...Көгіс тартып тұр безеріп қыр үсті,
қоя аурудан айықпаған баладай.
Кәрі шыңдар бір-біріне суысты,
бір суық леп кезіп жүрді жағалай.

Тау әжімі терең тартып барады,
бір қаталдық тұрды жұртқа білінбей.
Сайдың бетін жеңіл мұнар жабады,
жеңіл мұнар жасыл көлдің түбіндей.

Мұнартты тау
қалжырады-ау ол анық,
тастады ма таскөмір-бұлт жаныштап?
Аспан, міне, келді жерге таянып,
шың барады бірте-бірте алыстап.

Алыстағы трактордың гүрілі
тауға соғып, жаңғырыға кұлады.
Түсті иыққа Алатаудың бұрымы,
сыңғыр етті ақ бұлақтың құлағы...

1963, 1982.