...Кірпік – жебе,
қасын ол садақ қылып,
ататұғын көз оғын қадап тұрып,
жігіттерді ыза ғып,
келетұғын
ұнау үшін қыздарға сабақ біліп.

Елтіп ұғып алған жан, еріп оқып,
қалатұғын кей күндер «кері кетіп».
Бір сабақта қыздарға қалса ұнамай,
бәрін тастап кетердей көрінетін.

Пластинканың бейне бір ескі беті,
қыз деген сөз ызылдан естілетін.
Кербез жігіт жүретін секілді еді,
ұнау үшін қыздарға бес жыл оқып.

Оқитұғын,
           көнетін,
                   көз ілмейтін,
нені болсын аларда – өзім дейтін.
Ұнау үшін бәрі тек,
біреуді ол да
ұнататын «ыңғайы» сезілмейтін.

Ұнау – оңай жақсыға!
Туған, егер
бес жыл өтсе – біздің де қуған өнер.
Ал, кейде бір жақсыны тану үшін,
ғұмыр бойы оқуға тура келер.

1967, 1982