Көкжиек кең. Көңіл жомарт – береке,
Аспан асты – тұнық ауа, тұнық үн.
Кемсең қағып киіп жатты кәрі әке
Киімдерін қайтпай қалған ұлының.
Түтін исі. Сұр шинель мен кирзі етік,
Қайыс белбеу қалыңдығы – төрт елі,
Кей көңілді қуанышпен тербетіп,
Кей өзекті аяусыз-ақ өртеді.
 

Ақ жаулық пен ақ самайлар өтті алдан
От ішінен аман шыққан мақтадай.
Барлық бала бес-алтыға кеп қалған,
Олар-дағы қарттардай.
Мықтап ұстар бір күдіктің ұшынан
Одан кіші бала көрсе ел тегі.
Екі-үш жасар бір сәбидің тұсынан
Екі-үш кемпір бетін шымшып өтеді.
 

Кемпірлерде шаруамыз не біздің,
Сол бір сәби байғұстарға биіксіп,
Мүйізіне маубас қызыл өгіздің
Тағып едік қып-қызыл бір қиық шыт...
Жеңіс аты – қызыл жалау... нан деген
Сәби ойы – айта алмайсыз бекер деп.
Енді ойлаймыз: Жеңіс –  тамшы қан менен
Өз күшіңе мықтап сену екен деп.

1965