Жақсы десе – жылынып жүрек жібіп,
жаман десе – жұлынып бірер жігіт,
мінімізді өзіміз мойындаған
өзге біреу көрсетсе – ренжідік.

Ақтарыла қап кейде қақырап кеп,
сындық кейде шөлмектей шатынап кеп.
Ақымақтық жасаппыз алпыс түрлі,
көрінбейік дегенде ақымақ боп.

Бәрі жора бұлданбақ, ісінбекке,
айқай салдық бізді жөн түсін деп те.
Адалдықтан тайқыппыз кейде өзіміз,
арам болып көрінбеу үшін көпке.

Жігіт атын тұтқанмен көрпе қылып,
асы біткен аяқтай төңкеріліп,
қызартыпты бет-жүзді бояудай ғып,
нені мықтап жасырсақ – сол көрініп.

Жақсылығың не керек бір жанбасаң,
жамандығың не керек бір жанбасаң,
жамандығың үшін бір жасымасаң,
жақсылығың үшін бір бұлданбасаң?!

1967, 1982