Ақтарылып алайын, ақтарылып,
қиял деген бір жүйрік атқа мініп.
Оқып жатқан әзірге сен емессің,
сен емессің бәрібір жатқан ұғып.

Ақтарылып алайын, ақтарылып,
сен жоқсың ғой бәрібір жатқан ұғып.
Жырдың добын тебейін зырқыратып,
оқушының көңілін қақпа қылып.

Қатал уақыт-таразы,
                             төтелетіп
сол добымды тебемін көтере тік:
бәлкім біреу байқамай ұғып қалар,
бәлкім бір доп аңдаусыз кетер өтіп?!

1969, 1982