Дүниеде «тозды» деген сөз қиын –
айтпас едім:
әттең, менің тозды үйім.
Аттап қалсаң – батқан сынды дүр салмақ,
еден-тақтай қиналады ырсаңдап.

Ей, қызыл тіл, аңдап-аңдап сөйлеші,
үй ескірсе – ескі жырдың бейнесі.
Бір ескілік сезінемін.
Өзім де
ескі кісі секілденем кейде осы:

талай сырым бітті ескіріп ішімде,
бітпей жатып ескірді көп ісім де.
Осыдан-ақ шығар:
күпі киіп мен,
түйе мініп жүрем ылғи түсімде.

1978