Тағдырдың да құдайдың
тек сен үшін шығарған сол «қаулысы»:
балаң – ерке,
күйеуің – жалқау кісі.
Бірін сыйлап,
біріне төзуменен
біраз жерге кеп қапсың, байқаймысың.

Менің қамым – әйтеуір балаң қамы;
мен де қамыңды іздеп ем – таба алмадым:
Қара қасың мақтадым – сыланғаның,
қара шашың мақтадым – таранғаның
таздың таранғанындай – неге күлдің?
Бар құрметім: өзіңе сене білдім.
Экраның – бір менің қас-қабағым,
театрың – күлкісі бөбегіңнің.

Басқа қыздар бұрымын түтеді кеп,
модалардың кезегін күтеді кеп.
Ал, сен жүрсің ас үй боп –
«шаштаразың», ательең –
азық-түлік дүкені боп.

Кимедің сен дүкеннің тар етегін,
білмедің сен, білмеген – кәрі етеді.
Соның үшін ырзамын:
білмедің сен
менен басқа мықты ақын бар екенін.

1967, 1982