Бір жақсы жыр оқышы жатқа, бұлақ,
Сарышымшық, сен де шырқа ақпа-құлақ,
Тоқылдақ, таңдайыңды қақпа бірақ.
Оятшы шыңдарды анау, бала бүркіт,
Бір тоқты қозы тапсын қара кірпік –
толғатып жусан тушы, дала, бір түп.
Көп еді-ау ішіңде де ала-құлаң,
Сауысқан, салар ма едің жаңа бір ән?
Кенеп ал тамағыңды сен де, қарға,
Тоты құс, кербез едің – таранып ал.
Күн көзі жалт етіп бір қарағанда-ақ
жанып кетті гүл болып қара қаңбақ.
Шаңқ етті бала бүркіт,
Сонда Алатау
Желіп кетті өркеші ағараңдап.
Күлдірді ақ бұлақты қытықтап нұр,
Тастың-дағы сабыры бітіп қап тұр...
Үндемейін, деп ем мен, үндемейін –
бүлкілдеп бара жатыр тіл-көмейім:
судың жырын жырлайын күмбір етіп,
гүлдің жырын жырлайын үлбіретіп,
Жалғыз сәтке тым құрса, уа, табиғат,
Қондыр мені бұтаңа бұлбұл етіп!

1980