сын, кемінде бір ой қайтара шұлғыған шығар, сосын ерінін шұрқ
еткізіп, ана жыртиған екі көзінің бірін қысып-қысып жіберді.
Әй, сәулем-ай, сәулем. Сен қайдан білейін деп ең. Әне, айтам ғой, сен дым
білмейсің. Бұ сұмырайлардың ойлап таппайтыны жоқ. Ана, әлгі шаруаны олар
түрліше атай береді. Солақпандай ғып, пәленше еттім деп қалай айтсын. Өздерінше
мәдениетті сөйлегендері де. Бұрнағы жылы бір сұмырай мені... маған істеген
көргенсіздігін біреуге айтқанда «шеруеттедім» депті. Содан кейін бар ғой? Әй,
өзіне де көрсеттім-ау көресіні. Сазайын оңбай тартты. Есігімнің алдына талай
қойдым ұлытып. Кіргізбедім. Апормит деген сол, анау шаруа ғой,
шығармайтындары болмайды о сұмырайлардың. Мен бастан кештім. Айтып, сені
сақтандырып, нағып... қояйын деп, ниет білдіріп айтқаным-ау, айып етпе. Бұларға
сенсең – осы.
Ар жағын бар зейінімен-ақ тыңдаған, естігені қаңғыр-күңгір дыбыс қана. Ештеңе
түсінбеді. Манадан бері алқымына тіреліп, тынысын бітеген зілдей түйіншек
лықсып, төмен түскен тәрізденді. Түрегеп, Сәукелеге бақырая бір қарады, сонсоң
болар-болмас езу тартты. Сандырақтай басып, есіктен шықты. Дала тастай
қараңғы-тын. Телеграф бағандарына ілінген сирек шам шаңыта жылтырайды.
Біреуіне көз тоқтатты: бір қауым ұсақ көбелек, шіркей ұйытқып үйріледі. Жел жоқ.
Жүріп келеді. Аяғы әлтек-тәлтек. Ойлы-қырлы көшемен күншығысқа, Самаркіннің
көпіріне беттеді. Домбырасын таяқ құсатып, жерге шанақ жағымен қадап басады.
Сәукеленің мылжыңынан түйіп, бірақ жөнді ұғынбаған, сондықтан қатты
әсерленген жалғыз сөзі бар: апормит! Апормит дегені не дегені? Апормит!
Апормит. Өстіп қайталап айта берсең кісі қорлайтын әлденендей бір ылас, бұл үшін
әрі жұмбақ мағынасы ашыла түсетін тәрізді. Апормит! Бір сәтке өзі бала күнінен
бері қарай бүкіл қыр, ойдың еркек-әйелінен естіп, бетін талай қызартқан
жиіркенішті өсек-қаңқудың бәрі жиылып, түйіншек боп, осы, бір-ақ сөзге айналған
сықылданды. Неткен жексұрын сөз!
Кейінгі кезде өзін қолпаштап, қошеметтей соңына еріп, талантына табынған
талай еркекті бір уақ көз алдынан өткізді. Алдымен, неге екені белгісіз, ел-жұрт,
ағайын-туыстан безіп, «қалмақ қырына қашып кеткен» Қабен келді. Жымиып
қойып, әзіл айтқаны, ән салғаны. түгел елестеді. Кекілін сілкіп тастап, қиыла
қарайтын еді. Өткен жазда, бір түнде жоқ боп шығыпты. Айтушылар: «колхоздан,
колхоздың жұмысынан қашып, табыс, ақша іздеді» деп кіналаған. Бұл ондай сөзге
сене алмайды. Неге? Оны өзі де білмейді. Бұрын соны көкірегінің белгісіз бір
түкпірі аңсайтын, кейде көргісі, кездескісі келетін. Қазір осы ойынан, өзі безінеді,
қараптан қарап қорланады. Одан соң Жанбота. Беті жаңбыр астында қалғандай
бұж-бұж. Алғашқыда тым ажарсыз көрген. Кейін үйрене бастады. Бетінің ой-
шұқыры жазылып, тіпті сұлуланып кеткендей-ді. Сахнаға шығып, аты жайылғалы
сол мін қайта байқалды. Масқара! Бұрын нағып аңғармаған!? Адам соқыр болайын
десе – бола береді. Милиция лейтенанты аталатын тағы біреу пайда болды. Пормы
дей ме, немене, сонысын кигенде қыдия қалады. Екі иығы тіп-тік. Қашан көрсең
қатады да жүреді. Оның бойынан сөгілген тігіс, үзілген түйме, не бір қыртыс
таппайсың. Неткен түзу ағаш, Құдай-ау. Ұнатқан жігітінің үстінен қандай болмасын
бір салақтық іздеп тұратын әйел атаулының ескі ауруы. Бұ да сондай бірдеңе
іздеген: сылап, сипап, отырып тігіп беретін бір жыртығы, не бірер жіпке ілініп,
үзілгелі тұрған бірде-бір түймесі жоқ еркек... қатын шығар ол!
Ойы өте қысқа. Ұзақ сонар, бүрылыс, бүйірі кеп өмір есімді үлкен ұғым емес,
жылт етпе кішкене елестер ғана, соған еріп барады.
Қалай ойласа да, Сәттар ағайдан (ағай дейді-ау) өңгесі әншейін еркек сияқты.
Қалай санаса да білгені, танығаны аз адам емес. Байқаса бәрі мұнымен күле
сөйлесіпті, бәрінің көзінде бір ғана от, бір ғана тілек: «апормит». Неткен жауыз
жұрт! «Апормит». Сол үшін, тек қана сол үшін қанша сөз, айла, қанша уақыт
шығындалды! Қайсы бірінің азамат басымен төгіліп тұрып жылайтындарын
қайтерсің! Мұның әппақ кеудешесінің омырауына бір-екеуі ғана күрсінді. Демдері
қандай ыстық! Қазірге шейін күйдіріп тұрған тәрізді. Ақ кеудешесі содан сарғайған
шығар, әйтеуір, сап-сары. Сонда... соның бәрінің өтірік болғаны ма? Адам мұнша
өтірікті қалай айта алады? «Апормит». «Апормит!» «Апормит!» Ішінен осы сөзді
қайталаған сайын ырсаңдап түрлі ауыз, түрлі тіс елестеді. Бәрінің білетіні бір-ақ сөз
екен: апормит. Есіл ғана Сәттар аға. Тағы да аға. Оның да солардай, ұятсыз көптің
бірі боп шыққаны да. Сәукеленің сөзінде жан бар. Өзі де сезетін, бірақ мойындауға
батпаған жайлары.
Қанішкеннің жазғы тынық түні болатын. Тұлым тарар жел жоқ, түтін қисайтар
самал ғана ауық-ауық желпіп қояды. Әлдеқайда, артта движок діңкілдейді. Сол,
движок-мәжордың зіркілімен аралас еміс-еміс ерінің үні құлағына оралады.
«Бұзылған қатын!» «Жәләп!» Мотор – осының аккомпонементі іспеттес. Екеуінің
үні де жұлынып, тепсініп естіледі. Мана бұл репитицияға кетіп бара жатқанда қамыс
сояуын балдақ қып таянып, мылтық қып кезеніп жүрген бір топ қара борбай бала
саусақтарын шошайтысып, шулап