төркініңе ала
бар» деп жағынан бір тарттым, неткен кең адам екенін білмеймін, сонда тіл
қатпады, тек есік алдына шылп еткізіп бір түкірді, сол түкірік маған
арналған секілді, есіме түскенде әлі күнге бетімді сүртем. Міне, жүзімді
осы қазір де түрменің сукно одеалының шетімен бір жүріп өттім. Қанша
ысқылап, қанша, жусам өшпейтін, мәңгіге қатқан бірдеңе бар секілді. Тағы
да жүйемнен ауытқыдым ба? Оқа емес, бәлкім, бұл сандырақты Сіз аяғына
шейін оқымассыз да, әйткенмен, өтінем, сәл сабыр етіңіз, жұмыс бабында
Сіз талай қылмыс-тының қолтаңбасын көрген шығарсыз, бұ да соның бірі.
Бірақ мен үшін өткен со бір іш пыстыратын ит тірлігімнің ұсақ-түйегі алда
татар бүкіл дәмімнен қымбат екенін ұғына көріңіз! Тым құрыса, бір адам
менің аз ғана өмірімнің ащы шындығын білсе, ұқса деп ем. Ұғуды, әрине,
кешірумен шатастырмаймын. Басында айттым ғой, кешірім күтіп отырғам
жоқ. Енді тоқ етері демекші, әңгіменің түйініне көшейін: өзім жайлы
ақиқатты кейін аштым, мен «атамның баласы» емес екем, Басыбек пен
Ақшәйіден де тумаппын. Бір жарым жасымда олар асырап апты, апамның
(Ақшәйінің) Забурн жақта сіңлісі бопты, мен соның ұлы екенмін. Әкем
белгісіз, туған шешемді де көрген емен. Апамның ондай сіңлісі бар-жоғын
да ешкім анық айта алмайды. Қазір өлі-тірісінен бейхабармын, сірә, тірі
болмас. Тірі болса, бір көрінер еді. Естуімше, о кісінің аяғына мен
шырмау көрініппін. Менен құтылған соң оқу іздеп кеткен құсайды. Мені
іздемегеніне қарағанда... тек артық кетпейін. Сөйтіп, бұл – бұл ма, менің
көзімде бәрінен сорақысы атамның да өгейлігі. Кәдімгі атам – Ақпан қарт
– Басыбектің әкесі емес, нағашы атасы боп шықты. Осыны біле тұрып
елдің жақ ашпайтын беріктігін айтыңыз дағы. Шетінен алдауыш, өтірікші
демей қайтейін, мынадан кейін кімнің қай сөзіне сене алам?!
Сонау бір жылы ет-бауыр адамдары түгел қырылып, жалғыз қалған
Басыбекті нағашысы Ақпан бауырына басады, оқытады, өсіреді. Нақ
Басыбектің басындағыдай халге ұшыраған тағы бір отбасы табылады.
Соның екі қызының үлкеніне әкем Басыбек үйленеді. Шешем Ақшәйі (ол
тумаса да шеше) бала таппапты, талай жыл күтеді. Ақыры, мына мені
асырап алысады. Бір ашылғасын түбіне шейін ашылған жөн, ұят та, ауыр
да болса айтайын: Мен оң жақта туған баламын, әкемнің белгісіздігі содан.
Рас, өтірігін қайдам, әжем (Ақпан атамның кемпірі) бұл сырды білмей өтті
деседі. О кісіні мені бауырларына басқаннан кейін қарттың кірін жуып,
құманына жылы су құйсын деп әперіпті. Біздің қырық құрау шаңырақ-тың
сырына енді қандыңыз ба? Ал мені тауып тастаған кісінің есімін ешкімнен
естіген емен. Білмеймін.
Менің төсектес көршім, манадан бағып жатыр. Неткен ұзын хат
бітпейтін? Жанары осыны аңғартады. Бір мәрте: «Сүйген қызың ба?– деп
сұрады, сонсоң сәл езу тартып, мынаны қосты,– бірден тәтті сөзді төкпе,
арты қиын болады»,– деп әулиесіді. Жыным ұстағаны сонша, ұша түрегеп,
құлақ-шекеден қонжитқым келді. Тағы да таяқ жеуден қорықтым. Бізді
біреуді біреу сілкіп, түрме тілімен айтқанда, «ақылға сиғызып» алу жиі-
жиі болып тұрады...
Тізе берсем сөз тауысылмас. Біздің ылғи «екі жартыдан» құрылған «бір
бүтіннің», қысқаша тарихы осындай. Сонда, көрдіңіз бе, бәрін жалғыз
жіпке өткізіп, білегіне орап ұстаған атам – Ақпан атам болды ғой? Мені
сонша еркелетіп, әлпештеуі де, тіпті бүкіл үй ішіндік сыйластық, шектен
тыс сыпайылықтың өзі сол, аннан-мыннан жиылған құрандылықтың
салдары екенін ақымақ басым түсінбеппін. Меніңше, бәріне соғыс кінәлі.
Мәселен, атамды-ақ алайыншы, соғыс болмаса ол біреудің баласын – бала
ғып, немере аңсап несі бар? Туған ұлдарының төрінде, туған келіндеріне
шәйін қайнаттырып жатпас па?! Соғыс, мылтық ұстап өзім атысып, не
әкемді бермегенмен маған да қырсық етті. Ақпан қарттың алты жасыма
шейін ата боп өліп қалғаны – бір қасірет, артынан бұ сынды сырдың
ашылуы – екі. Әйткенмен, атам... қайран атам. Мені тізесіне отырғызып,
күпісімен қымтағанда керемет бір иіс аңқушы еді. Кез келген шалға ондай
иіс қайда-аа!
Әлі көз алдымда, Сіз со жолы бір мәрте қуандыңыз. Шын
қуанғаныңызды қобалжығаныңыздан білдім. Ештеңе жаз-басаңыз да ұстап
отырған қаламыңыз дірілдеп кетті. Ол әлгі, есіңізде қалмас та, қанша
адамның тағдыры қинамайды дейсіз Сізді – мен пышақ салған жігіттің тірі,
жазылып шығатындығы хақында дәрігердің анықтамасы оқылғанда Сіз
соған мықтап сүйендіңіз. Мен өзім біржола құру үшін оның өлімін қалап-
ақ едім, амал не, тағдыр басқаша жазыпты. Айтпақшы, ұмытып барады
екем, о жігіт менің ауылдасым, көпшіліктің алдында шешемнің неден,
қалай өлгенін бетіме салық қыла сөйледі. Енді көріп отырсыз, бұл менің
жанымның ең улы, залалды шиқаны-тын. Байқадыңыз ба, адам өзі
түсінетін, өзі мойын-даған шындықты өзге біреудің ауызынан естігенде
қалай шырқырайтынын?! Осымен болдым. Ғафу етіңіз. Жұмысқа шығатын
уақыт боп қалды. Маған ештеңенің керегі жоқ. Хатты жыртып тастауды
ұмытпассыз. Кісі бар құпиясын туған шешесіне ғана сарқып ашады деуші
еді, менің шешем – Ханшәйі тастап кеткен, тұңғыш рет Сізге ашылып
отырмын. Осалдығым үшін тағы да кешірім сұраймын.