Жарқынов қарым-қатынасындағы жарықшақтық, жұрт
сүйетін композитордың жұрт сыйлайтын беделді кісіге пәлендей иілмеуі, оқу
барысындағы сәтсіздік, әрі Қайырболаттың бір әнін бүкіл концерттік ұйымдардың
бірдей орындай бастауы еді. Ақырында Садықжанов аяқ астынан елге кетіп,
Кемелдің оңаша, жалғыз қалуы өнерді дәреже, мансап санайтын жігіттің әлсіз
үмітін нығайтып, сенімге айналдырып жіберген. Сөзін Кемел сөйлесе – атақты
композитор болмағанда қайтеді? Оның бұл пиғылы да негізсіз емес-ті. Өйткені,
есімдері ел аузында жүрген талай мықтылардың қалай, немен жасалғанын
Қайырболат жас та болса сезетін. Көбінің-ақ шама-шарқы өзіне аян. Үш-төрт тілді,
ықпалды кісі қолдап, үгіттеп жіберсе өзінің де дәп солардай боп шыға келетініне
күмәнсіз-ді. Оның пікірінше, Жолымбол Жарқынов өнер адамы да, өнер де емес,
өнердің бетке ұстары ғана. Ол еш уақытта өнер жасамайды, бірақ өнердің
атмосферасын жасау арқылы өзі тәрізді фамилиялар ғана тудырады. Керегі де сол
ғой? Жөкеңе кешегі кіргенінде оның көп сырын аңғарған сықылданды. Ең бастысы,
ағасының бүйрегі өзіне анық бұрғанын танып қалды. Ал, Кемел? Бүтіндей басқа
адам. Не жақсы тұрмыстың, не атақ, даңқтың дәмін татпаған таза, тура. Оны
талантыңмен, табиғатыңмен ғана бағындырасың. Алдауға, арзан ниет, пейілге
көнбейді, ақылды, тілді, әрі өткір. Анау ұлы шалдың өзі оны кәдімгідей тең тұтып,
ашылып сөйлеседі. Көп жұрттың фамилиясын жадында ұстамайтын асқақ, қыңыр
(бұ да Қайырболаттың өз пайымы) қарт оның атын атайды, еркін еркелетіп
ұстайды. Кемелдің ойын, пікірін дәйім қолдап, зейін аударып тыңдайды. Алдында
құрдай жорғалаған Жарқыновпен әлдеқайда салқын, төресіп амандасады.
Жолымболды жолықтырған мезгілде ол, қашан да асығыс бола қояды: «Жарайды,
қарағым, шаруаңнан қалма», «Жарайды, қарағым». Осы тәрізді өтірікке
жылытылған сөздермен құтылады, асығып құтылады. Кемелді көргенде ше? Жоқ,
бұның бірдеңесі бар, кіммен сөйлессін, үйіріп әкетеді. Біраз адамның әрі сыйлап, әрі
жек көретіні жас жігіттің со қасиеті. Оның көзінде Кемел тұтынғанға түк жолатпас
қару, құрал. Осылай, Идаят кеткелі Кемелге батыл өткен-ді. Жаңағы кереуетке
шалқая салғаны, өзімсінгені, сырт қарағанда қылған қыры болса, бір жағынан, сол
арқылы Идаяттың онсыз да күмәншіл көңіліне көлеңке тастау, дос адалдығына шәк
келтірту, сөйтіп Садықжановтың менмен жүрегін суыту еді. Идаят қу ғой,
(Қайырболаттың ойынша солай) қия бастырмады, сезіп қойды. Мұның өз тәсілін
өзіне қолданды. Тым ұсақ тірлік пе? Рас шығар, өйткені адамдар еткен істерінің
өнімсіз, болмашы екенін сезіп, содан безінген сайын жуыса, жиіркенген сайын бата
түседі емес пе?! Тұрмысқа, бас, қарын қамына бейімделгіш пенденің өзі ойлап
шығарған өзін ақтайтын философиясы: өмір деген осындай –«жизнь такова».
Біріне-бірі еткен бықсық, бақай бақастықтарының өзін үлкейтіп, күрес, тартыс деп
дабырайтады. Неғылған күрес, неғылған тартыс?! Тобық қағысқан екі жақтың
қайсысы жеңсе көпке пайда? О, оның бәрібір. Жеңгеннің пайдасы – өзіне,
жеңілгеннің зияны, өнер, әділдік сүйгіш дос, саған! Бірақ, нақ мына жағдайда ұсақ
күрес, ұсақ тартыстың өзі жоқ-ты, Қайырболатпен ұстасу Идаяттың ойында
болмайтын, менсінбейтін.
Кемел Қайырболаттың сөз аралата кеп қыстырған қайсыбір пікірлерін елеусіз
қалдырды. Қайырболатқа ол мұны әдейі жасағандай көрінді, Идаят аңғармады,
аңғарса мән бермеді, Қайырболат көзінде бұ да қулық, һайарлық секілденді. Өстіп,
енді екі бірдей ауызды, екі бірдей қабақты бақты да отырды. Кемел:
– Жаңадан ештеңе түрткен жоқсың ба?– деп сұрады. Идаят басын шайқаған.
– Бір ән жазып,– деп қыстырды Қайырболат,– нотасын көшіруге бергелі
шығып, таксиге міне салғанмын, сонда ұмытып кетіппін. «Шығасыға иесі басшы»
деген сол. Кейін ойлап-ойлап есіме түсіре алмай қойдым. – Кемел Идаятқа қарап
тағы сөйледі:
– Әлгі спектакльге жазған музыкаңды тыңдадым. Просто блестит.
– Тұтас, жұп-жұмыр шыққан дүние...
– Соншалықты жарқын, күшті, егер сол үн, музыка болмай, сурет болса, өрт
сияқты көз қарып, қаратпас еді.
– Бас-аяғы тұтас нәрсем онсыз да жоқтың қасы...
– Сен осы қанша ән жаздың? Санайсың ба өзің? – Идаят тағы да басын
шайқады.
– Итшілеп тапқан бірдеңең, о да тумай жатып жоғалады,– деді Қайырболат.
– Әттең-ең, опера жазар ма едің сен!
– Менің ана «Тау гүлі» ансамблі орындап жүрген әнім...
– «Кармен» тәрізді үлкен, ұлы шығарманың увертюрасына ұқсайды.
– Сол әнді жазарда мен тура үш күн толғаттым ғой. – Осы сөздерді айта
Қайырболат текіректеп кеп күлді. Күлкісі – ессіз, жасанды шықты. Бұ қылық, бір
жағынан, өзіне назар аударуды тілеген ерке баланы еске салды.
– Артық аялдай алмадым,– деді Идаят, мана бастаған әңгімесіне қайыра
оралып,– ел жақсы, бірақ бір түрлі тосырқап қалыппын. – Төртінші жігіт ақын-ды,
сөзге араласпады, мына үшеуінің бетіне кезек-кезек көз салады, әр қайсысының
аузынан шыққанды талмап жұтатын сын-ды, ауық-ауық тамсанып қойып, үнсіз
отыр. Кемел Қайырболатқа жаңа көңіл бұрды:
– Үш күн толғатқаныңа сенем. Өлі баланың толғағы тірісінен әлдеқайда ұзақ,