айдырып әкетіп:
– Шүкір, аға, шүкір,– деп жалпақ қақты. Анау суыт ыңғай танытып, Калинин
көшесінің төменгі жағына өте, шығысқа бұрылған, бұл соңынан ере жөнелді.
Осы минутта қыз әкесі тұмсықтан бір қондырса, не естен кетпестей ғып сөксе –
ары тазарардай көрінген-ді.
– Аға, өнер адамысыз ғой, түсінерсіз, бір ыңғайсыздау...– деп түйткілдеген,
алаулай қызарған екі қалқан құлағын өзі көргендей болды.
– Ертең Францияға жүрмек ек, соған дайындалмақшы едім,– деді әнші.
Кенет, айтатын сөз, жаңалық табылғанға ма, әлде, міне, мені Құдайдың өзі
мұқатты, неме жауығасың деген мүләйім, бейшара пиғылын жеткізбек болды ма,
Идаят әйтеуір, ашық, сенімді үнмен:
– Мені келесі жылға қалдырды,– деп хабарлады. Екеуі Калинин мен Фурманов
көшесінің қиылысындағы светафордың қарсысына тоқтаған. Әншінің жүзіне назары
түсті: қоңырайып кетіпті.
– Мен үйге барам,– деді ол, сен қайда дегенді қабағымен білдірді.
– Сізден ыңғайсызданып... аға, сізге...
– Сіз немене, жігітім? – Сөйдеп, әнші кілт бұрылды. Неткен мылжың ең дегенді
ашу, ызасы, одан гөрі жиіркеніші басым шаншыла қараған жанарымен білдірді.
Идаяттың ішкі сарайынан бір жері сыр етіп, жыртылып түскен сықылданды. Осы
мезет ойына «Чиновниктің ажалы» оралған еді, күлерге не жыларға білмеген күйі,
сопиып тұрып-тұрып, ізімен, кері жүрді.
13
Өнер адамының арманы көпшілік көңілі, адам жүрегі; бұрын жан баспаған
соны соқпақ салсам, сол арқылы ойлаған нысанаға тезірек жетсем дейді ғой.
Бойдағы қабілет, қарымын түгелімен соған бағыштайды, асқан бел, шыққан биігін
де сонымен өлшейді. Мұндай сапарды жаңа бастаған жан, әдетте, шыдамсыз келеді.
Сапардың бұрылыс, бұралаңын кешірмейді, айналып өтуді қиямет-қиын, масқара
сәтсіздік санайды. Пәнде табиғатына тән қайта ойлану, төзу, түсіну секілді
қылықтың бәрі – дәрменсіздік, демек, сұмдық айып, кешірілмес қылмыс көрінеді.
Ол өзінен бұрынғы үлкенді-кішілі қайраткерлердің жетістіктеріне еліктеп, содан нәр
алып отырғанын ұмытып, олардың сәл осалдықтарын оңдырмай шенейді. Жұрт
алдында ұлы беделге, сенімге ие болған аса сирек әруақтың тындырып кеткен ісінен
ине жасуындай ақау тапса – жиһанға жар салады. Өз басының үміт қып, иланып
жүргенінің өзі осы, ұлы жанның титтей міні, сол осалдықты көре алғанына мақтану
сықылды ұсақ, әрі ұят тірлік екенін кейінірек ұғады. Сондықтан үлкен кісінің
ондаған жыл тер төгіп тапқан тәжірибесін, асқан белін бір-ақ аттауға әрекеттенеді.
Содан тым асығыс, асылық пиғыл туады. Өмір, өнер, уақыт пайымын ескермейді.
Мыңдаған, он мыңдаған жұрттың түрлі түсінік, талғамына жалғыз-ақ сызық
тартады. Еткен еңбегі, айтқан сөзі бір көңілден шықса бітті өзіне дейінгілердің
талайынан оздым деп масайрайды. Озуы да мүмкін ғой? Рас. Тек Ұлы адамның
мінінен, кемшілігінен ғана озды. Сөйтіп, данышпандардың өнері он жылдап
митыңдаған қашықтықтарды бір күнде алды, жастығының, білім, парасатының
арқасында көпшілік жүрегіне баратын бірден бір төте, бірден бір жаңа жол салды.
Эврика! Ал, қалған ғұмыры өзінің осы мінез, осы айқайын ерсі көрген, сабыр,
айтқан адамға өшігумен өтеді...
Идаят Садықжанов өнерпаздардың бұ тобына жатпайтын. Ол әуелі
консерваторияға түскенін мақтан етті. Оның мақтанышы мақтаныштан гөрі
қуанышқа көбірек ұсайтын-ды. Сол қуаныш алғашқы әнін әкелді. Ақынды
тудыратын – махаббат, өлең жазу ғашықтықтан басталады деседі. Бұ пікірдің
қаншалықты шындығы барын кім білсін, әйтеуір Идаяттың тұңғыш әні қуаныштан
шықты. «Тон-тон, полу-тон, тон-тон, полу-тон». Бұл оның музыка әлемінен естіген,
үйренген бірінші сөзі, бірінші термині еді. Осыны қайталай берді, қайталай берді.
Аяғы өзіне де түсініксіз, жұмбақ бір ыңылға ауысты. Ол ыңыл құлағынан кетпей
қойды, ұмытуға, құтылуға тырысып-ақ еді. Әдейі басқа әуенге ауысу мақсатында
Біржан, Мұқит, Ақан әндерін салып, өз әуенінен қашып байқаған, болмады. «Қара
қаншық» пен «Ләйлімді» де ыңылдады, олар да ұмыттыра алмады. Үні, бүкіл
көңілі әлгі әуенге, ми, ақыл, еркінен тыс қайтып оралды да жүрді. Осылайша екі
күн өткізді. Екінші күні кешке домбыраға қосты. Жанын әбден мазалап біткен со
бір ырғақты ақыры домбыраға беріп, өзі босап шықпақ-ты. Босады да, бірақ үні
ғана, есесіне, домбыра ұстаса болды, сол әуен саусағына оралды. Ол да
құтқармады.
Онда ың еткенді қағазға, нотаға түсіретін сауаты жоқ-ты. Сөйтіп, жасырып,
сиғыза алмай жүрген әуенінен, күтпеген жерден, оп-оңай құтылды. Бір күні
жатақта, төсегінде домбырасының құлақ күйін келтіріп жатып, аңдаусызда әлгі
сазды ойнап қойған. Бір студент жанына жетіп келді: «Сен, әй, мұны қайдан
таптың?» Бұл түсінбей: «Нені?» деп аңырды. Анау мошқап, әбден мазасын алды.
Ілкіде ауылдың әуені, біздің ауылдікі деп жалтарған, жігіт сенбеді. Қалмай сұрап,
ақыры, шынын айтқызып тынды. Со күні Идаяттың тынышын кетірген әуен нотаға
түсірілді. Қасым Аманжоловтың үшінші томынан өлең таңдалды. Әуелі
жатақхананың қыздары әндетті. Сосын радио, көпшілік, халық. Садықжанов сонда
да мақтанған жоқ, алғашында таңданған-ды, сонсоң, тағы бір қуанды. Өзінің ән
шығара