отырғанда селт етпеу, әсерленбеу ұят қой), әйтпесе, бәрі біледі, бәрі естіген. Қалай
ғана естіп қояды, кұдай-ау? Жұрттың бәрі Сандыбай болып кеткен бе? Кім айтады
бұларға?
– Естідік,– деді Ғұмар таңдайын қағып, күйзеліп,– естідік мана Мұрат айтып
кеткен. Мұндайды, әдетте, біздің құм таласып жеткізеді ғой. Тірі кісіні қойшы,
жылар-сықтар да шаруасына алданар...
– Уақыт деген сол, заман бұзылды енді, бұзылды,– деп басын қалт-құлт еткізді
Сисенбай қарт.– Наны жүріп тұр еді бишараның!– Сөйтіп, Сандыбай жүдеп қайтты.
Неткен сұмдық: ешкім таң қалмайды. Бәрі біледі, бәрін біледі. Естіп қойған. Бәріне
кінәлі – самолет. Ратсия деген бірдеңені ырылдатып әкеп тағы орнатты. «Заман
бұзылып барады». Рас сөз. Сандыбай өз үйінің қазығына кеп мұрнын тағы бір
көріп ап, атынан түсті.
* * *
Ғұмар сөз орайында: «біздің қырдың қоңызына шейін түс көреді»– деп
әзілдейтін. Әзіл де – әділдікке, шындыққа өлшеніп айтылады, сірағдасы, құм елі түс
көргіш. Соған сенетін де. Түс қадірін түсірген де – соғыс. Талай кемпір аман-сау
оралған жалғыз ұлын көріп, қуанып оянатын да, артынан ойсырап қалатын. Қазір
ондағыдай сенбейді, бірақ, мән береді, елейді, ескереді. Әйелге түнде ерек бір түс
енген.
– Көптен атын да аузыма алмап ем, сорлы басым!
Ол Самаркін көпірінің бергі, қырға шығар аузындағы шағыл қабақта отыр.
Жалаң аяқ, жалаң бас. Омырау түймелері жоқ, жұлынып кеткен. Мол, ақ көйлектің
етегі өрім-өрім, қолтықтан, өңірден кеулеген жел тігіс-тігістен сөгіп, қақыратып
әкетеді. Шашы дода-дода, алағай-былағай, екі көзі аппақ: күнде көп отырғаннан
оңып кеткен екен дейді.
– Мұндай да сұм-мдық,– дей беріп, ерінін тістей қойды: түсті жаманға жоруға
болмайды. Жақсы деуге тағы аузы бармады. Жүзінде үрей, үй ішінде әрлі-берлі
жүр. Саусақтары дір қағып, қолын укалай береді. Осы сезім, кенет, ұлына көшті.
Ол түрегеп, топшысы шолтаң қаға темекі орай бастады.
– Түс – түлкі деген, сабыр ет! Шаршап ұйықтағансың ғой.
– Өй, үйткен түлкінің анасын тап! Тез кетем, қазір аттанам!
...Ол мөштікке салып, шылым тартады. Мөштігі – қу жілік. Адамның жілігі екен
дейді. Бұл ұмтыла берген, анау сарқ-сарқ күле, суға қарай қашты. Әрі айналғанда
байқады, жауырынынан қып-қызыл боп өкпе-қолқасы түгел көрінеді.
«Қарашығым-ай, әй, әй!» Өз даусынан өзі шошып оянған.
– Жоқ ол сау емес! Қайдан сау болсын!– Ұлымен екеулеп жүріп, екі көліктің
тәуірін – бурыл атты ерттеді.
– Аман болар. Сағынғансың ғой, көрсең көріп қайт. Жатып қалма,– деп
пысықтады баласы, қолтығынан демеп аттандырып жатып,– қойды бірдеме ғып
суарармын.
– Екеуін, тап анаңды, бір-бір иіскеп қайтсам жарар еді. Әй, қайдам, не күйде
жүргенін.– Енді бір сәтте қанжығасына бөктерген қоржынының екі басы делдиіп,
шәрмік-қарын бурылды бырқ-бырқ желдіре, құбыла жақтағы шағыл-үрпекке
көтеріліп бара жатты.
Күн тұсау бойы көтерілген-ді.
14
Қолтығы, бүкіл оң жақ бүйірімен қысқан домбыра шанағы тізесіне таман
сырғып, түсіп барады. Мең-зең, отыр. Иегі әншейіндегіден сүйір, өткір көрінді. Өңі
қу шүберектей, екі шықшытының асты, самай алды, маңдайы көгіс тартты...
Репетиция аяқталған. Өнерпаздар ертеңнен бастап гастрольге шықпақшы еді.
Бүгін соңғы репетиция-тын. Жұрт тараған. Клубта қалған әнші Сәукеле Сәмбетова
мен өзі. Сәттар екеуіне кезек жалтақтап, сәл кідірген, бұлардың шығатын ыңғайы
көрінбеген соң ажарсыз қоштасып, кетіп қалды. Бір нәрсесін ұмытқансып қайта
кірген:
– Бара беріңіз, аға, біздің бір сөзіміз бар.
Сәукеле манағы үзілісте құлағына сыбырлап үлгірген: «Қызық айтам, кетпе!»
Күйші соған қатты алаң