Ол күндері жап-жасыл ем, жас ем мен,
Секілді едім Алматының көктемі.
Ақылыма алғаш тиген әсерден
Жүрек байғұс жарылып-ақ кетпеді.
Қуанып па ем сол күні мен? Білмеймін,
Өкіндім бе? Есімде жоқ о-дағы.
Әйтеуір тек... сол жоғалған күндей бір
Әлденелер еске түскен болады.
Нені ұмыттым? Ұмыт болдым ба әлде өзім?
Неткен бақыт – ұмыта алсаң өзіңді.
Енді бүгін... оятады әлдекім
Сол күндері оянбаған сезімді:
Махаббат бар – бәрі қызық, бәрі бақ,
Бәрін, бәрін ойлаймын мен қызарып...
Өңменіңді өкінішпен қарып ап,
Үмітімен үрлейді өмір ыза ғып.
Көзім кейде гүлден өзге көрмеді,
Бір ыстық леп шарпып өтті бетімді...
Бұл күндердің маған арнап бергені –
Сол күндерден алмағаным секілді...

1965