Көк долы жел тұрды:
көк таудың басына
көк бұлтты келтірді.
Көк бұлттан – көк нөсер,
көк нөсер көл-көсір.
Қол шатыр алмаппыз –
сен де есер,
мен де есер.
Көк от кеп аспаннан
түсті бір жас талға:
бас қамда, бас қамда!
Сен маған тығылдың
жасыннан қашқанда.
Көзіңнен жас парлап
кетті ме, қасқалдақ?

Құдайды паналар
Сайтан да сасқанда.
Көк бұлттар билеп бір
көк тауды сүйреп тұр.
Күй кетті,
күй кетті:
мойыннан су кетті,
самайдан су кетті...
Нөсер мен жел егіз –
айрылысар демеңіз.
Егіз боп денеміз
тумадық неге біз?
Су жапырақ ұшып кеп
бетке ұрды үсіктей.
Қыңсылап келеміз
жаралы күшіктей.

1983