Батылдау сал айырыңды, сал былай:
копаң етіп көтерілсін шөмеле.
Көлеңкеңнен қимылыңды аңдымай
бер еркіңді мынау шымыр денеге!!
Пай-пай-пай-пай!
Білек қандай!
білекті
таудың күні бір-ақ сүйіп түлетті.
Мұрын анау... мұрын «құртты» бетіңді –
аршылмаған картопия секілді...
Тер шыққанда сайтан дарып бойға нақ
шөмелені жөнелесің ойнап ап.
Тек қиқым-шөп құйылғанда мойынға
айыр беру – ұқсамайды ойынға.
Шөп сылдыры, айырлардың сумаңы...
бұдан өзге көріністі көкжиек те тумады.
Айыр, айыр...
жылт-жылт етіп көтерілді төрт жұлдыз,
бір айырдың төрт жұлдыз – төрт бұтағы,
Ол көтерсе бір айыр шөп жоғары,
күллі аспанды көтергендей болады...
 

1963, 1982