ған-біткенді бастан-аяқ баяндауға батылым жетпеді. Қасірет пен
ұяттың езгісінен есімнен ауыса жаздадым, Құдай-ау, сонда ауысып-ақ
кетсемші, ауысу да қолымнан келмеді. Тістеніп шыдауға бел байлағам,
қайратым тартпады. Милициясын ертіп, дәрігерлер жетті. Мен балпыл-дай
жөнелдім: – Кісі– өлтірдім, кісі, естисіңдер ме, шешемді өлтірдім мен,
ұстаңдар, атыңдар!– Келгендер аңтарыла, үрейлене бірі біріне қарап сәл
тұрды да, мені машинаға салып әкетті. Сонда-ақ, Құдай ақы, жазамды
тартқым кеп еді, болмады: менің сөзіме сену былай тұрсын, ешқайсысы
құлақ та аспады. Сонымен, дәрігерлер мені о күні уколмен ұйқта-тыпты.
Ертесіне естідім. Менің қимыл-қарекетімнің, ашқан сұмдық сырымның
бәрін «белая горячка» деген диагнозбен бір-ақ кесіпті. Мұның жалған
екенін айтып жатпайым. Бірақ ешкімге ештеңе дей алмадым. Менің
қылмысымды жапты деп арызданған кісіге кім сенеді? Өйтсем
жындыханаға жабуы мүмкін ғой. Бұ жағдайды бөтен адамдар да білді.
Олар бұны медицина тарапынан маған жасалған жақсылық санады. Мен
қатты қиналдым. Пышаққа түсіп өлгім кеп, талай туарылып ем. Онымнан
дәнеңе шықпады, қан жүктеген көңіл қаталдық етті, есебін тауып өзімді
өзім кешіргім келді де тұрды. Өлер жан өлді, сен өлгенде ол тірілетін
болса – бір сәрі, ендігі қиналысың бос әуре. Ал енді бір ойым былай
толғады: «Сенің шындықты білгің келгеннен бөтен кінәң не, апаңда да бар,
айта салса қайтеді». Бұ сынды пиғыл тек тозған, әбден құлдилаған жанның
ғана басына үйір болар: өмір у құйған тостағанның ернеуін де сорып-
тістеп жатып алады екенсің, ештеңеден айырылғың жоқ, өзгертуге
қауқарың жетпейді. Адамның тәбет, нәпсі алдында төрт аяқтап кететін
хайуандығын пендешілік, пенделік атағанда көп кінә жеңілейетін секілді
көрінеді екен. Мен де дүйім дүзіқаралығымды жиып әкеп, сол «пенделік»
есімді резина қапқа сүңгіттім, қап созыла берді, үлкейе берді. Оны
толтыру, тойғызу мүмкін емес, аңыздағы көздің қабы тәрізді екен, мен ол
қапты әлі де толтырмақ емен, себебі пенделік деген кісінің өз иттігін өзі
кешіру үшін ойлап тапқан лас ұғым, резина қап. Осыны түсіне тұра, тағы
да сөзіме назар аудармаған милиционер мен дәрігерлерді айыптадым,
расында, неге тексермеді? Біреу барын ақтарып тұрса, елең етпегендері
несі? Салақтық па? Жақсылық па? Салақтық болуы мүмкін, жақсылық
емес шығар, себебі жамандықтың басы – жамандықты кешу, соған төзу деп
білем. Жо-жоқ, олар менің сөзіме, қайталап айтам, иланбады, міне сол
үшін-ақ көп жұрттан көңілің қалады. Ескі қағида, ежелден белгілі тәрбие
солай. Сіздер, заң қызметкерлері, «біз жазалаушы емеспіз, тәрбиешіміз»
деп сөйлегенде сағаттың бір бұрауы бітпей тоқтамайсыздар. Бір жағынан
тәрбиеші екендеріңіз рас та. Баласын бұрышқа тұрғызған ата-ана қайбір
жек көріп істейді?! Маған сол бұрыш, жаза жетпеді, иә, титтей де
көлгірлігім жоқ, шын пікірім. Қазір мен ересек адаммын, ал қоғам үшін әлі
нәресте болуым кәдік. Сәби, мәселен, Сіздің ақ көйлегіңізге сия төкті, со
бойда тәртіпке алмасаңыз екі минуттан кейін ұмытып кетпей ме? Екі
сағаттан соң еткен шараңыздан не пайда?! Тіпті, ол не үшін бұрышқа
тұрғанын да түсінбей дал болмай ма!
«Енді не бетіммен тірі жүрем, елдің көзіне қалай көрінем?!» Ең соңғы
тірегімнің қабіріне топырақ салғанда осылай күйзеліп ем. Сөйтсем, бекер
екен, бетке қарау былай тұрсын, белге шықтым, түк болмағандай, жұртты
тағы да кінәлап, тағы да өкпелей жөнелдім. Бірте-бірте өткеннің ойға
оралуы сирей түсті. Рухтың осалдығы ма, өзімнің бұ жағдайымды –
ұмытшақтығымды да апарып әлгі пендешіліктің резина қабына сиғыздым.
Бақытсыз адамды жұрттың қуып жүріп аяйтын әдеті ғой, көз таныстар
мені аяған сайын аянбай іштім. Қырда аздаған малымыз бар-ды, бас-аяғы
бір жыл ішінде тізімдегі саны ғана қалды. Содан... бір айықсам үйленіп
аппын. Келіншегім ажарлы, бойшаң кісі еді, секіріп ұрмасам құлақ-
шекесіне қолым жетпейтін. Кейін еріне жұдырық жұмсайтын әйелдерді
білгенде иманым ұшты: анау мені бір қойса... тұратын шама қайда!
Бишара, сонша ірілігі, ақ пейілділігіне қарамай, аса ибалы, тәрбиелі
жанды. Мен ішіп келгенде бұрышқа қашатын, екі алақанымен жүзін
көлегейлегенде саусақтарының арасынан жасты, жалынышты жанары
жасқана жаутаңдайтын. Со бір бейнесі көз алдымнан әлі өшпейді, әлі күнге
көзге, әйел көзіне назарым түссе ішім ылжырап кетеді. Ал онда жарымның
түйедей боп сарышұнақтай менен сонша үрейленгенінің өзі жасанды,
содан да ерсі, өтірік көрініп, қараптан-қарап ызама тиетін.
Жанжал басына бір арыздан жазып, жұмыс орыныма үкітіп отырса
қайтер ем? Онда да ренжір едім ғой? Асылы, жақсылық-ты білмейтін
адамға жасау – обал секілді. Иә, жақсылыққа обал, шошқаға бал берген
сынды. Менің де со бір еті адал, өзі арам бақытсыздау жануардан
айырмам шамалы-тын. Адам деген иттің көкірегінде шек бар ма, кісі
жаман болған сайын тәкаппар ғой, мен де әлдеқандайтынмын. Сүрініп
келген сайын иіс су шылап жуған көйлек-көншегімді киіп ап кеуде керіп
шыға келем.

ІІІ

Сонымен, о сорлыны, әйелімді айтам, баласын құшақтатып қуып
шығардым. Айтпақшы кетіп бара жатқанда «мә, мынаны