ын соны көкірегінің белгісіз бір
түкпірі аңсайтын, кейде көргісі, кездескісі келетін. Қазір осы ойынан, өзі безінеді,
қараптан қарап қорланады. Одан соң Жанбота. Беті жаңбыр астында қалғандай
бұж-бұж. Алғашқыда тым ажарсыз көрген. Кейін үйрене бастады. Бетінің ой-
шұқыры жазылып, тіпті сұлуланып кеткендей-ді. Сахнаға шығып, аты жайылғалы
сол мін қайта байқалды. Масқара! Бұрын нағып аңғармаған!? Адам соқыр болайын
десе – бола береді. Милиция лейтенанты аталатын тағы біреу пайда болды. Пормы
дей ме, немене, сонысын кигенде қыдия қалады. Екі иығы тіп-тік. Қашан көрсең
қатады да жүреді. Оның бойынан сөгілген тігіс, үзілген түйме, не бір қыртыс
таппайсың. Неткен түзу ағаш, Құдай-ау. Ұнатқан жігітінің үстінен қандай болмасын
бір салақтық іздеп тұратын әйел атаулының ескі ауруы. Бұ да сондай бірдеңе
іздеген: сылап, сипап, отырып тігіп беретін бір жыртығы, не бірер жіпке ілініп,
үзілгелі тұрған бірде-бір түймесі жоқ еркек... қатын шығар ол!
Ойы өте қысқа. Ұзақ сонар, бүрылыс, бүйірі кеп өмір есімді үлкен ұғым емес,
жылт етпе кішкене елестер ғана, соған еріп барады.
Қалай ойласа да, Сәттар ағайдан (ағай дейді-ау) өңгесі әншейін еркек сияқты.
Қалай санаса да білгені, танығаны аз адам емес. Байқаса бәрі мұнымен күле
сөйлесіпті, бәрінің көзінде бір ғана от, бір ғана тілек: «апормит». Неткен жауыз
жұрт! «Апормит». Сол үшін, тек қана сол үшін қанша сөз, айла, қанша уақыт
шығындалды! Қайсы бірінің азамат басымен төгіліп тұрып жылайтындарын
қайтерсің! Мұның әппақ кеудешесінің омырауына бір-екеуі ғана күрсінді. Демдері
қандай ыстық! Қазірге шейін күйдіріп тұрған тәрізді. Ақ кеудешесі содан сарғайған
шығар, әйтеуір, сап-сары. Сонда... соның бәрінің өтірік болғаны ма? Адам мұнша
өтірікті қалай айта алады? «Апормит». «Апормит!» «Апормит!» Ішінен осы сөзді
қайталаған сайын ырсаңдап түрлі ауыз, түрлі тіс елестеді. Бәрінің білетіні бір-ақ сөз
екен: апормит. Есіл ғана Сәттар аға. Тағы да аға. Оның да солардай, ұятсыз көптің
бірі боп шыққаны да. Сәукеленің сөзінде жан бар. Өзі де сезетін, бірақ мойындауға
батпаған жайлары.
Қанішкеннің жазғы тынық түні болатын. Тұлым тарар жел жоқ, түтін қисайтар
самал ғана ауық-ауық желпіп қояды. Әлдеқайда, артта движок діңкілдейді. Сол,
движок-мәжордың зіркілімен аралас еміс-еміс ерінің үні құлағына оралады.
«Бұзылған қатын!» «Жәләп!» Мотор – осының аккомпонементі іспеттес. Екеуінің
үні де жұлынып, тепсініп естіледі. Мана бұл репитицияға кетіп бара жатқанда қамыс
сояуын балдақ қып таянып, мылтық қып кезеніп жүрген бір топ қара борбай бала
саусақтарын шошайтысып, шулап қоя берді: «Бұзылған қатын!», «Жәләп!»,
«Жәләп!» Онда пәлендей ауырламап еді, қазір көкірегі қысылып, екі тізесі қалтырап
кетті. Өз үйінен өзі безген талай кездері болған, бүгін қорықты, шынымен қорықты.
Аттап, кіре бергенде еңгезердей бір тұлға, тұлға да емес, қап-қара бір көлеңке
ғайыптан шыға кеп, қылша-мойнын кесіп тастайтын секілденді. Қараңғы түн де
болса, беті ашық жерде – далада тұра тұрғысы келді. Біреу ұмтылып келе жатса –
көреді ғой! Апормит, апормит! Бірақ осы бір сөз аялдатпайды, дедектетіп жетелеп
барады. Неткен құдірет, неткен күш!
Өр суы толып тұрған-ды. Ауық-ауық бақа бақылдайды. Тұншыға құрылдайды.
Алыстан, әріден естіледі. Бұл Самарқан көпірінің жақтауына кеп шынтақ артқан.
Домбырасын жанына сүйеп жатып: «апам естісе ғой» деп, тағы да торыға күбірледі.
Бәрі тосын, күтпеген жағдайлар еді. Тағы бір ой кимелейді, ол бетпақ ой: «жә,
апаңның да жәйі белгілі». Несі белгілі? «Білеміз ғой». Несін білесің? «Қарғам, о да
етегіне намаз оқымаған, қайтесің жаныңды қинап. Қысқа дәуренді қызықты өткіз!»
Апормит! Аяғының асты жарқырап, жайнап жатыр. Жар жағалай қиқы-жиқы, ығы-
жығы ғып салған үйлер терезелеріндегі перде, шамымен суға құлағанда ертегідей
сиқырлы, әсем көрінеді екен. Момын толқындар әлденеге таңдай қағып, таңданып
тауыса алмай жатқандай, сылп-сылп тамсанады. Бетіндегі шамның, түнгі аспанның
бейнесі мезгіл-мезгіл болар-болмас ырғалып, ырғатылып қояды. Кәдімгі аспан.
Жұлдыздары қандай ірі. Бақалар азан-қазан. Бірін-бірі оятып ап, бәрі қосылып
әлдекімді арбай, қызықтыра шақыратын тәрізді: «бғға-ақ, құррғ-ғғақ, күғғ-ғак, бғғ-
ғақ, бақ». Олардың да тістері ақсаңдап, бұған ұнағысы, көзіне түскісі келетіндей
тамақтары бүлк-бүлк жұтынып, әлдене тілек, талап ететін сын-ды. Апормит! Кенет
маңдайын түрлі-түсті түйіртпек-түйіртпек бұлт орап алды: «құғғ-ғқ, құрр-ғғақ». Ар
жағында жұлдызды аспан мың құбылып, жымың қаға жайнайды. Денесіне оралған
қой жабағысындай қалың бұлтты екі қолын жанталаса сермеп, олай-бұлай ашып,
айырып жіберді де, осынау ұлы сиқыр аспанға, жұлдыздардың үлкен бір шоғырын
нысанаға ала, самғап, ұша жөнелді...

1973, 1975