Қараң-құраң бұталардың арасы,
әлдебіреу жүрген жоқ па, қарашы?
Маңай жұмбақ, бір құпия іс бардай,
қазір біреу етегіңнен ұстардай.

Тағы да ұрлап әлденені, тағы алдап
тағы біреу жүрген сын-ды қараңдап.
Шегіртке үні, сыбдыр-сыры қияқтың
көлеңке боп жортып жүрген сияқты.

Маңай тымық... бар есімде қалғаны:
нанның иісі шығып еді сонда бір,
Түннен қалған сорпа құсап баттасқан
жұлдыздары кілкіп шығып жатты аспан.

Дәл осындай елең-алаң бір шақта
жылады апам көзден жасы бұршақтап:
қой ұрланды...
              желімізді кескен ең,
содан бері, ымырт, сенен сескенем.

1978, 1982