Солай, достым, кәріміз ғой қашаннан –
Он бес жаста Кошевойдың шашы ағарған деседі...
Төрт жаста біз жетім болдық аяулы,
Сегіз жаста колхозшы боп,
Күннен бұрын ояндық;
Он сегізде әке болдық қой бағар,
Жиырма бесте он жылдықты бітірдік,
Институтқа енді түсу – ойда бар.
Біз осындай адамдармыз, ағайын,
Отыздамыз дәл бүгін.
Бірге ауырды жанымыз –
Доктор қазып шығарса
Денелерден бомбалардың қалдығын.
Сонда сынған қабырғамыз біздің де –
Сырқырайды әлі күн.
Сонда өртенген ормандар
Әлі бізден жасырады жалынын.
Көрген жоқпыз бас қамдап,
Оқ жоғалса – жүректерден шығады.
Сонда оқ тиген жас солдат
Құлай алмай тұр әлі.
Сонда атылған жалғыз оқ
Келе жатыр әлі ұшып,
Уақытпен алысып
Уақытпен жарысып –
Сонау баста осы оқпен
Ойнап атқан адамды іздеп келеді ол,
Іздейді ол космостан, төсектен,
Әрбір жапа шеккеп кекті денеден.
Сол оқты атқан адамның
Табылары маған хақ.
Оқ – әлемдік құныкерді тауып ап
Маңдайына мықтап тұрып қадалмақ...
Жасалмасын қиянат,
Отыз жаста қартаймасын деп адам,
Денелерге осколка емес,
Жылы шуақ ұялап,
Қайғы атаулы жоғалсын деп санадан,
Мылтығымызды оқтап қойып жауға атар,
Көгершінді асыраймыз мәпелеп –
Мұның бәрін ойлаймыз біз – қайда апар,
Отыз жаста бір яслиге әке боп.

1965