иланып, бар болмысымен ниет қылды. Әттең, дәрмені, дене күші жетсе
ғой?! Бір дауыс: «тым кеш!» деді. Екіншісі: «кеш емес!» деп қасарды. «Кеш», «Кеш
емес»...
Бар әл-қуатын екі тізесіне жиып, тістене адымдай-ды. Үйге, төсегіне жетіп
жығылса – бар тілегі осы. Ертең бәрін қайтадан, жаңадан бастайды, бәріне басқаша
қарайды, адам таң қалардай жаңа, жақсы музыка жазады. Қоғамдық тірлікке
араласады, сөз сөйлейді, жұмыс ұйымдастырады, талантты, өзінен де жас
музыканттар тәрбиелейді. Айтысады, тартысады. Сөйтіп, творчестволық ашық,
адал күреске шығады. Біреудің сыртынан қараулық, әділетсіздік жасайтын
адамдарды әшкерелейді. Дарынды, өнердегі үлкен мақсат-принципті қорғайды.
Кімнен? Кімнен де болса. Көр де тұр, бұл сөйтеді, соны істейді. Қазір тек бөлмесіне,
төсегіне жетсін...

* * *
Таңертең Садықжанов төсегі үстінде түрегеп отырды. Терезеден құлаған күн
шуағымен бірге санасына ілкі оралған сөйлем – бірөңкей қатал сұрақтар еді. «Не
болды мына тірлік, өзім не боп кеттім?!» Сонда барып консерваторияға кіргелі
бергі бес жылдай ғұмырында басынан өткерген ұлылы – кішілі оқиғалар бірін-бірі
кимелеп көз алдына жиналды. Сол-ақ екен, тұлабойы түршігіп қоя берген. Әлдене
ауыр, қолайсыз түс көріп, содан шошып оянған кісіше, бір сәт, өз ақылына өзі иелік
ете алмай мең-зең қалды. Іле, келесі мезет бойына бұрын-соңды бітпеген бөлек бір
қуат, тың жігер құйған сықылданды: орнынан қалай тұрғаны беймәлім, әйтеуір,
есіктен атыла шығып, бірден, телефонның құлағына жармасты:
– Аға... аға... аға!– деп ентікті бұрынғы бір қамқоры есіне түскен композитор;
әлгі сөзді үш мәрте қайталаған шақта қос жанарынан ұят, өкініш жасы төгіліп-
төгіліп кетті. Иә, ол шын, екі көзімен бірдей жылап тұрды...

1976, 1977
216